МЕРКІЛІК ӨРЕН ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе», — деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, хәкімнің шығарма-шылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ жұрты үшін кемеңгердің дүние-танымы, озат ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы-руханияттың кәусар бұлағы екені даусыз.
Семей қаласында республика деңгейінде ұйымдастырылған Абай оқулары байқауында Меркі ауданындағы М.Жылысбаев атындағы №14 мектептің оқушысы мәнерлеп оқу сайысы бойынша облысымыздың намысын қорғаған Хафиза Қудайберген «Өлең сөздің патшасы,сөз сарасы» номинациясы бойынша І орынды иеленді.
Жеңімпаз жерлесіміз Абайдың 220 өлеңін жатқа біледі екен.
– Бұл байқау Абайдың өлеңдерін жатқа оқу, әндері мен күйлерін орындау, өз жаныңнан шығарған арнау туындыларды оқу сынды кезеңдерден құралды. Әрине, аудандық, облыстық байқаулардан топ жарып, республикалық сайысқа жолдама алу мен үшін зор мақтаныш. Жамбыл жұртшылығы артқан сенімді ақтағаным сол қуанышымды еселей түсті. Біз секілді өскелең ұрпақ данышпан ақынның өлеңдерін жатқа білуі керек деп ойлаймын. Әлбетте оны тек оқып ғана қоймай, содан ғибрат алып, санаға тоқу да аса маңызды, — дейді Хафиза Құдайберген.
Жеңімпаз жеткіншектің жетекшісі – М.Жылысбаев атындағы №14 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Киікбаева.
Хафизаның бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекшіміз.
Қ.ШАХАБАЙ,
журналист.
МЕРКІ ауданы.