Ещё один сайт на WordPress

БІЛІМНІҢ ШЫРАҒЫН ЖАҚҚАН ШАҢЫРАҚ

0

Қалыбаевтар әулетінің ұстаздықпен өрілген өмір жолы

Ұстаздық – ұрпаққа білім берумен ғана шектелмейтін, адам жүрегіне із қалдырып, елдің ертеңін қалыптастыратын айрықша жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол. Бұл жолды өмірлік мұрат еткен жанның еңбегі бір сыныптың немесе бір мектептің аясында қалмай, шәкірт жүрегінен жалғасып, жылдар өте келе ел игілігіне айналады. Ал ұстаздықты тұтас әулеттің тағдырына айналдыру – мамандыққа деген адалдықтың, білім мен тәрбиеге деген құрметтің биік көрінісі.

Киелі Әулиеата жерінде ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнап, ұстаздықтың өнегелі дәстүрін кейінгі буынға жалғап келе жатқан әулеттер аз емес. Солардың қатарында Жамбыл ауданындағы Қалыбаевтар отбасының орны айрықша. Бұл әулет үшін ұстаздық жүрек қалауымен қалыптасқан өмір салты, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл аманат десек, артық емес. Бірінің ізін бірі басқан отбасы мүшелерінің тағдырынан білім саласына деген сүйіспеншілік пен шәкірт тәрбиесіне деген жауапкершілікті анық аңғаруға болады.
Қалыбаевтар әулетінің ағартушылық шежіресінің бастауында Ыбышбай Қалыбаев тұр. Ыбышбай Байдылдаұлы сол кездегі Киров атындағы ҚАЗМУ-дың «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығын тәмамдап, саналы ғұмырының 30 жылға жуық уақытын білім беру саласына арнады. Ұлы Отан соғысының ардагері, әскери шені капитан болған ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеумен қатар, бейбіт күнде жас ұрпақтың тәрбиесіне де белсене атсалысты. Мектеп басқарған жылдарында оқу ордасының жауапкершілігін мойнына алып, ұстаздық пен ұйымдастырушылықты қатар алып жүрді.
Ыбышбай Байдылдаұлының өмірлік серігі Күләш Әлімбекқызы да отбасының ұстаздық жолын жалғастырған аяулы жан. Ол Жамбыл педагогикалық училищесін тәмамдап, 41 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Бала жүрегіне білімнің алғашқы дәнін сеуіп, әліппеден бастап үлкен өмірге қадам басқан талай шәкірттің сауатын ашқан Күләш Қалыбаева да ұстаздықты абыройлы міндет деп білді. Ұлағатты ұстаздық еңбегімен қатар, ол отбасының берекесін ұйытып, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ардақты ана болды. Көпбалалы отбасының тәрбиесі мен өнегесін абыроймен арқалаған Күләш Әлімбекқызы «Алтын алқа» алқасымен марапатталған Батыр ана атанды.
Бірі тарихтың тереңіне үңілтіп, елдік сананы қалыптастыруға еңбек етсе, екіншісі баланың білім әлеміне алғаш қадам басуына жол ашты. Осылайша ерлі-зайыптылардың отбасындағы кәсіби ұстанымы перзенттерінің де өмірлік таңдауына әсер етіп, ұстаздық дәстүрдің берік негізін қалады.
Ерлі-зайыпты Ыбышбай мен Күләш Қалыбаевтар он перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол он баланың сегізі өмірден өз орнын тапқан. Алайда бұл отбасының ең үлкен байлығы – перзенттерінің саны ғана емес, олардың бойына сіңірген тәрбиесі мен берген бағыты еді. Балалары әке-шешесінің күнделікті тіршілігінен ұстаздық еңбектің қадірін көріп өсті. Үйдегі әңгіме білім мен мектептен, шәкірт пен сабақтан өріліп жатты. Ұстаздықтың қиындығы да, қызығы да, жауапкершілігі де сол балалардың көз алдында қалыптасты. Сөйтіп, әке мен ананың кәсіби жолы балаларының санасында бірте-бірте өмірлік бағдарға айналды. Осы шаңырақтан тараған ұл-қыздарының арасынан дәл ұстаздықты таңдағандардың қарасы қалың болуы да сондықтан болар.
Әулеттің ұлы Жахан Қалыбаев та ата-анасының ізін жалғап, ұстаздық жолды таңдады. Жамбыл педагогикалық институтын тәмамдаған ол 41 жыл бойы алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Қаншама шәкіртіне білімнің кілтін ұстатып, қанаттарын қатайтып, қияларға самғатты. Жахан Ыбышбайұлының жұбайы Рыскүл Сапиева да білім саласынан өз орнын тапты. Ол Семей педагогикалық институтын бітіріп, 33 жыл бойы қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ерлі-зайыптылардың бірі – әскери тәртіпке баулыса, екіншісі – ана тілінің қадірін ұғындырды. Осылайша бір жанұяның өзінен шәкірт санасына сан түрлі білімнің дәні себілді. Мұның өзі осы әулеттегі ұстаздық дәстүрдің отбасылық сипат алғанын одан сайын аңғарта түсетіндей.
Әулеттің тағы бір қызы Рабиға Қалыбаева да ата-анасының жолын жалғады. Жамбыл технологиялық институтын бітірген Рабиға Ыбышбайқызы технология пәнінің мұғалімі болып, 38 жыл дәріс берді. Бұл пән арқылы шәкіртті еңбекке баулу, ұқыптылыққа үйрету, қолынан іс келетін, жауапкершілігі мол азамат қалыптастыруға ықпал етті. Рабиға апайдың ұстаздық жолы да бір ғана пәнді оқытумен шектелмей, баланың бойына еңбекке деген құрметті сіңіруге бағытталды.
Бұл отбасының ұстаздық шежіресінде Жарқын Қалыбаевты айрықша атап өткеніміз абзал. Жарқын Ыбышбайұлы Жамбыл педагогикалық институтын «орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, ширек ғасыр бойы мектепте ұстаздық етті. Осы жылдар ішінде ол шәкірт тәрбиесі мен оқу үдерісінің қыр-сырын терең меңгеріп, тәжірибелі педагог ретінде қалыптасты. Ұстаздық қызметте жинақтаған мол тәжірибесі мен ұйымдас-
тырушылық қабілеті оны білім ордасын басқару ісіне алып келді.
Жарқын Ыбышбайұлы Айша бибі атындағы орта мектепті он жылға жуық басқарып, оқу ордасының өркендеуіне елеулі еңбек сіңірді. Ол үшін мектеп басқаруға тек әкімшілік міндеттерді атқару емес, ең алдымен, ұстаз бен шәкіртке қолайлы орта қалыптастырып, білім сапасын арттыруға бағытталған үлкен жауапкершілік ретінде қарады. Осы ұстаныммен еңбек еткен басшы мектептің ішкі әлеуетін тиімді пайдалануға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға және оқу үдерісінің сапасын жақсартуға басымдық берді. Оның басшылық еткен кезеңінде мектептің сапалы құрамы да жоғарылай түсті. Білімді де білікті, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаздарды топтастырып, педагогикалық ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруға мән берілді. Өйткені білім сапасының ең басты тірегі – заманауи талапты меңгерген, ізденістен жалықпайтын мұғалім екені белгілі. Ұжымдағы өзара түсіністік пен кәсіби ізденіске негізделген орта қалыптастыру арқылы мектептің білім беру бағытындағы мүмкіндіктері кеңейе түсті.
Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да айрықша көңіл бөлінді. Оқу үдерісінің сапасы білім мазмұнымен ғана емес, оқушыға жасалған жағдаймен де тікелей байланысты екенін жақсы түсінген басшы мектептің материалдық мүмкіндігін жақсартуды маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырды. Оқу кабинеттерінің жағдайын жақсарту, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар оқу орнының жалпы әлеуетін көтеруге ықпал етті.
– Бала кезімде медицина қызметкері болуды армандадым. Ақ халатты абзал жандардың адам өміріне араша болып, науқасқа шипа сыйлайтын еңбегіне қызығатынмын. Осы арман жетелеп, 8-сыныптан кейін қазіргі Тараз қаласындағы медициналық училищеге орыс тілі мен математика пәндерінен емтихан тапсырдым. Алайда бағым жанбай, төмен баға алып, оқуға түсе алмадым. 9-сыныптан кейін де талабымды қайталап көрдім. Бірақ бұл жолы да жолым болмады. Сол кезде бұл сәтсіздіктерді үлкен өкінішпен қабылдағаным рас. Алайда уақыт өте келе адамның маңдайына жазылған жолдың кейде өзі қалаған бағыттан мүлде бөлек болатынын түсіндім. 10-сыныпты тәмамдаған соң екі жыл Германияда әскери борышымды өтедім. Елге оралған соң әкем өмірден өтті. Бұл отбасымыз үшін ауыр кезең болды. Әкемнің орны ойсырап, анама қолғабыс ету, ауыртпалығын бөлісу қажеттігін сезіндім. Сөйтіп, сол кездегі Ақкөл ұжымшарына жұмысқа орналастым. Алғашында көлік жүргіздім. Кейін қоғамдық жұмыстарға араласып, комсомол хатшысы болдым. Одан соң спорт әдіскері қызметін атқардым. Осылайша ауыл өмірінің әр қырын көріп, елмен етене араластым. Әртүрлі қызмет атқара жүріп, адамдармен жұмыс істеудің, жауапкершілік алудың, ұйымдастыру-
шылықтың қыр-сырын меңгердім.
Араға уақыт салып, институтты тәмамдағаннан кейін, шамамен 1985 жылдары ұжымшардан мектепке ауысып, директордың тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Мектеп қабырғасына алғаш рет басшылық қызметпен келгеніммен, бұл орта маған бөтен емес еді. Баламен, ұстазбен, ата-анамен жұмыс істей жүріп, мектептің тек білім беретін орын емес, жас ұрпақтың мінезі мен азаматтық болмысы қалыптасатын үлкен тәрбие ордасы екенін терең түсіндім. Бұл қызметте үш жылдай еңбек еткен соң, 1988 жылы аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауыстым. Алайда көп ұзамай елдегі қоғамдық-саяси өзгерістер жұмыс жағдайына да әсер етті. Заман өзгеріп, тоқырау кезеңі басталып, ұжымшарлар тарады. Мен де жұмыссыз қалғандардың қатарында болдым. Осындай қиын кезеңде анаммен ақылдасып, қайтадан мектепке баруды жөн көрдім. Мектепке қайта оралғанда алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылдандым. Әскери борышымды өтеген, запастағы офицер, аға лейтенант шеніндегі азамат ретінде бұл пән маған жақын еді. Жасөспірімдерге әскери дайындық негіздерін үйретумен қатар, тәртіптілік, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді қасиеттерді бойына сіңіруге тырыстым. Дегенмен, бір жылдан кейін директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Бұл жауапты қызметті он жылдай атқардым. Оқу үдерісін ұйымдастыру, мұғалімдердің жұмысын үйлестіру, білім сапасын бақылау, оқушылардың үлгерімін саралау сияқты күнделікті міндеттермен бірге мектептің жалпы дамуына атсалыстым.
Өмір жолыма кейде ой жүгіртсем, балалық шақтағы медицина қызметкері болсам деген арманым мені мүлде басқа арнаға алып келген екен. Медициналық училищеге түсе алмағаным, әскери қызмет, әкемнен айырылу, анама қолғабыс ету үшін ауылдағы еңбекке араласу, комсомол және спорт саласындағы қызметтер, мектептегі тәрбие жұмысы, аудандық партия комитетіндегі еңбек – осының бәрі менің өмірлік тәжірибемді қалыптастырған белестер болды. Бір қарағанда бір-біріне қатысы жоқтай көрінетін осы кезеңдердің барлығы ақырында мені мектепке қайта әкелді. Әскер маған тәртіпті үйретсе, ауылдағы еңбек жауапкершілік пен төзімділікті қалыптастырды. Қоғамдық қызмет адамдармен жұмыс істеуге баулыса, мектеп менің өмірлік орнымды айқындады, — деді Жарқын Ыбышбайұлы өткен күндеріне көз тастай отырып.
Жарқын Ыбышбайұлының қоғамдық белсенділігі зейнетке шыққаннан кейін де бәсеңдеген жоқ. Қайта, жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен елмен етене араласқан өмір жолы оны ауылдың қоғамдық жұмысына жақындата түсті. Бүгінде ол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде елдің бірлігі мен берекесін бекемдеуге, жер-
лестерінің талап-тілегі мен ұсыныстарын тиісті орындарға жеткізуге атсалысып келеді. Ардагерлер кеңесін басқара отырып, ауылдағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып жүр. Қоғамдық жұмысты азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі деп білетін ол ауыл жастарына да үнемі бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Жастармен кездескенде өмірден көргенін ортаға салып, білім алуға, еңбек етуге, елге қызмет етуге үндейді.
Бүгінде оның ұстаздық ұлағатты жолдағы еселі еңбегі «Жамбыл ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жамбыл ауданының құрметті ардагері» төсбелгілерімен айшықталған.
Жарқын Қалыбаевтың жары Ғалия Жұматинова да осы әулеттің ұстаздық шежіресіне өзіндік үлесін қосты. Жамбыл педагогикалық институтын физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған Ғалия Биболқызы 36 жыл еңбек етті. Бір әулеттің бір шаңырағында орыс тілі мен әдебиеті мен физика секілді екі түрлі саланың маманының өмірлік серік болуы да ұстаздыққа деген ортақ құрметтің жарасымды көрінісіндей.
Жарқын ұстаздың қарындасы Әлия Қалыбаева да ұстаздық жолға бар ғұмырын арнады. Ол Украинадағы Черкассы педагогикалық институтын «орыс тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, 43 жыл бойы шәкірт тәрбиеледі. Туған елден жырақта білім алып, сол білімін ел игілігіне жұмсаған оның еңбек жолы да өзінше бір тағылым. Әулеттің тағы бір қызы Жанна Қалыбаева да орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығын таңдаған. Жамбыл педагогикалық институтын тәмамдаған ол 40 жыл бойы білім саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде ұстаздық тәжірибесін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасында бас маман ретінде жалғастырып келеді. Яғни оның қызмет жолы мектеп сыныбынан білім саласын басқару мен ұйымдастыру кеңістігіне ұласқан. Бұл да ұстаздық еңбектің бір ғана мектептің қабырғасымен шектелмейтінін көрсетеді.
Ал Дана Қалыбаева Жамбыл педагогикалық институтын бітіріп, «сурет және сызу пәнінің мұғалімі» мамандығын игерді. Сегіз жылдай ұстаздық еткен ол бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрған. Дегенмен мамандығы басқа арнаға бұрылғанымен, ұстаздық ортада қалыптасқан еңбекқорлық, жауапкершілік, адамдармен жұмыс істей білу секілді қасиеттер оның қазіргі өмір жолында да өз пайдасын тигізері анық.
Қалыбаевтар әулетінің шежіресін ерекшелендіріп тұрған тағы бір нәрсе – ұстаздық дәстүрдің келесі буынға да жетуі. Әулеттің кейінгі өкілдерінің арасынан да педагогикалық мамандықты таңдаған жастар бар. Солардың бірі – Жарқын ұстаздың қызы Гаухар Қалыбаева. Ол М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «орыс тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде еңбек өтілі 6 жылға жеткен білікті маман Жамбыл ауданындағы Шайдана ауылының №5 орта мектебінде сабақ береді.
Бұл жанұядағы ұрпақтар сабақтастығының тағы бір мысалы – әулеттің жиені Нұрай Қалыбаева. Ол М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде облыстық Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған әскери мектепте дәріс береді. Ұстаздық еңбек жолын енді ғана бастап келе жатқан жас маманның еңбек өтілі – бір жыл. Бір қарағанда бұл аз уақыт көрінуі мүмкін. Бірақ ұстаздық жолдың ұзақтығы жыл санымен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы жас маманның сол жолды қандай ниетпен бастап, қандай жауапкершілікпен жалғастыратынында жатыр. Нұрайдың таңдауы да әулетте қалыптасқан дәстүрдің жас ұрпақтың жүрегінен де орын тапқанын аңғартады.
Қалыбаевтар әулетінің тағылымды тарихына үңілгенде, адам өміріндегі мамандық таңдаудың ғана емес, сол таңдауға адал болудың мәні айқын аңғарылады. Әулеттің әр буыны өз заманының талабына сай еңбек етіп, маңдай терімен елге қызмет етудің өзіндік үлгісін қалыптастырды. Бірі мектеп қабырғасында шәкіртке тәлім берсе, енді бірі білім саласын ұйымдастыруға атсалысып, кейінгісі жаңа буынға жол ашып келеді. Осы сабақтастықтың өзегінде атақ пен мансап емес, ел болашағына деген азаматтық жауапкершілік жатқаны белгілі.
Уақыт өзгеріп, білім беру жүйесіне қойылатын талаптар жаңарғанымен, Қалыбаевтар әулетінің өмір жолындағы басты құндылық өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол – еңбекті қадірлеу, адамға бағыт көрсету және алған білімді қоғам игілігіне жарату. Сондықтан бұл әулеттің өнегесі ұрпақ тәрбиесіне деген берік ұстанымның жарқын көрінісі ретінде бағалы. Кешегі буынның маңдай терімен қаланған жол бүгінгі жастардың таңдауымен жалғасып, ертеңгі ұрпаққа жаңа белестерге бастар бағыт-бағдар болып қала бермек.

Қ.Қаптағай,
журналист.
Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.