Ещё один сайт на WordPress

«КӨРКЕМ ЕҢБЕКТІҢ» КЕМШІН ТҰСЫ

0

Әке көргендер тон пішіп, шеше көргендер оқ жона ма?

Бүгінгі ғаламдағы игіліктің бәріне адамзат тек еңбек пен ақылдың арқасында ғана қол жеткізді. Сол үшін де болар бабаларымыз: «Еңбек етсең емерсің» деп тағылымды тәмсіл қалдырған. Баланы, әсіресе мектеп жасындағы оқушыларды, еңбекке баулу қашанда кезек күттірмейтін міндет екені айдан анық. Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндері біріктіріліп, ол «Көркем еңбек» пәні ретінде оқытылуда. Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы №182 бұйрығына сәйкес қалалық білім беру ұйымдарындағы сыныптарда бала саны – 24 және одан артық, ауылдық мектептерде білім алушылар саны – 20 және одан көп болған кезде «көркем еңбек» пәні екі топқа бөлініп оқытылады. Яғни, осы пән кезінде бала саны аз сыныптарда ұлдар да қыздар да бірге білім алмақ. Бұл шешім пәннің сапасына қаншалықты әсер етуде? Бұған мамандардың көзқарасы қандай?

Тәжірибелі ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Медеубек Тәңірбергенов-
тің пікірінше, ешбір жоғары оқу орнында «Көркем еңбек» мамандарын дайындамайды. «Технология» және «Бейнелеу» өнері пәндерін 2-3 жылдан бері біріктіріп, «Көркем еңбек» деп оқытуда. Бірақ, осы орайда бір мәселе туындайды. Біріншіден, ешбір жоғары оқу орнында «Көркем еңбек» мамандарын дайындамайды, әлі мамандық классификаторы да дайындалған жоқ. Екіншіден, қазіргі кезде мектептерде көркем еңбек пәнінен қай мамандық иесі сабақ беріп келеді? «Бейнелеу өнері және сызу» мұғалімі ме? Әлде «Технология» пәні мұғалімі сабақ бере ме? Үшіншіден, неге «Көркем еңбек» пәнін оқу үдерісіне енгізу барысында осы пәнді оқытатын мамандар дайындап алу қажеттігі қарастырылмаған? Төртіншіден, «Көркем еңбек» пәнінде берілген мәліметтерде өзімізге белгілі бейнелеу өнері салалары – графика, сәндік қол өнері, зергерлік өнер, кескіндеме, дизайн, мүсін т.б. жайындағы мәліметтерде Қазақстан бейнелеу өнері мәселелерін зерттеген ғалымдар, атақты қазақ суретшілерінің шығармалары жайында өте аз мағлұмат берілген. Тағы бір қоса кетерлігі, 5-сыныптың «Көркем еңбек» пәнінде оқыту қыздарға және ұлдарға деп бөлінген. Негізі бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрларын оқыту жыныс талғамайды. Осының өзі бейнелеу өнері мен көркем еңбектің айырмашылығын білдіреді», — дейді ғалым.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Айдар Күздеубаев:
— «Көркем еңбек» пәні оқушылардың білімін дамытуға және қоршаған әлемде өнерді, дизайн мен технологияны саналы қабылдауды қалыптастыруға, Қазақстан мен әлем халықтарының көркем-мәдени мұрасын зерделеуге, технологиялық дағдыларды, шығармашылық идеяларды өнер мен дизайнның мәнерлі құралдарымен жеткізу дағдыларын дамытуға, шығармашылық және сыни ойлауды дамытуға бағытталған. Жоғарыда аталған дағдылар қазіргі заманның адамына ең қажет десек те болады. Сондықтан, пәнді оқытудың маңыздылығы еш уақытта өзектілігін жоймайды. Ал ЖОО-да студенттерді мектептің «көркем еңбек», «графика және жобалау» пәндерін оқытуға даярлау үрдісі студенттердің алғашқы 1-2 курстарында арнайы пәндер бойынша көру, елестету, кеңістікті ойлау қабілеттерін қалыптастырып, дамытудан басталады. Аталған қабілеттермен қаруланған студенттер жоғары 3-4 курстарында «көркем еңбек», «графика және жобалау» пәндерін оқыту әдістемесімен танысып, мектептің оқу-тәрбие процесін зерттеумен айналыса бастайды. Зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтердің негізінде дипломдық жобаларын дайындайды. Ал сіз қозғаған мәселеге келер болсақ, орта мектепте «көркем еңбек» пәнінің ер балалар мен қыз балаларға тек жекелеген, мысалы үй және тамақтану мәдениеті сынды тақырыптар бойынша бөлек оқытылмаса, жалпы бірге оқытылғанын өз басым қолдаймын. Себебі, қазіргі таңда ер балалар игеруге қажетті, мысалы үшін, техникалық білім, білік, дағдылар көп жағдайда қыз балаларға да артық етпейтін сәттер орын алып жатады, — деді бізбен әңгімесінде.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру институты «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Күнсұлу Тәукебаева: «Көркем еңбек» пәнін біріктіріп оқыту қыз мінезді ұлдардың қалыптасуына әкеліп соға ма деп қауіптенемін» деген пікірде.
— Бұл пәнде ұлдар мен қыздарды біріктіріп оқыту мүмкін емес. Себебі, бағдарлама оған сай келмей тұр.Мысалы, «Сәндік қолданбалы өнер» тақырыбын алып қарайық. Бұл сабақта балалар ағашпен жұмыс жасап, ер шауып, сандықша т.б. бұйымдарды жасайды. Ол оған небәрі 40 минут жетпейді. Бұл кем дегенде 3-4 сабаққа созылуы қажет. Одан соң «Үй мәдениеті» деген тақырып бар. Бұл жерде үй тазалап, ылғалмен жұмыс істейді. Ал қыздың жұмысын ұлдар, ұлдың тірлігін қыздар істей ала ма? Демек, теория жүзінде білім берілгенімен, тәжірибе жағы ақсап тұр. Ал оқушы алған білімін тәжірибемен ұштастырмай ешқандай дағды қалыптаспайды. Дағды қалытпаспаса ешнәрсеге икемі келмейді. Ақсаусақ, әлжуаз жігіттердің қалыптасуы міне осындайдан басталады. Ахмет Байтұрсыновтың: «Ұлды құлша тәрбиелесең құл, ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы» деген сөзі бар. Мектеп жасынан қыздардың тоқымасы мен тігінін көріп өскен бала ертең бір шеге де қаға алмайтын епсіз жігіт болып өспесіне кім кепіл?! Бұл жалғыз менің ғана емес, осы пәннен сабақ беретін барша ұстаздардың жанайқайы деп қабылдаңыз. «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтында осы пәннің көптеген ұстаздары өз біліктіліктерін арттырады. Бәрі де осы бір бастамаға қарсы деп сеніммен айта аламын, — деп сабақтады өз сөзін К.Тәукебаева.
Тараз қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының тренері, Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Роза Жантөбетова:
— Ұлдар мен қыздарды біріктіріп оқытуға өзім түбегейлі қарсымын. Өйткені, не біріктірілген бағдарлама не оқулық жарық көрген жоқ. Бір жүйе болмағаннан кейін бұл пәннің де сапасына әсер етеді. Қазір қолданыста жүрген оқулықтың өзінде шикілік өте көп. Мен өзім 5-сыныпқа сабақ беремін. Сол оқулықтың негізінде жасалған бағдарламаға қарасаңыз, 5-сыныптың қыздарына белдемше тігуді тапсырма ретінде береді де, 6-сыныпта алжапқыш тіккізеді. Өзіңіз ойлаңызшы, екеуінің қайсысын тіккен оңай, қайсысын тіккен қиын? Демек, бұл жерде балалардың жас ерекшелігі мүлде ескерілмеген. Қазір «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндерін біріктіргендері едәуір қиындық тудырып отыр. Мысалы, екінің бірінің қолынан сурет салу келмейді. Болмаса жұрттың бәрі шебер, ісмер емес. «Технология» пәнінің мұғалімі сурет сала алмаса ол балаларға не үйретеді? Немесе суретті жақсы салғанымен қолынан кесте тігу, тоқыма тоқу келмеуі мүмкін ғой. Ендеше, олар қайтпек? «Бейнелеу» мен «Технология» екеуі екі басқа пән. Алдымен осы екеуін бұрынғыдай бөлек қарастыру қажет. Мен өзім Тараз қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында тренермін. Қашықтықтан оқыту кезінде Жамбыл облысы «DarynOnline» платформасын таңдады. Ал ол жерге біздің пән енгізілмеген. «Online Mektep» платформасында да біздің пән ескерусіз қалған. Амал жоқ, ұстаздар өздері ізденіп жүр. Осы мәселе жөнінде қаншама үндеулер жолданып, айтылғанымен еш нәтиже болмай отыр», — дейді.
Бұл мәселе тұрғысында пән мұғалімдерінің де айтары бар. Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қайрат Отарбаевтың сөзінше, пән оқулығы бағдарламаға сай емес әрі материалдық-техникалық база талапқа сай келмейді.
«Министрдің бұл шешімі ата-аналар мен мұғалімдердің пікірін ескермей қабылданғаны көрініп тұр. Шынын айтсам, біріктіріп оқыту барша әріптестерімді тығырыққа тіреп отыр. Ең әуелі, ер мұғалімдер қыздардың, әйел ұстаздар ер балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыра алмауда. Себебі, әркім көрпені өзіне тартады. Мысалы, әйел мұғалім сабақ берсе ол басымдықты қыздарға, ерлер ұлдарға береді. Айталық, бисквит торт пісіру туралы сабақты алып қарайық. Қыздар торт пісірер, ал ұлдар қайтеді? Олар жай ғана торттың суретін салады немесе конспект жазады. Яғни, теория ескерілген де, тәжірибе жайына қалған. «Көркем еңбек» бұл тәжірибелік сабақ. Мұнда жасалу жолын үйреніп ғана қою жеткіліксіз. Ол әзірлейтін дүниесінің құрамымен, материалымен танысып, соны қолмен ұстап, өзі де жасауы керек. Сонда ғана ол бірдеңе үйренеді. Ер шабуы тиіс ұлдарымыз тігін машинасында киім тігіп, құрақ құрап отыруы керек пе? Бұл ақылға сыймайды ғой. Бұл жерде сосын ұлдар мен қыздардың психологиялық ерекшеліктеріне де екпін түсірілмеген. Тағы бір мәселе, біріктіріп оқыту туралы не білім бөлімі, не білім басқармасы тарапынан ешқандай нұсқаулық пен әдістемелік құрал жоқ. Бұдан соң «Көркем еңбек» пәнінің оқу бағдарламасында «Бейнелеу өнері» пәнінің материалдары көп кездеседі. Ал, пән «Көркем еңбек» деп аталғандықтан еңбек үдерісіне бағытталуы тиіс. Жарайды, ұлдар да тамақ пісіріп, киім тіге білуі керек шығар. Ол да дұрыс. Бірақ, соған сай келетін кіріктірілген не оқулық, не бағдарлама жоқ болып тұр ғой. Тым болмаса біреуі болғанда педагогтер де соған сай бейімделер еді. Біз бүгінде экономиканы, оның ішінде шағын және кәсіпкерлікті дамыту керек дейміз. Алайда, бұлардың негізгі баспалдағы көркем еңбектен басталатынын ескермейміз. Осы орайда, тағы бір мәселені қоса кеткім келіп тұр. Бұрын 9-сыныпта «Сызу» деген пән оқытылатын. Қазір ол 10-11 сыныптарда ғана оқытылады. Ал, 9-сыныптан кейін талай ұл-қыз кәсіптік-техникалық білім ордаларына оқуға түсіп кетіп жатыр. Демек, сызудың қағидаларын, пішіндердің өлшемін мектепте үйренбеген жасөспірімдер ертең құрылысшы немесе сәулетші болады. Бұл ойлантатын жайт. Әлгінде айтқанымдай, материалдық-техникалық базалар да талапқа сай емес. Ақыры біріктіріліп оқытқаннан кейін кабинетте моторлы станок та, тігін машинасы да тұруы шарт. Бірақ, біз көріп жүрген жағдай мүлде олай емес. Сағат санын қысқартып тастағаны өз алдында, тізе берсек, бұл тұрғыда мәселе көп. Келешекте осыны бір ретке келтіріп, ұтымды жүйеге түсіретін болар деген сенімдемін, — деп өз ойымен бөлісті тәжірибелі ұстаз.
Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы көркем еңбек пәнінің мұғалімі Күлімхан Жылқыбаеваның да пікірі осыған саяды.
— «Көркем еңбек» пен «Бейнелеу өнері» пән ретінде бөлек қарастырылғаны дұрыс болар еді. Өйткені, «бейнелеу өнерінде» білім алушы қоршаған орта сұлулығы мен көркем бейнелеуді толық меңгереді. Сол арқылы баланың көру, елестету, есте сақтау және қоршаған ортаға деген мейірімділік пен эстетикалық талғамы қалыптасады. Ал «көркем еңбек» пәнінде баланың еңбекке деген қызығушылығы қалыптасып, қол маторикасы дамиды. Бізде қазір екі пәннің біріктірілуі салдарынан толыққанды білім берілмей отыр. Ұлдың ой-өрісін қызбен теңестіруге болмайды әрі әрқайсысының жас ерекшеліктеріне қарай атқаратын жұмыстары бар, — дейді К.Жылқыбаева.
Жоғарыда мамандар көтерген мәселелер бойынша облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Ерболат Сарманбетовке хабарласқан болатынбыз.
— Бүгінде облыс бойынша «көркем еңбек» пәнінен 1197 мұғалім сабақ береді. Білім және ғылым министрінің №182 бұйрығына орай бала санына байланысты бұл пән кейде бөлек, кейде бірге оқытылуда. Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы оқу мақсаттары жүйесі арқылы ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Ал, бұл пәннің негізгі ерекшелігі – әртүрлі өнер түрлерін зерделеу, идеяларын өнер тәсілдері арқылы көрсету, әмбебап және арнайы білімдер мен икемділікті материалдар мен нысандарды түрлендіру, технологиялар мен техникаларды қолдануға машықтандыру. Пән кәсіби бағдар беретін шығармашылыққа негізделгендіктен ұлдар мен қыздарға да ортақ әрі түсінікті. Содан кейін пән бағдарламасында ер балаларға негізгі конструкциялық, табиғи, жасанды және дәстүрлі емес материалдарды, материалдарды өңдеу құралдары мен жабдықтарын, тұрмыстық техника мен электр құралдарын жөндеуді үйретсе, қыздарға тоқыма, дұрыс тамақтану негіздерін, дастарханды жабдықтау, тағам әзірлеуді меңгертеді. Яғни, мұның барлығы жігіттерге де, қыздарға да қажетті кәсіп», — деді Ерболат Бекболатұлы бізге берген жауабында.
«Көркем еңбек» пәнінің тарқатылмаған түйіні мен кемшін тұстарын біз өз әлімізше саралап көрдік. Білікті мамандар да өз ойын бүкпесіз жеткізуге тырысты. Бұл жөнінде сіз не дейсіз, ойлы оқырман?! Үн қосып, пікір білдіріңіз.

Құрбанәлі Шахабай,
журналист.
Kurban_16.04@mail.ru

Leave A Reply

Your email address will not be published.