Ещё один сайт на WordPress

ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕ ПЕДАГОГ КАДРЛАРДЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

0

Биыл білім саласына ерекше екпін түсіріліп, ауқымды өзгерістер орын алды. Әсіресе салаға серпін беретін ілкімді істер қолға алынып, жүйелі реформалар жалғасын табуда. Санаулы күндерден соң ағымдағы оқу жылы да аяқталады. Осыған орай Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжаровамен сұхбаттасқан едік.

– Раушан Пернешқызы, Жамбыл облысында 2 жыл ішінде 13 «жайлы мектеп» салынатыны белгілі болды. Оның ішінде Тараз қаласы да бар. Бұл мектептердің қазіргі білім ордаларынан айырмашылығы қандай болмақ?
– Жалпы «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасының мақсаты – орта білім беру ұйымдарында авариялық объектілерді, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Сіздің сұрағыңызға келсек, Тараз қаласында аталған жоба бойынша «Ұлы дала» мөлтек ауданынан 1200 және 2000 орынды, «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 1200 және «Шөлдала» алқабында 600 орынды, жалпы 2026 жылға дейін 4 мектеп 5000 оқушы орнын пайдалануға беру жоспарланған. Осы орайда айта кетерлігі, «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысына сәйкес төмендегідей мүмкіндіктерге қол жеткізу жоспарланып отыр. Айталық, ұлттық жоба шеңберінде білім алушылар мен педагогтер үшін жайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады. Жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с интернет желісіне қол жеткізуді, педагогтердің жалпы санының 30 пайызынан кем емес көлемде мұғалімдер бөлмесі, рекреациялар, кітапханалар және өзге де орындарда орналасқан педагогтер үшін жабдықталған жұмыс орындарын, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мектеп кеңістігін бейімдеуді қамтамасыз ететін бірыңғай стандартты қолдану көзделуде. Сондай-ақ оқу процесін ұйымдастыру және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының күтілетін нәтижелеріне қол жеткізу үшін оқу зертханалары, компьютерлік сыныптары бар физика, химия, биология кабинеттері, Интеллектум кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника және т.б. ашылады. Әрбір кабинет кем дегенде бір компьютермен, TOUCH/LED -экранмен, заманауи құралдармен жабдықталады.
Мектептерде бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер үшін түскі ас ішетін немесе буфет залдары бар асханалар (асханаларда қайтадан пайдаланатын тамақ тасуға арналған табақтар /ланч-бокстар көзделеді), спорт залдары (жекелеген блоктарда мектепалды даярлық сыныбы мен 1 – 4-сыныптар, 5 – 11-сыныптар үшін спорт залдарының саны Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес есептеледі) орналасқан жекелеген блоктар болады. Әрбір білім алушы үшін жеке шкафтар, мобильді трансформер парталар әрбір қабатта «ауыз су бұрқағын» да орнату көзделген.
Сонымен қатар мұндай мектептің барлық үй-жайлары мен жиһаздары ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіктеріне сәйкес келетін эргономика талаптарына сай ұйымдастырылады және жабдықталады, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасына сәйкес басым түрде отандық өндірістің бәсекеге қабілетті және сапалы тауарларымен жарақтандырылады. Оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, сондай-ақ кітап қоймасы мен оқу залы, медиатекасы, электронды кітапханасы бар кітапхана, әрбір қабатта оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлмелері көзделген. Еңбекке баулуды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін тиісті жабдықтары бар әмбебап шеберханалар мен студиялар, алғашқы кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер (тігінші, аспазшы, IT, ағаш шебері және басқалар) көзделген. Білім ордаларында «әмбебап дизайн» және «ақылға қонымды бейімделу» қағидатын ескере отырып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасалады. Оқу ордаларының аумағында көлеңкелі шатырлары мен шағын архитектуралық нысандары бар тыныш демалуға арналған алаңқайды, көше коворкингін, тартанмен қапталған көпфункционалды алаңқайды (волейбол, баскетбол, футбол, теннис корты, жүгіру жолы), оның ішінде бастауыш сыныптар блогының жанында орналасқан ашық ойындарға арналған аймақтарды, жасыл желектерді орналастыру көзделеді.
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте сөйлеген сөзінде педагогтердің кадрлық резервін жасақтауды тапсырды. Жалпы Тараз қаласында мұғалімдер тапшылығы қалай шешілуде? Бүгінде қала мектептерінде қанша педагог жетіспейді?
– 2022-2023 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептерде 7014, бөбекжай-бақшаларда 2416 педагог қызмет атқарады. Қазіргі таңда Тараз қаласына қарасты білім беру ұйымдарында педагог кадрлардың жетіспеушілігі жоқ. Ал білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жүрген тәжірибелі мектеп директорының орынбасарлары қатарынан мектеп директоры лауазымына резерв жасақталған. Осылайша қаладағы 61 мектеп директорының басым бөлігі резервтегі орынбасарлар қатарынан конкурстық негізде тағайындалып жатыр. 2022-2023 оқу жылында тағайындалған 5 мектептің директоры резервте тұрған орынбасарлар.
– Сондай-ақ, Президент қыркүйек айындағы Жолдауында балабақша тәрбиеші-
лерінің жүктемесін азайтып, еңбекақысын арттыруды тапсырған болатын. Бұл Таразда қаншалықты іске асырылуда?
– Президент 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағдарында балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін, оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керектігін айтып, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптарды бекітуге, олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтуды тапсырған еді. Соған орай 2023 жылы 1 қаңтардан бастап «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы негізінде балабақша тәрбиешілерінің еңбекақылары 25 пайызға артты.
– Петропавлдағы оқыс оқиғадан соң мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне жаппай тексеріс жүргізілуде. Соған орай қала бойынша қанша мектепте мектеп инспекторы бар, қанша мектеп бейнебақылау камераларымен жабдықталған, қаншауы жедел басқару орталығына, жедел күзет қызметіне қосылған? Сондай-ақ қанша оқу ошағында турникет орнатылған?
– Бала қауіпсіздігі – біз үшін қашанда маңыз-ды. Сондықтан білім беру ұйымдарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Барлық мектептер мен балабақшаларда ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары орнатылып, бейнекамералар полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған.
Қазіргі таңда 15 мектепке турникеттер орнатылған. Ағымдағы жылы қалған 45 мектепке 46 дана турникет орнату жоспарланып отыр. Яғни, 2023 жылы 60 мектеп толық турникетпен қамтамасыз етіледі деп көзделуде. Сонымен қатар мектептердің барлығында дабыл түймесі орнатылып, мамандандырылған күзет қызметтері жұмыс жүргізуде. Жаңадан ашылған мектептерге де қауіпсіздік шаралары қарастырылуда. Жалпы оқу ордаларын «мамандандырылған күзет» қызметімен қамтамасыз ету (лицензированная охрана) 2022 жылдан бері жүзеге асырылуда.
– Осыдан шамалы уақыт бұрын қала мектептерінде құқықбұзушылықтың өскендігі туралы айтылды. Бұл бағытта бүгінде қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Тараз қаласының білім бөлімі тарапынан білім мекемелерінде құқық бұзушылықтың алдын алу мен өткен жылы орын алған қылмыстар санының күрт өсуіне байланысты бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, «Тараз – қауіпсіз қала», «Бала бақылауда», «Қиын жасөспірім – қиын ба?», «Жайсыз отбасыларды әлеуметтендіру қадамдары туралы» сынды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнде білім беру ұйымдарында прокуратура қызметкерлері жетекшілік ететін мобильдік топ, сонымен қатар әкелер, әжелер, аналар кеңестері мен медиация бөлмелері қарқынды жұмыс жасап отыр. Сонымен қатар, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы, Өзін-өзі басқару мектеп парламенті, балалардың құқықтары мен мұддесін қорғайтын «Бала өкілі», пікір сайысшылар, «Адал ұрпақ» «Қыз Жібек» клубтары бар. Сондай-ақ, «Жас сарбаз», «Жас құтқарушылар» мен «Еріктілер тобы» құрылған.
Мектептерде бала тәрбиесімен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, психологтар, тәлімгерлер және сынып жетекшілер айналысуда. Айталық, оқу жылы барысында білім алушылардың әлеуметтік, отбасылық жағдайына қатысты паспорт әзірленеді. Соның бір тармағы оқушы тәрбиеленетін отбасын санатқа қою. Мысалы – жайсыз, шырқы бұзылған жанұя. Оқушылардың үй-тұрмыстық жағдайлары тексеріліп, жалпы оқыту қорынан қарастырылған көмек түрлерімен және бір мезгіл тегін ыстық тамақпен мектептерде қамтылып отыр.
Бұған қоса 2022-2023 оқу жылынан бастап жоба ретінде Бала өкілдері жұмысын күшейтіп, олармен жүргізілетін шараларды жандандырып келеміз. Осы жылы, балалардың құқықтары мен мұддесін қорғайтын Бала өкілдері барлық мектепте сайланды. Олармен ашық алаң, дебат, пікір білдіру және «Маған көмек қажет» тақырыбында дөңгелек үстел, қаланың тарихи-мәдени жерлеріне саяхат ұйымдастырылды. Ендігі кезекте, пікір талас, дөңгелек үстел, бала көзімен қиындықты шешу жөнінде бейне ролик түсіру, т.б. іс-шараларды сәуір-мамыр айларында өткізу жоспарланып отыр.
Қосымша білім беру ұйымдарында тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында ауқымды істер атқарылды. Атап айтсақ, отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайту, білім беру ұйымдары мен ата-аналар комитеттерінің тәрбие бағытындағы өзара іс-қимылының үздік тәжірибелерін анықтау үшін «Мектептің үздік ата-аналар комитеті» байқауы, «Жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу және құқықтық тәрбие» бағыты бойынша үздік тәрбиелік сынып сағаттары, Әкелер кеңесінің жұмыс жоспарына сәйкес қала мектептерінде тәртібі қиын оқушылармен әке, бала, ұстаздар арасында спорттық турнирлер, қала көлемінде Әкелер форумы өтті. Сонымен қатар, 9-11 сыныптармен әскери патриоттық білімдерін көтеру тарихи-рухани сауаттылығын арттыру мақсатында ардагерлермен тәрбиелік бағыттағы кездесулер, дәрістері ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, нашақорлық пен есірткіге, темекі мен адам денсаулығына зиян әкелетін синтетикалық, алкогольдік т.б. өнімдерді пайдалануын алдын алу бойынша 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, қаңтар-ақпан айларында науқан іс-шараларымен жалғасуда. Осы жұмыстардың барлығы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға септігін тигізер деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қ.Аманкелдіұлы,
журналист,
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.