БАЛА ОТБАСЫНДА НЕ КӨРСЕ СОНЫ ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАДА ҚАЙТАЛАЙДЫ
Былтыр облыстарда бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл қызметі енгізілген болатын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, балғындарды озбырлықтан қорғауда бұл қызметтің маңызы зор болады деп күтілуде. Осыған орай таяуда облысымыздағы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Дәурен Бағжановпен сұхбаттасқан едік.
– Дәурен Орайұлы, жуырда ғана енгізілген бұл лауазымның негізгі мақсат-міндеті, функционалдық қызметі қандай? Әуелі сол жөнінде кеңінен айтып өтсеңіз…
– Мен Жамбыл облысы әкімінің өкімімен 2022 жылдың 18-шілдесінен бастап облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі — балалар құқығы мәселелері бойынша өңірлік уәкіл болып тағайындалдым. Қоғамдық негіздегі қызметім – балалардың құқықтары мен заңды мүдделері бойынша берілетін мемлекеттік кепілдемелерді қамтамасыз ету, мемлекеттік атқарушы және уәкілетті органдардың, білім беру және осы мәселеге қатысы бар жеке және заңды тұлғалардың аталған кепілдемелерді қалай орындап жатқанын бақылауда ұстау. Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысына тұрақты қатысамын. Сонымен бірге «Үміт» балалар үйі, Қ.Сарымолдаев атындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар орталығы, «Ана үйі», аутизмге душар болған балаларға арналған «Асыл мирас» орталығы, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасына қарасты арнайы мекемелермен тығыз байланыстамын. Бұл мекемелердің жұмысымен танысу барысында балаларды оқыту, тамақтандыру, дендерін сауықтыру және де баспана жайларын зерделедім. Сонда тұрып жатқан балалармен жеке әңгімелесіп, жай-күйлерін анықтап, мекеме басшыларымен де проблемалары турасында ашық айттық. Нәтижесінде балалар әкімшілік тарапынан ешқандай қысым көрмейтінін, тұрып жатқан жерлері, тамақтандыру бойынша арыз-шағымдарының жоқ екенін айтты. Осы орайда айта кететін жайт, осы барғанымда арнайы мектептің әкімшілігімен бірігіп жаңа жобаны қолға алдық. Ендігі жерде арнайы мектептің тәрбиеленушілері төсек жапқыштарын тігіп, оны мұқтаж отбасыларға қайырымдылық ретінде сыйға ұсынатын болды. Сырттан демеушілер тарту арқылы оларға қажетті заттарын алып бердік.
– Облысымызда балалардың құқығы мен еркіндігі қаншалықты қорғалуда?
– Өткен айда балалар құқығының қорғалуы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу мақсатында облыстың барлық аудандарын аралап шықтым. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі жергілікті комиссиялар, қамқоршылық кеңестер, ювеналды полиция, аудандық білім бөлімдері, жастар, денсаулық орталықтарының жұмыстарымен таныстым. Іссапардан келе сала, жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарында орын алған олқылықтар мен шешілуі тиіс проблемаларды облыс әкімінің назарына жеткіздім. Мәселен, аудандардың бірінде оқушылардың сабақтан тыс үйірмелерге баруы үшін қоғамдық көліктердің қозғалыс графигін ретке келтірдік. Байзақ ауданы әкімдігі кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссиясының қарауындағы мәселе бойынша екі жеткіншектің диагноздарын анықтауға, артынан оларды психикалық орталықтың балалар бөліміне орналастыруға қол ұшын бердім. Сондай-ақ, азаматтарды қоғамдық қабылдау кезінде де бірнеше мәселелердің оң шешім табуына ықпал еттім. Ата-аналар кейде балаларының мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі, болмаса, мүгедектік туралы шығарылған шешімнің әділетсіздігі туралы шағымданса, кейде өздері балаларының құқықтарын шектеп жатады. Мұндай жағдай Тараз қаласындағы №49 орта мектепте болды, бұл мәселе қазір комиссия қарауына жіберілді.
– Соңғы кездері облысымызда суицид жасаған жасөспірімдердің қатары көбейіп барады. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен балалар аз емес. Бүгінде қоғамның дертіне айналған осы екі мәселеге қалай тосқауыл қоямыз?
– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала, ең алдымен отбасында не көріп, нені бойына сіңірсе, соны әлеуметтік ортада қайталайды. Бұл жерде қандай мәселе туындаса да, жанұясынан іздеуіміз керек. Ата-анасының өмір сүру дағдылары, олардан ала алмаған мейірім мен қамқорлық, керісінше шектен тыс әлпештеу, авторитарлық қатынас пен түрлі себептер тәрбиеде теріс салдарларға әкелуі мүмкін. Әрине жасөспірімдердің қалыптасуында сыртқы факторлардың әсері де бар. Дегенмен отбасы – бәрінің негізі. Социум мен қоршаған ортасы оны еріксіз таңдалған жолға тек итермелейді. Неге олай десеңіз, айтайын. Мәселен, құндылықтары орныққан, бір-бірімен қарым-қатынасы дұрыс отбасынан шыққан бала агрессияға иық бермейді, ал құндылықтары құлдырап, бір-бірімен сөйлесуден қалған жанұяның перзенті өмірге өкпелеп, ашынып, ашуға бейім тұрады. Тұлға ретінде қалыптасудың негіздерін отының басында бойына сіңірген соң, әлеуметпен араласқанда өз мазмұнына сәйкес дүниені таңдайды. Сондықтан да біз бәріміз қазіргі қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға мүдделі болуымыз керек. Сол кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, буллинг, жасы кәмелетке толмаған арасындағы құқықбұзушылық деген проблемаларды білмейтін боламыз.
Ең алдымен, біз облысымыздағы балалар үйі, бейімдеу орталықтары мен арнайы мектептер балалардың ата-аналарынан ала алмаған жоқтың орнын толтыру үшін, оларға көмек беру үшін ашылған мекемелер екенін түсіне білуге тиіспіз. Егер жас өрен балалар үйінде болса, мемлекет заңды тұлға ретінде оның тәрбиелі, білімді болып, денінің сау, таза және жайлы жерде тұруын қамтамасыз етеді. Егер бала өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға арналған бейімдеу орталығында болса, мемлекет оның құқықтарын сақтай отырып, осы жағдайдан шығуға қол ұшын береді. Ал егер бала құқық бұзып, жолдан тайып қылмысқа барса, сол себепті арнайы мектепке жіберілсе, мемлекетоған қатысты тәрбиелеудің белгілі бір әдістерін қолдана отырып, баланың құқықтарын шектемей, бар мүмкіндіктерді беруге тиісті. Қорыта келе айтар болсам, бұл мекемелерді мемлекет белгілі бір санаттағы балаларды қорғау үшін құрып отыр. Ал онда жұмыс істейтін қызметкерлер міндетіне адал ма? Бұл мәселе құқық қорғау органдарының да, қоғамдық ұйымдардың да жіті бақылауында. Мен де өз тарапымнан бұл орталықтармен тығыз байланыста жүмыс істеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.