«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» – РУХАНИ КЕМЕЛДІККЕ БАСТАР ЖОЛ
Өсерова Шахризада Асылбекқызы,
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының басшысы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, жасампаз, бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 2026 жылдың 16 мамырында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа (№1279) қол қойған болатын. Қазақстанда алғаш рет республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны бастау алды. Жоба — еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың бірі.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
— «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
— «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
— «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
— «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
— «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
-«Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
— «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енген. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілген.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйлықтар табысталады. Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафоны жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіреді.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестер де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
2026 жылғы 15 қыркүйекте «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына ресми түрде старт берілді. Тіркеу мерзімі 2026 жылдың 27 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Яғни марафонға жасына және тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген ниет білдіруші қатыса алады.
Жобаға қазірдің өзінде 1 миллион 300 мыңнан астам қатысушы қосылды. Ал Жамбыл облысында қатысушылар саны 105 мың 400 адамды құрап отыр. Екінші кезеңде тіркеуден өткен қатысушылар өздері оқитын кітаптарды таңдап, жобаның бірыңғай ережесіне сәйкес жүйелі түрде кітап оқуға кіріседі.
Екінші кезеңнің шарттары қатысушылар арасында тұрақты әрі саналы оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған:
Кезеңнің ұзақтығы — 6 ай. Осы уақыт ішінде әр қатысушы 15 кітап оқуы тиіс;
Кітап оқу белгіленген кесте бойынша жүргізіледі: бір кітапты шамамен 12 күнде аяқтау жоспарланған. Бұл әртүрлі деңгейдегі жұмысбастылығы бар қатысушылар үшін оқу жүктемесін біркелкі әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Әр кітапты оқып болғаннан кейін қатысушы кітап туралы пікірін дайындап, жариялайды және оны тексеруге жібереді;
Пікірлер модерациядан өтеді. Бұл кері байланыстың мазмұнды болуын және кітаптың шын мәнінде оқылғанын растауды қамтамасыз етеді.
Әр қатысушының оқу барысы жеке кабинетінде тіркеліп отырады. Бұл алты ай бойы оқу динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай формат кітап оқуды бір реттік бастамадан жүйелі әдетке айналдырып, қатысушыларға өз мақсатына — алты ай ішінде 15 кітап оқуға — саналы түрде қадам басуға мүмкіндік береді.
Марафонда нәтижелерді объективті әрі ашық бағалау үшін көпдеңгейлі балдық жүйе енгізілген. Ол тек кітап оқудың өзін ғана емес, қатысушылардың тәртібі мен белсенділігін де ынталандырады.
1. Оқылған кітаптар үшін негізгі балл. Әр оқылған және расталған кітап үшін қатысушыға 250 балл беріледі. Бұл рейтингтің негізгі көрсеткіші болып табылады және атқарылған жұмыстың нақты көлемін көрсетеді.
2. Кестені сақтағаны үшін бонус. Қатысушы белгіленген оқу кестесін қатаң сақтаған жағдайда қосымша 50 балл ала алады. Яғни кітап шамамен 12 күн ішінде оқылып, пікір уақытында жарияланып, модерациядан сәтті өтуі тиіс. Бұл бонус марафон соңына дейін кітапты оқып бітірумен қатар, тұрақты оқу дағдысының негізі болып саналатын жүйелілікті сақтауға ынталандырады.
3. Бейнепікір үшін бонус. Нәтижесін арттырудың тағы бір мүмкіндігі — оқылған кітап туралы бейнепікір дайындап, оны өзінің әлеуметтік желілерінде жариялау. Бұл үшін қатысушыға қосымша балл беріледі. Мұндай формат оқылған кітапты тереңірек түсініп, ой елегінен өткізуге ықпал етіп қана қоймай, қатысушыларға өз әсерлерін кең аудиториямен бөлісуге мүмкіндік береді.
Негізгі және бонус балдардың жиынтығы әр қатысушының жеке рейтингін қалыптастырады. Бұл көрсеткіш марафонның ең белсенді оқырмандарын анықтау үшін пайдаланылуы мүмкін. Марафон статистикасы ашық қолжетімді болады
Жобаның негізгі элементтерінің бірі — деректері ашық қолжетімді болатын бірыңғай мониторинг жүйесі. Ол бүкіл ел бойынша кітап оқу динамикасын — жекелеген аудандардан бастап өңірлерге дейін — нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Ашық статистикада:
қалалар, аудандар және өңірлер бойынша оқылған кітаптар саны;
марафонның әр кезеңіндегі қатысушылардың белсенділік динамикасы;
аумақтар арасындағы белсенділіктің салыстырмалы көрсеткіштері көрсетіледі.
Мұндай ашықтық марафонға деген сенімді арттырып қана қоймай, қалалар мен өңірлер арасында салауатты бәсекелестік қалыптастырады. Тұрғындар өз өңірінің кітап оқу белсенділігін басқа аумақтармен салыстырып көре алады. Бұл марафонға қосылуға және жеке оқу белсенділігін арттыруға қосымша ынталандыру болады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны финалының негізгі шарттарын жариялады. Көп кезеңді іріктеу нәтижесінде анықталатын еліміздің «Үздік 10 оқырманының» әрқайсысы бас жүлде 10 миллион теңгеден алады. Бұл атаққа жету үшін қатысушылар 7 бағыттың біріне тіркеліп, алты ай бойы кітап оқиды, командалық өңірлік жарыстарға және жеке сынақтарға қатысады.
Байқау сынақтары мектептер, ұйымдар, аудандар, қалалар және өңірлер деңгейінде біртіндеп өткізіледі. Өңірлік кезеңде қатысушылар командалық форматта бақ сынайды. Дәл осы кезеңде 7 бағыттың әрқайсысы бойынша үздік командалар, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары анықталады.
Өңірлік кезеңде 1, 2 және 3-орын алғандар — бұл еліміз бойынша шамамен 4 000 қатысушы — байқауды жеке форматта жалғастырып, «Жыл оқырманы» деген құрметті атаққа қатысуға мүмкіндік алады.
Бұл кезеңде қатысушылар күрделірек байқау тапсырмаларын орындайды: эссе жазып, оқыған кітаптары бойынша сарапшылар алқасының алдында көпшілік алдында таныстырылым жасайды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстанның 20 өңірінің әрқайсысынан оқыған шығармаларын терең түсінетінін және көпшілік алдында сөйлеудің жоғары деңгейін көрсеткен 10 үздік оқырманнан анықталады.
Еліміздің барлық 20 өңірінен іріктелген үздік оқырмандар — жалпы саны 200 финалист — Астана қаласында өтетін республикалық «Жылдың 10 оқырманы» финалына қатысады.
Финал барысында қатысушылар тестілеуден, бірқатар арнайы байқау кезеңдерінен өтіп, республикалық деңгейдегі қазылар алқасының алдында, көпшілік алдында сөз сөйлейді.
Финалдық сынақтардың қорытындысы бойынша республиканың үздік 10 оқырманы анықталады. Он жеңімпаздың әрқайсысы марафонның бас жүлдесі — 10 миллион теңгеге ие болады.
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны аясында байқаудан тыс қатысуға мүмкіндік беретін Parasat арнайы бағыты іске қосылды. Жаңа бағыт кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдырып, оқу мәдениетін жеке үлгісі арқылы қолдауға ниетті, алайда жарысқа қатысып, жүлделі орындар үшін бәсекеге түсуді мақсат етпейтін азаматтарға арналған.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, кітап оқуға, оқыған шығармалары туралы ой-пікірімен бөлісуге және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосқысы келетін жандарды біріктіретін жаңа форматты ұсынады.
Марафонның негізгі бағыты байқау форматында өтеді. Алайда жобаға деген қоғамдық қызығушылық көптеген адамның «Кітап оқитын ұлт» қозғалысына қосылып, кітап оқып, өз әсерімен бөліскісі келетінін көрсетті.
Сонымен қатар олардың барлығы бірдей бәсекеге түсіп, жүлде үшін таласуға ұмтылмайды. Parasat бағыты дәл осы сұранысты ескере отырып іске қосылды. Parasat кітап оқуды адамның өзін-өзі дамытуының маңызды бөлігі деп санайтын және оқу мәдениетін жеке үлгісі арқылы қолдауға дайын адамдарды біріктіреді. Арнайы бағытқа мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, түрлі кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатыса алады. Parasat баршаға ашық. Қатысу үшін адамның мамандығы, лауазымы, тұрғылықты жері немесе азаматтығы маңызды емес.
«Кітап оқитын ұлт — тек байқау немесе жүлделі орындар үшін жарыс емес. Бұл — кітап оқуды қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыруға бағытталған ортақ идея. Parasat осы идеяны жеке үлгі арқылы қолдауға мүмкіндік береді. Кітап оқып, өз ойыңмен бөлісу арқылы әр адам оқу мәдениетінің дамуына үлес қоса алады. Себебі кітап оқу адамдарды әлеуметтік мәртебесіне немесе кәсібіне қарамастан біріктіреді».
Parasat бағытының қатысушылары республикалық марафонның бірыңғай тізіміне енген 15 шығарманы оқуы қажет. Тізімде қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар қамтылған. Әр шығарманы оқып болған соң қатысушы өзінің жеке кабинетінде қысқаша пікір қалдырады. Бұл жерде ол кітаптан алған әсерін, өз ойын және шығармаға қатысты көзқарасын бөлісе алады.
Осылайша, Parasat форматы кітапты оқып шыққанын белгілеумен ғана шектелмейді. Қатысушылар шығармалардың мазмұнын ой елегінен өткізіп, өз пікірлерін білдіруге және басқа оқырмандармен интеллектуалдық пікір алмасуға мүмкіндік алады.
Марафонның қорытынды кезеңінде барлық 15 шығарма бойынша онлайн тестілеу өткізіледі. Тест қатысушылардың шығармаларды оқып шыққанын растауға мүмкіндік береді.
Parasat арнайы бағытына тіркелу ашық және 2026 жылғы 30 қазанға дейін жалғасады.
«Кітап оқитын ұлт» — халық арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға, оқу мәдениетін дамытуға және тұрақты кітап оқу әдетін қалыптастыруға бағытталған республикалық бастама.
Жамбыл облысы бойынша жобаны үйлестіруді қамтамасыз ету үшін «Кітап оқитын ұлт» өңірлік жобалық кеңсесі құрылып, әр бағыт бойынша жауапты үйлестірушілері бекітілді.
БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде және бұқаралық орындарда кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Марафон еліміздің барлық өңірлерінен әр жастағы қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды жеке қажеттілік қана емес, қоғамдық маңызы бар ортақ құндылыққа айналдыруға жағдай жасайды. «Кітап оқитын ұлт» марафоны қатысушылар қатарын толықтыруды жалғастыруда және кітап оқуды бағалайтын, үлкен мәдени қозғалыстың бір бөлігі болғысы келетін барша азаматты марафонға қосылуға шақырады.
