Ещё один сайт на WordPress

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ КӨСЕГЕСІН ҚАЛАЙ КӨГЕРТЕМІЗ?

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларындағы кітап қорына жаңартулар мен толықтырулар енгізудің аса маңызды екенін атап айтқан еді. Осыған орай, мектеп кітапханаларын қайта жаңғырту мен оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатындағы республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы өз жұмысын бастады.

Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларын келешекте дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асады. Нәтижесінде мектеп кітапханаларының жұмысына түбегейлі өзгерістер жасалмақ. Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы директорының айтуынша, жобаны жүзеге асыруға бес жыл уақыт керек. Әр жыл сайын мектеп кітапханалары 20 пайызға көркем әдебиетпен қамтылып отырады. Бірінші кезекте отандық классиктердің үздік туындылары енгізілсе, екінші қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетімен және заманауи ақын-жазушылардың үздік шығармаларымен толықтырылады. Сондай-ақ, түрлі анықтамалықтармен, ғылыми-көпшілік басылымдар және оқу-әдістемелік құралдармен жасақталады. Әдебиеттер тізімін бекіту бес түрлі іріктеуден өтеді. Ең соңғы тізімді бекіту процесі арнайы жасақталған комиссия арқылы іске асырылады. Бұл комиссия осы мектепке кіретін бес мыңға жуық атауы бар көркем әдебиет тізімін анықтайды.
Осы жылдың басында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2021 жыл – қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп белгіленді. Бұл да жоғарыдағы Президент тапсырмасы негізінде қолға алынған жұмыстардың бір парасы. Дегенмен, осы бастама мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиеттің жағдайына қаншалықты сеп болуда? Осы сауалдың жауабын білу мақсатында облыстық білім басқармасының жауапты мамандарына қайырылғанбыз. Алайда, олардан ешқандай жауап ала алмадық. Бірақ, Тараз қалалық білім бөлімінің мәліметінше, шаһардағы барлық мектеп көркем әдебиеттермен қамтамасыз етілген. Оның ішінде жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі көркем әдебиеттерге тапсырыстар беріліп, алынып отырады. Атап айтар болсақ, көркем әдебиеттерге жыл сайын қаржы бөлініп, мектеп кітапханалары жаңа көркем әдебиеттермен толықтырылып отырады. Мәселен, өткен оқу жылында 51 086 970 мың теңгеге 22880 дана көркем әдебиеттер мен бастауыш сыныптар үшін ертегілер алынса, биылғы оқу жылында 57 904 950 мың теңгеге 25595 дана көркем әдебиеттер мен ертегілер «Атамұра», «Алматыкітап», «Жазушы», «Алемbоок» баспаларынан тапсырыс беріліп, қол жеткізілген. Ресми сандар осылай сөйлейді.
Ал, шын мәнінде оқу ордаларының кітапханаларындағы ахуал нешік? Балалардың көркем әдебиетпен сусындауына қандай жағдай қарастырылған? Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының кітапханашысы Айткүл Есентаева бұл тұрғыда мәселенің көп екенін жасырмады.
– Біз әдетте «Қазір балалар кітап оқымайды», – деп жасөспірімдерді сөгеміз. Ал оған не себеп? Біріншіден, ата-ана мен ұстаздың өздері кітапқа қызықпайды. Сондықтан балалардың кітапқа деген қызығушылығы төмен, анығында соны арттыруға тырыспайды ешкім. Оның тағы бір себебі – мектеп кітапханаларына көңілдің мүлде бөлінбеуі. Бұл Кеңес кезінен бері жалғасып келе жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жылында да мектеп кітапханашылары көлеңкеде қалып келді. Сонау қайта құру кезеңінде 10 мыңнан аса кітапхана жабылып, жекешелендіруге өткені тарихтан мәлім. Соның зардабын әлі тартып келе жатырмыз. Президентіміздің мектеп кітап-
ханасы турасында айтқан сөзі бәрімізді қуантып, санамызға сілкініс жасады. Бірақ, оны іске асырып жатқан тірі жан жоқ. Қазір бәріміз білімді талап етеміз, ал тәрбие жағы ақсап жатыр. Ал тәрбиенің бір тірегі – кітапқа, көркем әдебиетке байланған. Оны ұғынар адам қайда? Президенттің тапсырмасынан кейін арнайы Жол картасы әзірленіп, біраз жұмыстар жүргендей болды. Ол картаның өзі асығыс жасалған, шикі екені көрініп тұр. Десе де, қолға алынғанына қуандық. Бір таңғалдырғаны Жол картасының жобасы еш жерде жарияланбады, жарық көрмеді, талқыланбады. Тек ізденіп, әр жерден сұрастырып қолы жеткендері ғана қарады, сонымен бітті. «Мектеп кітапханашыларына педагог статусы беріледі» деген ақжолтай ақпарды да естіп едік. Ол да орындалмаған күйі жарты жолда қалып тұр. Жарайды, ол өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, биыл осы гимназияда 2300-дей бала білім алады. Ал мектепке келген көркем әдебиеттің саны саусақпен ғана санарлық. Енді ойлаңыз, 2000-нан аса балаға мен танымал «Абай жолының» өзін оқыта алмаймын. Себебі, кітап жетпейді. Біз осы уақытқа дейін «Балаларға кітап сыйла» сынды акциялардың арқасында ғана көркем әдебиет қорын толықтырып, амалдап келдік. Мектепте әдебиеттің жетіспеушілігінің салдарынан балалар қазір интернеттен керек емес дүниелерді оқып жүр. Бұл жақсылыққа апаратын нәрсе емес. Көркем әдебиетке құмартудың тағы бір жолы – мектеп оқулықтары. Бұл жерде де мәселе шаш етектен. Мысалы, 10-сыныптың оқулығында «Абай жолы» романына небәрі 2-ақ сағат берілген. Ал белгісіз автордың Елбасы жайлы толғауына 12 сағат берілген. Бұдан бөлек, қазақ әдебиетінің классиктері некен-саяқ оқулықта. Бүгінгі балалар сонда Абайды оқымаса, Мұқағалиды оқымаса кімді оқуы керек сонда? Бұдан кейін баланың кітапқа деген қызығушылығы қайдан оянсын? Кітапханада бала тәрбиесіне қатысты бірде-бір кітап жоқ. Е.Ертайұлының «Баланы жазасыз тәрбиеле» деген кітабы бар. Тәрбие жөніндегі жалғыз іліп алар туынды – осы дер едім. Бірақ, бұл кітапты өз қаржымызға сатып алдық, ал бізге келетін көркем әдебиеттер қатарында ол жоқ. Сонда бұған жауапты мамандар немен айналысып отыр? Мектептерді алдымен осындай шығармамен қамтамасыз етуі керек қой. Білім ордасында өлең жазатын, шығармашылықпен айналысатын өрендер баршылық. Бірақ, олар алға ұмтылуы үшін біреуді үлгі тұтуы керек. Ал, мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиеттің жағдайы осындай хәлде. Бұдан кейін жастардан кітап оқуды қалай талап етеміз? Осы мәселелердің бәрін қаперге алып, министрге «мектеп кітапханаларына қандай көркем әдебиеттерді жіберу керектігін неге министрлік ғана шешуі керек, неге кітапханашылармен ақылдаспайсыздар» деп хат жолдадым. Хатыма «тізімдерін жіберіңіз» деген жауап келді. Біз жібердік. Енді біз сұратқан кітаптар келіп қалар деп жолына үмітпен қарап отырмыз. Облыс орталығында орналасқан гимназия деген аты бар оқу ордасындағы кітапхананың жағдайы осындай болғанда шалғай ауылдардағы кітапханалардың жағдайы туралы айтудың өзі қиын, – дейді Айткүл Қалиқызы.
Мойынқұм ауданы М.Әуезов атындағы орта мектептің кітапханашысы Әлия Бала-
бекованың да пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, жыл сайын мыңдаған қаржы бөлінгенімен ол ауылдық мектептерді көркем әдебиетпен қамтуға жетпейтін көрінеді. «Басқармалар, бөлімдер жыл сайын «көркем әдебиетті сатып алуға осынша қаржы бөлінді», – деп жар салады. Ендеше, ол қаржы неге біз секілді шалғай елдімекендерге жетпей қалады? Әлде ауылдың балалары кітап оқымайды деп ойлай ма? Ауыл балаларының да кітапқа деген қызығушылығы жоғары, сүйсініп оқиды. Кейде өз кітапханамда тұрған жеке кітаптарды балалар оқысын деп кітапхана сөресіне әкеліп қоямын. Оқушылар талап әкетеді. Оқып біткен соң «тағы қандай кітабыңыз бар, әкеліңізші, оқиық», – деп сұрайтындары да бар. Бізге жыл сайын 4-5 автордың кітабы ғана келеді. Балалар оны қайта, қайта оқып жалыққан әбден. Басқа көркем әдебиеттерге сұраныс береміз, бірақ сол кітаптарды қайтадан әкеп тұрады. Бар айырмашылығы – өзге баспадан жарық көрген. «Абай жолының» 1-2 томының келіп түскеніне 3-4 жылдың жүзі болды. Жылда сол екі томын береді. Ақыры романды әкелген екен, ендеше қалған 2 томын да жеткізуі керек қой. Жыл сайын қайталанатыны осы. Әшейінде «қазіргі жастар кітап оқымайды», – деп ауыздыға сөз бермейміз. Бірақ ол үшін жағдай жасамаймыз. Сонда бұл келешек ұрпақты сауатсыз қылудың алғышарты ма? Бұл мәселені дереу реттемесе орны толмас рухани апатқа соқтырады», – дейді Әлия Зауытбекқызы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Келешекте интернетте отырғандарды кітап оқитын басқарады», — деген сөзі бар. Бұл тек сөз жүзінде ғана қалып қоймай, межелі міндетке айналуы керек. Ал бұл міндетті орындау үшін ең әуелі кітапханаларын көркем әдебиетпен қамтамасыз еткеніміз жөн. Көптің пікірінен түйгеніміз осы. Көркем әдебиеттен көз сүрінгенде ғана болашағымыздың баянды боларына көзіміз жете түседі.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.