Ещё один сайт на WordPress

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН «ТАЛБЕСІК» ЭТНОЛАГЕРІ

0

Бүгінде бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына ата-баба дәстүрін сіңіру, олардың бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды ұйымдастырудың маңызы артып келеді. Әсіресе цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде балаларды смартфоннан бір сәт алыстатып, табиғатпен етене араластырып, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерді үйретуге бағытталған демалыс орындарының қажеттілігі сезіледі. Осы бағыттағы ерекше жобалардың бірі – биыл жазда Тараз қаласында жұмысын бастаған «Талбесік» этнолагері.

«Талбесік» этнолагерінің басты ерекшелігі – мұнда балалар 10 күн бойы смартфонсыз демалады. Яғни жасөспірімдердің уақытын әлеуметтік желі мен гаджетке телміріп өткізудің орнына, ұлттық тәрбиеге, спортқа, өнерге, кітап оқуға және табиғат аясындағы белсенді демалысқа бағыттауға басымдық берілген. Лагерьдегі әр күн баланың танымын кеңейтіп, бойындағы жауапкершілік, еңбекқорлық, ізеттілік, үлкенді сыйлау, ел тарихы мен ұлттық мәдениетке құрмет секілді қасиеттерді қалыптастыруға негізделген.
– Этнолагерьдегі күн тәртібі таң азанымен басталады. Балалар ерте тұрып, таңғы жаттығу жасайды. Бұл бір жағынан денені шынықтырса, екінші жағынан тәртіпке, жинақылыққа үйретеді. Күн бойы балалардың бос уақыты толық әрі пайдалы ұйымдастырылып, түрлі ұлттық ойындар мен танымдық шараларға қатысады.
Лагерь бағдарламасындағы ең қызықты бағыттардың бірі – атқа міну. Балалар атқа күніне екі мезгіл мінеді. Бұл – қазақ халқының ежелден келе жатқан ат мәдениетімен таныстыратын маңызды сабақтардың бірі. Балалар ат әбзелдерін танып-біліп қана қоймай, атты өздері ерттеуді де үйренеді. Осы арқылы олар жылқының қазақ өміріндегі орнын, ұлттық тұрмыс пен салттағы маңызын тәжірибе жүзінде сезінеді.
Ұлттық спорт пен ойындарға да ерекше орын берілген. Балалар садақ атудан өздерін сынап, асық ойнап, алтыбақан, ләңгі теуіп, тоғызқұмалақ ойнайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл ойындардың әрқайсысының өзіндік тәрбиелік мәні бар. Асық пен ләңгі баланы мергендікке, ептілікке баулыса, садақ ату дәлдік пен сабырлылықты талап етеді. Ал тоғызқұмалақ баланың логикалық ойлау қабілетін дамытып, есепке, стратегияға үйретеді. Алтыбақан болса, балалардың бір-бірімен еркін араласып, көңілді уақыт өткізуіне жол ашады.
«Талбесік» этнолагерінде ұлттық тағам мәдениетіне де айрықша ден қойылған. Балаларға күніне бес мезгіл тамақ ұсынылады. Ас мәзірін тәжірибелі аспаздар дайындайды. Тағамның сапасы мен тазалығы қатаң бақылауда болады. Қазақ дастарқанындағы тағамның қадірін, астың берекесін, қонақ күту мәдениетін түсіндіру де ұлттық тәрбиенің бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Лагерьдегі рухани-танымдық бағыт та мазмұнды құрылған. Балалар қисса-дастандар оқып, олардың мазмұны арқылы халқымыздың тарихы мен дүниетанымына үңіледі. Бата мен жырды үйреніп, Абай атамыздың және Шәкәрім атамыздың өлеңдерін жаттайды. Сондай-ақ ұлдар бата жаттаса, қыздар бесік жырын үйренеді, – деген этнолагерьдің тәлімгері, «Өркениетті адам» кітап клубының және «Қисса үйірмесінің» жетекшісі Лаура Маханбетова орталықтың бағдарламасы тек ұлттық ойындар мен танымдық сабақтармен шектелмейтінін де атап өтті.
– Мұнда балалардың табиғат аясында тынығып, суға шомылуына да мүмкіндік бар. Кешкі уақыт ерекше әсерлі өтеді. Балалар алау басына жиналып, түрлі тақырыпта әңгімелесіп, есте қаларлық кештер өткізеді. Түнгі аспанның тылсым сырын тануға арналған телескоппен жұлдыздарды бақылау да лагерьдің қызықты бағдарламаларының бірі. Балалар жұлдызды аспанды тамашалап қана қоймай, ғарыш әлеміне қызығушылығын арттыра алады. Ал кешкі кино көрсетілімінен кейін балалар көрген фильмдерін бірге отырып талдайды. Фильмнің мазмұны, кейіпкерлердің іс-әрекеті, көтерілген мәселелер туралы пікір алмасу арқылы олардың ой-пікірі қалыптасып, өз ойын еркін жеткізу дағдысы дамиды.
Лагерьдегі барлық іс-шаралар тәжірибелі ұстаздар мен жауапты кураторлардың бақылауымен өткізіледі. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әрбір шараның тәрбиелік және танымдық мазмұнын дұрыс ұйымдастыруға септігін тигізеді. Кішкентай қонақтарымыздың күн тәртібі, тамақтануы, демалысы мен түрлі іс-шараларға қатысуы жүйелі түрде қадағаланады.
Бір лекте «Талбесік» этнолагері 40 балаға дейін қабылдай алады. Жазғы маусым барысында 7-8 лек ұйымдастыруға мүмкіндік қарастырылған. Лагерьде он күн демалудың құны – 85 мың теңге. Орталығымыз Тараздан небәрі 15 минуттық қашықтықта ғана орналасқан, — деді Лаура Нұрланқызы.
Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі – оның артында ұлттық руханиятты қолдауға көңіл бөліп жүрген азаматтардың тұруы. Атап айтсақ, этнолагерьдің құрылтайшысы – белгілі кәсіпкер, руханияттың жанашыры Меруерт Лештаева. Оның бастамасымен қолға алынған бұл жоба балалардың демалысын осылайша, ұлттық тәрбие мен заманауи ұйымдастыру тәсілдерін ұштастыра отырып өткізуге бағытталып отыр.
Ұлттық құндылық ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда ғана өміршең болады. Ал оны өскелең ұрпаққа үйретудің ең тиімді жолы – құр насихат емес, күнделікті өмірде көрсетіп, өзіне жасатып, сезіндіру. «Талбесік» этнолагерінің негізгі идеясы да осында. 10 күндік демалыс барысында бала әрі тынығып, әрі шынығып, әрі білім алып, ең бастысы, өзінің ұлттық тамырымен жақынырақ танысады. Бүгінгі цифрлық дәуірде мұндай бастамалардың мәні ерекше. Өйткені ұлттық санасы қалыптасқан, рухани дүниесі бай, салт-дәстүрін білетін ұрпақ – ел болашағының берік негізі.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.