МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ МАЙТАЛМАНЫ – МАЯ ҰСТАЗ
Ұстаздық – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін, адам ғұмырымен біте қайнасатын қасиетті мамандық. Өйткені ұстаздың еңбегі күнделікті атқарылған қызметпен ғана өлшенбейді. Оның шынайы жемісі саналы шәкірттің жүріп өткен жолынан, ел игілігіне айналған азаматтардың еңбегінен көрінеді. Бір ғұмырын білім мен тәрбиеге арнап, талай буынның жүрегіне із қалдырған ұстаздар қоғамның рухани тірегі, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар берер тағылым мектебі екені сөзсіз.
Әрине, ұстаз болу білім берумен қатар, бала жүрегіне жол табу, оның бойындағы қабілетті танып, арманын қолдау, өмірдің сан тарау жолында дұрыс бағыт көрсете білу екені белгілі. Бұл жол үлкен жауапкершілікті, төзімділікті, ізденісті және жүрек жылуын талап етеді. Ал осы қасиеттерді кәсіби шеберлікпен ұштастырып, ондаған жыл бойы білім саласында абыройлы еңбек ету – кез келген жанның маңдайына бұйыра бермейтін мәртебе. Осындай саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, талай шәкіртке білім нәрін беріп, әріптестеріне өнеге болған ұстаздардың қатарында Құлан агротехникалық жоғары колледжі директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Мая Багылбекованың шоқтығы биік..
Мая Суюнтаевна 1969 жылы 30 сәуірде Қарағанды облысының Қаражал қаласында дүниеге келген. Болашақ ұстаз 1976 жылы туған қаласындағы мектеп табалдырығын аттап, 1986 жылы 10-сыныпты аяқтайды. Білімге деген құштарлығы оны кәсіби мамандық игеруге жетелеп, 1989 жылы Қарағанды индустриалды-педагогикалық техникумын «Өндірістік оқыту шебері» мамандығы бойынша үздік белгімен тәмамдады. Кейін М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып, «География және тарих пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгеріп шықты.
Сол кездегі жас маман еңбек жолын 1991 жылдың қараша айында Ақтоған және Подгорный орта мектептерінде технология және география пәндерінің мұғалімі болып бастады. Алғашқы қызмет жылдарынан-ақ шәкірт тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, өз ісіне ізденіспен кірісіп, кәсіби біліктілігін шыңдай түсті. Ал, 2002-2007 жылдар аралығында М.Горький атындағы орта мектепте география пәнінің мұғалімі болса, кейін директордың тәрбие жұмысы және оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Бұл кезең оның педагогикалық шеберлігін ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетін де қалыптастырды деуге болады.
2007 жылдың қазан айынан бастап оның еңбек жолы кәсіптік білім беру саласымен сабақтасты. Айталық, №4 кәсіптік лицейде өндірістік оқыту шебері, аға шебер, әдіскер, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қыр-сырын терең меңгерді. Содан соң өндірістік оқыту мен оқу-әдістемелік жұмыстарды ұштастыра отырып, білім алушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге, педагогтердің әдістемелік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосты.
2015 жылдың 1 қыркүйегінен бері Мая Суюнтаевна Құлан агротехникалық жоғары колледжінде директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол оқу-әдістемелік үдерісті жүйелі ұйымдастыруға, педагогтердің кәсіби дамуына, озық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге айрықша көңіл бөлуде. Оның еңбек жолындағы басты ұстанымдарының бірі – әріптестермен өзара қолдау мен тәжірибе алмасуға негізделген шығармашылық орта қалыптастыру.
– Әр жұмыста ең алдымен көзге көрінетіні, әрі қуантатыны – әріптестердің қолдауын сезіну. Себебі, ұжымның демеуі байқалып, сұраныстары ескерілгенде жұмысымыз да нәтижелі болады. Ұжымдағы әр адамның пікірі мен ұсынысы біз үшін маңызды. Өйткені білім саласында бір бағытта еңбек етіп, ортақ мақсатқа ұмтылған кезде ғана нақты мақсатқа қол жеткізе аламыз. Бір-біріміздің тәжірибемізбен бөлісіп, ойымызды ортаға салып, қажет кезде қолдау көрсетуіміз кәсіби тұрғыдан өсуімізге үлкен мүмкіндік береді.
Мен үшін әріптестерімнің жетістігі – өз жетістігім. Себебі олардың әрбір кәсіби ізденісінің артында ортақ еңбегіміз, бір-бірімізге көрсеткен қолдауымыз бар. Әсіресе педагогтің жаңа әдісті меңгеріп, оны тәжірибесінде тиімді қолданып, шәкіртінің нәтижесінен көрген қуанышын бөлісуі – үлкен мәртебе. Сондықтан ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасау, олардың бастамаларына қолдау білдіру, жақсы тәжірибесін көпшілікке тарату оқу-әдістемелік қызметтің маңызды бағыттарының бірі деп есептеймін.
Қазіргі білім беру жүйесі үнемі жаңаруды талап етеді. Бүгінгі педагог кешегі әдіспен ғана шектеліп қалмай, заман талабына сай ізденіп, жаңа технологияларды меңгеріп отыруы керек. Біз де осы бағытта әріптестерімізбен бірге үнемі ізденуге тырысамыз. Біріміздің тәжірибеміз екіншімізге ой салып, жаңа бастамаларға жол ашып жатады. Осындай өзара тәжірибе алмасу арқылы ұжымның кәсіби әлеуеті артып, колледждің оқу-әдістемелік жұмысы да жаңа мазмұнмен толыға түседі.
Ұстаздық жолда ешкім жалғыз өзі жетістікке жете алмайды. Артында қолдайтын әріптестері, бағыт беретін аға буын, ізденетін жас мамандар болса, кез келген жұмыс жемісін береді. Сондықтан мен әріптестерімнің әрбір ұсынысын тыңдап, олардың кәсіби бастамаларына мүмкіндік беруге тырысамын. Өйткені бүгінгі қолдау – ертеңгі жақсы нәтижеге бастайтын маңызды қадам, – деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз.
Расында, кез келген ұжымның жетістігі бір адамның ғана еңбегімен өлшенбейді. Бір мақсатқа жұмылған әріптестердің өзара қолдауы мен ортақ ізденісі ғана білім сапасын арттыруға жол ашады. Мая Суюнтаевна осы қағиданы өзінің көп жылғы еңбек тәжірибесінде берік ұстанып келеді.
Кейіпкеріміздің білім саласындағы еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кеңірек тоқталсақ, ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының біріккен комитеті филиалының, Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінің, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің Құрмет Грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл марапаттардың әрқайсысы оның білім беру саласына сіңірген еңбегінің нақты көрінісі екені даусыз.
Кәсіби ізденіс пен шығармашылыққа ұмтылыс Мая Суюнтаевнаның қызметінен де айқын байқалады. Ол Қанипа Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зерттеу орталығы ұйымдастырған «Білім беру басшысының үздік орынбасары» байқауында І орын иеленді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ұйымдастырған «Шығармашылық, педагогикалық қызметтегі инновациялар» атты республикалық педагогикалық оқуларында жүлделі ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің инновациялық жұмыстарының облыстық кезеңінде «Жобалық педагогикалық менеджмент жұмыстарының кешені» бағыты бойынша ІІ орыннан көрінді.
Ол өзінің жинақтаған мол тәжірибесін өзгелермен бөлісуді де кәсіби міндетінің маңызды бөлігі санайды. Атап айтсақ, 2024 жылы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік жұмысты сапалы ұйымдастыру» тақырыбындағы облыстық тәжірибе алмасу семинарында өз тәжірибесімен бөлісті. Сол жылы «Колледждің әдістемелік қызметі – инновациялық бағытта» тақырыбында өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әдіскерлеріне арналған облыстық тәжірибе алмасу семинарында да әдістемелік ізденістерін ортаға салды. Сонымен бірге «Smart Education: білім беру платформалары және жасанды интеллект интеграциясы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Цифрлық білім беру платформалары: колледж оқытушыларының әдістемелік құзыреттілігін жетілдіру жолдары» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.
Құлан агротехникалық жоғары колледжінде кейінгі жылдары кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіби шеберліктің республикалық конкурсы өткізіліп келеді. Аталған байқауда колледж педагогтері Ж.Байсакалова, М.Ятаев, А.Көпбаева, Т.Қысық, Р.Сарсенбиев, А.Болатханова, А.Абишева, Б.Тұтқышбаев, Ж.Дәулетов жүлделі орындарға ие болды. Бұл жетістіктер – жеке педагогтердің ғана емес, оларды байқауларға дайындап, кәсіби ізденістеріне қолдау көрсеткен ұжымның да еңбегінің нәтижесі. Осы республикалық кәсіби шеберлік конкурсын ұйымдастыруға атсалысқаны үшін мақаламыздың кейіпкері өзінің әріптестері – Г.Маханбетова және Е.Ертаевпен бірге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Колледж педагогтерінің тәжірибесін облыс көлемінде тарату бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасын табуда. Мысалы, 2025 жылы «Бәсекеге қабілетті түлекті дамыту жүйесіндегі педагогикалық қызметтің шығармашылық нысандары мен әдістері» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылып, колледж педагогтері өздерінің тиімді әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Ал ағымдағы 2026 жылы «Төңкерілген сабақ технологиясын қолданудың педагогикалық негіздері» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары өтіп, онда да оқу үдерісіндегі заманауи тәсілдер мен педагогикалық ізденістер кеңінен таныстырылды.
Мая Багылбекова білікті маман, ұлағатты ұстаз ғана емес, өмірлік серігі екеуі тәрбиелеп өсірген 3 ұлдан 6 немере сүйіп отырған ақ жаулықты ана, аяулы әже. Педагогикалық мамандыққа деген махабат бұл отбасында да дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Олай дейтініміз – Мая Суюнтаевнаның жан жары мен кіші ұлы да білім беру саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Ұстаздың ғұмыр жолына зер салғанда, оның таңдаған мамандығына деген адалдығы мен адамға деген жанашырлығы қатар өрілгенін аңғаруға болады. Жылдар алмасып, білім беру саласына қойылар талап өзгергенімен, шәкіртке сапалы білім беріп, оның болашағына жол ашу мұратының мәні ешқашан кемімейді. Бұл ретте Мая Суюнтаевнаның кәсіби жолы – өз ісін үздіксіз жетілдіруге ұмтылған маманның ғана емес, маңайына ізгілігін таратып, кейінгі буынға тәжірибесін аманат ете білген ұстаздың өнегелі жолы.
Еңбек жолын қарапайым мектеп мұғалімі болып бастаған кейіпкеріміздің бүгінде білім беру ісін ұйымдастырудың жауапты тізгінін ұстауы – жылдар бойғы маңдай тер мен табанды ізденістің нәтижесі. Ал отбасында да ұстаздықтың жалғасуы оның кәсіби таңдауының кездейсоқ еместігін аңғартқандай. Себебі ұрпақ тәрбиесіне қызмет ету бір адамның кәсібінен асып, отбасының құндылығына айналғанда ғана оның тағылымы тереңдей түседі.
Қашанда ел ертеңін ойлаған ұстаз еңбегінің бағасы биік. Өйткені оның бүгінгі жасаған әрбір ісі ертеңгі шәкірттің тағдыры мен таңдауынан көрініс табады. Сондықтан Мая Багылбекованың білім саласындағы байыпты еңбегі мен жинақтаған мол тәжірибесі өзінен кейінгі әріптестеріне бағыт, жас педагогтерге тағылым болары сөзсіз. Ең бастысы, ол таңдаған ұстаздық жолын абыроймен жалғап, кәсіби ғұмырын ізгі мақсатқа арнап келеді. Мұндай еңбектің қадірі де, қалдырар ізі де уақыт өткен сайын айқындала түспек.
Қ.Қаптағай,
журналист,
Т.Рысқұлов ауданы.