ЖАМБЫЛДЫҚ 6 СТУДЕНТ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

Жамбыл облысының 6 студенті «Қазақстан Республикасы колледждерінің Үздік 100 студенті» республикалық конкурсының жеңімпаздары атанды. Айта кетерлігі, байқау қорытындысы бойынша алғашқы үш орынды да жамбылдық жастар иеленіп, өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінген жастардың қатарында Тараз инновациялық жоғары көпсалалы колледжінің «Орман шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенті Күзембай Нұрислам бар. Сондай-ақ осы оқу орнының «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенті Саргулова Динара да байқау жеңімпаздарының қатарына енді.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенті Иманкулов Богдан да республикалық конкурста үздік атанды. Ал Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің екі студенті – «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдіс-
темесі» мамандығының студенті Қайрат Нұрай мен «Вокалдық өнер» мамандығының студенті
Жарылқасын Нұрасыл жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар Құлан агротехникалық жоғары колледжінің «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенті Разы Наурызбай да еліміздің үздік 100 студентінің қатарынан орын алды.
Бұл жетістік – жастардың білімге деген ұмтылысы мен табанды еңбегінің, кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ ұстаздардың сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жүйелі жұмысының нәтижесі. Жеңімпаздардың әртүрлі мамандық бойынша үздік атануы өңір колледждерінде білікті кадр даярлау ісіне айрықша көңіл бөлінетінін көрсетеді.
Республикалық байқаудың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 6 қарашада өтеді. Жамбылдық студенттердің бұл жетістігі – өңір жастарының әлеуеті мен білім беру ұйымдарының табысты жұмысының айқын көрінісі. Алдағы уақытта да талапты жастардың білім мен кәсіби даму жолында биік белестерді бағындырып, ел игілігіне қызмет ететін білікті маман болып қалыптасуына тілектеспіз.
«БШ» – ақпарат.