Ещё один сайт на WordPress

ӘКЕДЕН ҚАЛҒАН АМАНАТ

0

Кей мамандық адаммен бірге зейнетке шығады. Ал ұстаздықтың ғұмыры әлдеқайда ұзақ. Ол шәкірттің санасында, ұрпақтың тәрбиесінде, кейде тіпті бір әулеттің тағдырында жалғасын табады.Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің отбасындағы ұстаздық жолдың тамыры сонау Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңге барып тіреледі. Әкесі бала оқытып, елге білім берген. Кейін оның қыздары әке жолын жалғап, саналы ғұмырын мектепке арнады. Бүгінде сол әулеттің ұл-қыздары мен келіндері де ұстаздық қызмет атқарып, білім мен тәрбиенің шамшырағын сөндірмей келеді.Бір шаңырақтың бірнеше буынын жалғаған бұл жолды жай ғана мамандық таңдау деу аздық етеді. Бұл – әкеден балаға қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлағат.

Ұстаздар күні қарсаңында біз ардагер ұстаз, Қордай ауданындағы М.Ломоносов атындағы №2 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Бибігүл Ықласовамен жүздесіп, әке өнегесі, шәкірт алдындағы жауапкершілік, ұстаздық бақыт және кейінгі ұрпаққа жалғасқан педагогикалық жол туралы әңгімелескен едік.
– Бибігүл Әбдіғұлқызы, әңгімемізді әулетіңіздегі ұстаздық жолдың бастауынан бастасақ. Әкеңіз қандай ұстаз болған? Ол кісі туралы бала күнгі ең ыстық естелігіңіз қандай?
– Менің әкем Әбдіғұл Ықласов 1909 жылы дүниеге келген. 1928 жылы Алматы қаласындағы алғашқы жұмысшы факультетінде ұстаздыққа оқып, арифметика пәнінен сабақ берген. Ұзынағаш ауылында еңбек етті. Әкем өте ұқыпты, мәдениетті, жан-жақты білімді адам еді, жазуы да ерекше көркем болатын. Маған мәселе есептерді, геометриялық есептерді асықпай, түсінікті етіп шығаруды үйрететін. Соның арқасында мектепте математика мен геометрия есептерін тез шығаратынмын. Бұл – әкемнен қалған ең қымбат естеліктерімнің бірі.
– Әкеңіздің адамдық болмысы, ел арасында қадірлі болуы туралы не айтар едіңіз?
– Әкемнің жоғары адамгершілігі мен әділеттілігі ауылдастары мен шәкірттері арасында аңыздай айтылатын. Соғыс жылдарында депортацияланған ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, олардың ұлттық дәстүрлерін сыйлайтын, қолдан келген көмегін көрсететін. Ең алдымен анам әкемнің адалдығы мен мейірімділігін айтып отыратын. Бізге де сол қасиеттерді үлгі етті.
– Өзіңіздің ұстаз болуыңызға әкеңіздің ықпалы болды ма?
– Әрине, әкемнің ықпалы өте үлкен болды. Ол маған үнемі кітап оқуға жағдай жасайтын. Өзім бастапқыда агроном болғым келді. Сонда әкем: «Қыз балаға агрономдық ауыр жұмыс. Ол кезде агрономдар атпен егістік аралайды, бау-бақшаны қарайды, су кешеді. Мұғалім болсаңшы», – деп ақылын айтты. Әкемнің сол сөзі менің өмірлік таңдауымның бір бағытын айқындады.
– Неліктен тарих пәнін таңдадыңыз?
– Мен әдебиетті де өте жақсы көретінмін, тарихқа да ерекше қызығатынмын. Сол қызығушылығым мені Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне алып келді. 1980–1985 жылдары білім алып, оқуымды аяқтағаннан кейін тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Ұстаздық жолымды 2025 жылдың қыркүйегіне дейін жалғастырдым.
– Алғаш рет сыныпқа мұғалім болып кірген сәтіңіз есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Ең алғашқы сабағыма қандай толқыныспен кірсем, қырық жыл бойы сабаққа сол жауапкершілікпен кіріп-шықтым. Алдымда отырған әрбір оқушыны жеке тұлға, ата-ананың аманаты, білім алушы деп қабылдадым. Ұстаз үшін осы сезім жоғалмауы керек деп ойлаймын.
– Ұстаздық ғұмырыңызда жүрегіңізде ерекше қалған шәкірттеріңіз бар ма?
– Ұстаздық жолымда есте қалған оқиғалар өте көп. Шәкірттерімді бөліп-жара алмаймын, әрбірінің орны бөлек. Барлық жылдардағы оқушыларым жүрегімнің түкпірінде. Дегенмен 2005 жылғы түлектерім – Сатыбалдин Марлен, Қанаева Динара, Әлімқожаев Данияр және сол сыныптағы шәкірттерім ерекше ыстық естелік болып қалды. Жалпы, әр шәкіртіме деген махаббатым әлі күнге дейін жүрегімде.
Бұрынғы шәкірттерім мені көргенде бастарын иіп, қолдарын кеудесіне қойып амандасады. Маған одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Шәкірттеріме ризамын. Ұстаз еңбегінің үлкен бағасы – жылдар өтсе де шәкіртіңнің сені құрметпен еске алуы.
– Бүгінде әке жолын жалғаған ұрпақтарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Ұстаздық жол біздің отбасымызда жалғасын тауып келеді. Қызым Әсел Оспан – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстазы, философия ғылымдарының докторы. Биыл университеттің «Үздік ұстазы» номинациясын иеленді. Ұлым Оспан Азамат – магистр, Алматы қаласындағы гимназияда тарих пәнінің мұғалімі. Оның оқушылары республикалық, қалалық олимпиадалардың жүлдегерлері. Оспан Дина Назарбаев Университетінде магистратураның екінші курсында оқып жүр, болашақта ағылшын-испан тілдерінің маманы болуды мақсат етеді.
– Келіндеріңіз арасында да ұстаздық жолды таңдағандар бар екен.
– Иә. Келінім Айжан Байтұрсынқызы – корей тілінің мұғалімі, Алматы қаласында жұмыс істейді. Тағы бір келінім Әлия Дәрібекқызы ұстаздық мамандықты қалап, қазір білім алып жүр. Алла қаласа, бастауыш сынып мұғалімі болады. Осылайша әулетіміздегі ұстаздық дәстүр кейінгі буынмен жалғасып келеді.
– Әулетіңіздегі үлкендердің өнегесін кейінгі ұрпақ қалай жалғастырып келеді?
– Әкеміздің жолын өсиетін адал орындап келеміз. «Адал еңбек бәрін жеңбек», «Ата-баба жолын қуыңдар, байлық мұрат емес, адамгершілікті болыңдар» деген әкеміздің сөзін бауырларым да, балаларым да өмірлік ұстаным етіп келеді. Біз үшін ең үлкен мұра – дүние емес, адалдық, еңбек және адамгершілік.
– Үш буынның ұстаздығын көрген жан ретінде айтыңызшы, мұғалімнің болмысында не өзгермеуі керек?
– Заман өзгереді, мектеп өзгереді, білім беру тәсілдері жаңарады. Бірақ ұстаз қай дәуірде де ұстаз болып қалуы керек. Оның балаға деген махаббаты жүрегінде тұрса, ең басты құндылық өзгермейді.
–– Бүгінде зейнет демалысына шықтыңыз. Қазір мектепті сағынасыз ба?
– Мектептен кеткеніме бір жыл ғана болды. Десе де, сағынамын. Таңғы сағат 7:30-да көшеге шығып, мектепке бара жатқан балаларға қарап тұрамын. Қызығып та, қимай да қараймын. Өйткені мектеп – менің өмірімнің үлкен бөлігі. Расында, мен қай жерде болсам да, ұстаз-тарихшы екенімді мақтанышпен айтып отырамын. Ұстаздық – қызметтік атау ғана емес, адамның болмысына айналатын қасиет.
– Жас ұстаздарға қандай аманат айтар едіңіз?
– Жас ұстаздарға айтарым: алдарыңызда отырған оқушыларға білім мен тәрбиені қатар беріңіздер. Мамандықтарыңызға сүйіспеншілікпен қараңыздар. Әр сабақтағы 45 минуттың қадірін біліп, оны тек оқытуға, баланың дамуына арнаңыздар дер едім. Осы ретте, барша ұстазға адал еңбек етіңіздер дегім келеді. Адал еңбектің жемісі қашанда берекелі болады. Шәкірттеріміз білімді, тәрбиелі, елін сүйетін азамат болып өссін. Ұстаздың мерейі әрдайым үстем болсын!
– Әсерлі әңгімеңіз бен тағылымды естеліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әкеңізден бастау алған ұстаздық жолдың ұрпақтарыңызбен жалғасуы – үлкен өнеге. Сіздей саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білімге арнаған ардагер ұстаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Ұстаздар күні құтты болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Шәкірттеріңіздің ықыласы мен ұрпағыңыздың абыройын көріп, әулетіңіздегі ұстаздық дәстүрдің әлі талай буынға жалғасуына тілектеспін!

Сұхбаттасқан
Конбаева Ақмарал, ұстаз.
ҚОРДАЙ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.