Ещё один сайт на WordPress

ШАЙМЕТОВ АРЫСЛАНБЕК

0

Облыстық педагогикалық антология

Ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлетін…

Шайметов Арысланбек Болатханұлы 1959 жылы наурыз айының 10-ы күні Жамбыл облысы Меркі ауданы, Тоқташ ауылында (қазіргіАқ жол) дүниеге келген.
1979 жылы Жамбыл облыстық Педагогика институтының «физика-математика» мамандығы бойынша жоғары білім алып, алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысы Тараз қаласындағы №25 қазақ орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Сонымен бірге, мектеп жанындағы интернаттың меңгерушісі болып тәрбие ісін қатар алып жүрді. Ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттерімен көзге түсіп, Жамбыл облыстық комсомол комитетіне сайланды. Облкомда комсомолдық ұйымдар бөлімінің инструкторы, араға екі жыл салып сектор меңгерушісі болып қызметке тағайындалды.
1990 жылдан бастап Меркі аудандық халықтық депутаттар Кеңесі президиумының аппаратында бас кеңесші болып партиялық қызметін жалғастырды. Партиялық қызметте адал еңбегімен ерекше көзге түсіп, марапаттарға ие болды.
1991 жылы еліміздің Тәуелсіздігі қарсаңында, жаппай қазақ тілінде білім беру тапсырмасы аясында Меркі ауданы №4 орта мектебінің директоры болып, қазақ сыныптарының қалыптасуына, мәртебесін көтеруге үлес қосқан жанашырлардың алғашқыларының бірі болды. Өзінің ағартушылық-басқарушылық қызметінде әділдікті, қатаң тәртіпті, іскерлік пен біліктілікті қатар ұстанған азамат. Басшылық еткен жылдары мектеп ұжымы мен оқушылары белсенділік танытып қоғамдық жұмыстарға атсалысып, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып талантты жастардың қабілеттерін көтермелеп, қолдап жүрді.
1996 жылдан бастап Тараз қаласының №30 қазақ орта мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Қызмет атқарған жылдардың ішінде өзінің біліктілігі мен іскерлік қасиеттерінің арқасында мектеп ұжымы мен оқушылары бірнеше рет түрлі қоғамдық, білім, ғылым және өнер саласындағы конкурстарда мектептің абыройын қорғап, жүлделі орындарды иеленіп жүрді.
Басқарған ұжымына сіңген ерең еңбегінің арқасында мектеп оқушылары бірнеше рет республикалық, аудандық, қалалық олимпиадалардың жеңімпаздары болды.
2002 жылдан бастап мемлекеттік істерге араласты, Жамбыл облысы әкімдігінің спорт және туризм басқармасының бас маманы лауазымын абыроймен атқарды.
2008 жылдары «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының есеп және статистика секторының және партиялық ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс отырыстарын ұйымдастыруға етене араласып, еліміздің саяси реформаларын жақсартуда өз үлесін қосты.
Арысланбек Болатханұлы кадр таңдауда жас мамандарды мұғалімдікке баулуда барын салды. Әлемді сұлулық құшағына бөлеуді ұнататын жан еді. Ой-өрісінің кеңдігі сонша, жас мамандарға үнемі қолдау жасаудан талмайтын жан екенін бейнесінен байқауға болатын. Барған жерінде жақсы мұғалім іздейтін. Тапқан мұғалімдеріне жағдай жасап отырушы еді. Соның бәрі жас ұрпаққа жақсы білім мен тәрбие берудің қамы екен.
Үнемі басшылық қызметте болған Арысланбек Болатханұлы жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлетін еді. Әсіресе, аралас мектепті таза қазақ мектебі болып ашылуы үшін еш аянбай еңбек етті. Сондай қиын-қыстау кезеңде жоқтан бар жасауға өз үлесін молынан қосты. Арысланбек Болатханұлы осындай сын сағаттарда сүрінбей өтуге тырысқан азамат.
Өкінішке орай, жауапкершілік пен ауыр өмір жүрегіне жүк түсірді ме, өмірден ертерек озды. Арысланбек Болатханұлы 2014 жылы 55 жасында ойламаған жерден осы өмірмен қоштаса барды. Оның ұрпақтары, ісін жалғастырушы шәкірттері барда есімі жадымызда мәңгі сақталады.
25 жылдық жұмыс өтілі ішінде ағартушылық-басшылық, мемлекеттік және партиялық қызметтерінде сыйлы, бағалы маман болған.
Бүгінгі күні артында қалған екі ұл, екі қызы атын өшірмей әке ізін жалғастырып келеді. Ұлдарының бірі қызмет баспалдағын Жамбыл қалалық әкімдігінен бастаса, қызы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінде бас маман қызметін атқаруда.

ТАРАЗ қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.