Біз туралы
ӨРКЕНИЕТ КӨШІМЕН БІРГЕ ӨРЛЕГЕН БАСЫЛЫМ
«Дарын» шығармашылық орталығының құрылтайшылығымен шығатын облыстық педагогикалық «Білім шырағы» газеті білім саласын дамыту бағытындағы өркенді істерге өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде 3000 жуық оқырманы бар басылым қоғамға қажеттілігі мен өміршеңдігін танытты. Қоғамды өркениетке апаратын күш — білімде. Білім саласындағы барлық реформалар мен бағдарламалар тәуелсіз мемлекетіміздің мәдени, рухани, әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруды көздейді. Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызы зор мақаласында біздің еліміз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырғанын, білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін атап көрсетті. Мұның өзі мемлекетімізді дамытуға бағытталған ілкімді қадамдар екені түсінікті.
Ұлы қазақ жазушысы М.Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп оқу-білімнің маңыздылығына басымдық бергенін білесіздер. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан кейін білім саласына жыл сайын енгізіліп жатқан жаңалықтар мен білім үрдісіндегі жаңа технологияларды насихаттайтын басылымның біздің облысқа да қажеттілігі байқалды. Қайсыбыр мемлекетте болмасын оның даму болашағы білімі мен ғылымында екені белгілі, сондықтан Қазақстан бойынша білім саласында халық педагогикасын жандандыру ісі жүйелі қолға алынды. Ұлттық тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалуға тырыстық. Осы тұста сол кездегі Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы, бүгінде бақилық болған дара тұлға Әбдірахман Мамашев 1997 жылы білім басқармасының жанынан «Халық тәлімі» газетін ашып, білім саласындағы жаңашыл әдістемелерді басылым арқылы насихаттауға жол ашып берген еді. Облыстағы зиялы қауымның басым бөлігін құрайтын мұғалімдер үшін олардың кәсіби шеберліктерін ұштайтын, әріптестерімен тәжірибе алмасатын, саладағы жетістіктерін көпшілікке жеткізетін, ой-пікірлерін ортаға салатын, білімді насихаттайтын арнайы бұқаралық ақпарат құралы өте қажет еді сол бір өтпелі кезеңде. Бүгінде сол бастаманың өте көрегендік іс болғанын өмір дәлелдеп отыр.
Газеттің алғашқы редакторы Ғалым Қасабай, одан кейінгі басшылар Диқан Әбдиев, Сатылған Биғабыл, Нүрғали Әбілдаев, Гүлмира Тәжиева газет оқырмандарының жүрегінен жол табуына барынша ықпал етті. Облыстық білім басқармасын Егембердиева Бәтес Шәйменқызы, Әбдірайымов Дүйсен Исахметұлы, Құрманбекова Сұлушаш Сәтбекқызы басқарып тұрған тұста газет үлкен сұранысқа ие болғаны жасырын емес. Өйткені беделі қалыптасқан, тамыры тереңге тартқан басылым уақыт тынысын айшықтап, жаңалықтың жаршысы бола білді. Әр жылдары газетте кең ауқымды тақырыптар қамтылып, оқырмандардың газетке сұранысы артып, қызығұшылықтары басым болды.
«Халық тәлімі» газеті уақыт ағымына қарай «Білім шуағы», ал бүгінгі таңда «Білім шырағы» деген атауға ие болып отыр. Аты өзгергенмен, алға қойған мақсаты, бағыты сол қалпын сақтап отырған басылымның жарыққа шығып, оқырмандарына жол тартқанына 20 жылдан асты. Қазақтың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – қоғамның көзі, құлағы, һәм тілі» деуі арқылы басылымның қоғамға қаншалықты қажеттілігін салмақтап берді. Педагогика саласының ғалымдары айтқандай: «Ұстаз өзінің ізденісін тоқтатқан кезден бастап ұстаздығын жоғалтады» демекші, әрдайым әдістемелік ізденісте жүретін ұстаздар «Білім шырағынан» да қол үзбегенінің куәсі болып жүрміз. 2015 жылдан бастап облыс ұстаздарының сұранысымен ғылыми-әдістемелік «Озық сабақ» журналы ашылды. Бүгінде аталмыш журналдың өңіріміздегі педагогтардың әдістемелік тәжірибе алмасуының «алтын көпіріне» айналғанын айта кеткен жөн.
Қазіргі таңда «Дарын» шығармашылық орталығының құрылтайшылығымен шығатын «Білім шырағы» газеті білім саласын дамыту бағытындағы өркенді істерге өзіндік үлесін қосып келеді. Оқырмандардың жүрегіне жол тауып, сала қызметкерлерінің іздеп оқитын басылымына айналған бұл газет қоғамға қажеттілігін көрсетіп отыр. Өйткені, ол – облыста осы саланың ағымдағы ақпараттары мен маңызды мәселелерін терең талдап, зерттеп-зерделеп жариялайтын басылым. Елбасының жалпы білім беретін орта мектептерді Назарбаев зияткерлік мектебі деңгейіне жеткізу, үштілділік, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы тапсырмаларын насихаттауда ортақ пікір, ойлы көзқарастар мен ұтымды ұсыныстар мінберіне айналып отыр. Ал, жасөспірімдердің әдеби, мәдени, қоғамдық тұрғыдан білім көкжиегін кеңейтуге, танымдық көзқарасын арттыруға бағытталған ғылыми-танымдық «Жас дарын» журналы жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарын жариялап, оқушылардың жаңашылдық, өнертапқыштық жолындағы ізденістеріне қолдау көрсету, оларды ынталандыру мақсатын ұстанған. «Кітап оқуға шақырамыз!», «Мамандық таңдай білесің бе?», «Ғылым орталығында», «Сен де жасап үйрен», «Тарихтан тағылым», «Жас ғалым» тағы басқа да айдарларға жас оқырмандарымыз да атсалысып, қалам тербеп келеді. Ұстаздар мен оқушылар мектеп атты қасиетті қара шаңырақта бірге білім мен тәрбиенің қос қанатында жүрген соң «Жас дарынға» да бірлесе келіп, еңбектерін жарыққа шығаруға ынтасы жоғары. Оқырмандардың талабын орындауға біз де әрдайым ықыластымыз.
Редакция мекенжайы: Тараз қаласы Байзақ батыр көшесі, 40 үй
Байланыс телефондары: офис – 8/7262/ — 45-86-37, 8-702-675-62-48, 8-771-234-66-08