БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРДІ
БҰЛ ЖАҢАШЫЛДЫҚ БІЛІМ САПАСЫНА ӘСЕР ЕТЕ АЛА МА?
Биылғы жаңа оқу жылындағы басты жаңалықтардың бірі – бастауыш сыныптарда бағалау жүйесінің өзгеруі. Бұл туралы күні кеше ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова баспасөз конференциясында ресми мәлімдеді.
Оның айтуынша, формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы нәтижесін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір бөлім немесе бөлімдер аяқталғаннан кейін сол кезеңде меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға бағытталады.
– Аралық бағалаудың енгізілуімен бағалау жұмыстарының құрылымы да өзгереді. Бұған дейін бөлім аяқталған соң БЖБ өткізіліп, тоқсан соңында сол тоқсанда өткен бөлімдердің мазмұнын қамтитын ТЖБ орындалатын. Яғни бөлім бойынша бағаланатын оқу материалы тоқсандық жиынтық бағалау барысында қайта қамтылатын жағдайлар болды, — деді Шынар Ақпарова.
Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады. Осылайша тоқсан соңында бұрын бағаланған бөлімдерді қайта қамтитын жеке жиынтық жұмыс жүргізілмейді.
– Бұған дейін математика пәнінен бір тоқсанда 3 БЖБ және 1 ТЖБ өткізілсе, оқушы барлығы 4 бағалау жұмысын орындайтын. Жаңа тәртіпте тиісті бөлімдер аяқталған сайын әр бөлімнен кейін аралық бағалау жүргізіледі, ал тоқсан соңындағы жеке ТЖБ алып тасталады, — деді вице-министр.
Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Министрлік бұл өзгеріс оқушының бағалау жүктемесін оңтайландыруға, сондай-ақ педагогтің ТЖБ тапсырмаларын бөлек әзірлеуге, өткізуге және тексеруге жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп отыр.
Сонымен қатар аралық бағалаудың өткізілу форматы мен мазмұны да өзгереді.
– Бұған дейін диктант, бақылау жұмысы, шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстары формативтік бағалау аясында өткізіліп, оларды орындауға сабақтың шамамен 20–25 минуты бөлінетін. Енді мұндай жұмыстар аралық бағалау-
дың негізгі нысандарының бірі ретінде өткізіліп, оларды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі, — деп түйіндеді Шынар Қуанышқызы.
Дегенмен, бұл өзгерістер бастауыштағы барлық сыныпқа қатысты емес екенін айта кетейік. Өйткені, 1-сыныптарда бағалау тәртібі өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, бұған дейін жеке бағаланбаған цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру пәндері бойынша да формативтік бағалау жүргізіліп, аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.
Мұндай шешімнің қабылдануына түрткі болған – салалық министрлік Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің тиімділігін зерделеуге бағытталған кешенді жұмыстың жүргізілуі. Оның ішінде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) мәселелері де қарастырылған. Талдау жүргізуге ата-аналардың бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны қолдану мәселелерін талқылауды өтінулері, сондай-ақ педагогтер қауымдастығының критериалды бағалау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары негіз болған. Жан-жақты сараланған талдау бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны қолдану оқушылардың оқу жетістіктерін толық көлемде көрсете бермейтінін, балаларға қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсіретінін көрсетіпті.
Алайда, бұл өзгерісті педагогтер қауымы бірауыздан тегіс қолдап жатыр деуден аулақпыз. Соның бір дәлелі – әлеуметтік желі белсендісі, ұстаз Жанар Сағынбай төмендегі пікірі.
– Біз бұрынғы БЖБ-ның мәнін дұрыс түсіндік пе? Біріншіден, бұрынғы критериалды бағалау жүйесіне қатысты бір маңызды мәселені айту керек. Кейбір мұғалімдер БЖБ-ны «бөлім біткен соң өткізілетін бақылау жұмысы» деп қабылдады. Соның салдарынан БЖБ-ның негізгі мақсаты екінші орынға түсіп қалды. Ал критериалды бағалаудың мәні – баланың қанша тапсырманы дұрыс орындағанын ғана анықтау емес, оқу мақсатына қаншалықты жеткенін анықтау. Сондықтан сапалы БЖБ оқу мақсаты → бағалау критерийі → тапсырма → дескриптор → оқушы нәтижесі → кері байланыс деген біртұтас логикамен құрылуы керек еді. Демек, бұрынғы БЖБ-ны түсінбеу – оның жүйе ретінде дұрыс жұмыс істемеуіне себеп болуы мүмкін. Бірақ бұл жүйенің өзі дұрыс болмады дегенді білдірмейді.
Егер кейбір мұғалімдер БЖБ-ны тек «артық қағаз», «тағы бір бақылау жұмысы» ретінде қабылдаса, мәселені БЖБ-ны жоюмен шешу – ең тиімді жол ма деген сұрақ туындайды. Енді жаңа талап мұғалімнен нені талап етеді? Мысалы, әдебиеттік оқуда оқушыға мазмұндама жаздыруды алайық. Бір қарағанда өте қарапайым: мәтінді оқыды → мазмұндама жазды → мұғалім тексерді. Бірақ кәсіби бағалау тұрғысынан бұл жерде бірнеше түрлі дағды бар. Оқушы мәтінді түсінді ме, негізгі ақпаратты анықтады ма, маңызды және қосымша ақпаратты ажырата алды ма, оқиғалардың ретін сақтады ма және т.б. Міне, мәселе дәл осы жерде басталады. Мұғалім енді жай ғана «мазмұндама жақсы» немесе «мазмұндама нашар» деп баға қоя алмайды. Ол нақты нені бағалап тұрғанын білуі керек. Осы ретте, мазмұндама мен оқу сауаттылығын бір нәрсе деп бағалауға болмайды Бұл – жаңа жүйедегі ең маңызды мәселенің бірі.
Мысалы, оқушы мәтінді өте жақсы түсінді. Мәтін бойынша қойылған сұрақтардың бәріне дұрыс жауап берді. Негізгі ойды анықтады. Бірақ мазмұндама жазғанда орфографиялық қателері көп болды. Бұл жағдайда «Оқушының оқу сауаттылығы төмен» деуге бола ма? Әрине, болмайды. Өйткені мұнда екі түрлі дағды бар: «оқылым» және «жазылым». Керісінше, оқушының жазуы өте сауатты болуы мүмкін, бірақ мәтіннің негізгі ойын түсінбеуі мүмкін. Сондықтан мұғалім бір ғана «мазмұндама» арқылы барлық дағдыны бір өлшеммен бағаласа, бағалау әділ болмайды. Ең күрделі мәселе – бағалау критерийін құрастыру. Мұғалім үшін нағыз кәсіби жұмыс осы жерде басталады.
Мысалы «Мәтінді түсінеді және мазмұнын жазады» деген критерий жеткілікті ме? Жоқ! Өйткені бұл критерийдің ішінде бірнеше түрлі әрекет бірігіп кеткен. Ал жақсы критерий оқушыдан нақты қандай нәтиже күтілетінін көрсетуі керек.
Демек, «БЖБ алынып тасталды» деген сөз мұғалімнің бағалау сауаттылығына қойылатын талаптың да азайғанын білдірмейді. Керісінше, мұғалімнің кәсіби еркіндігі артқан сайын кәсіби жауапкершілігі де артады. Бұрынғы БЖБ-ның бір артықшылығы неде еді? Бұрынғы жүйенің жақсы жағы бағалау процесінің логикасы мұғалімге айқынырақ еді.
Жаңа жүйеде мұғалімге белгілі бір деңгейде еркіндік берілді: «Осы пәннің ерекшелігіне қарай бағалаудың тиісті нысанын таңда». Бұл жақсы мүмкіндік. Бірақ еркіндікпен бірге жауапкершілік те келеді. Себебі, осы арқылы мұғалімнің кәсіби біліміне деген талап күшейді.
Егер БЖБ оқу мақсатымен байланыспаса, бірдей типтегі тапсырмалардан тұрса, дескриптор тек формалды жазылса, мұғалім оқушының қателігін талдамаса;, нәтижесі келесі оқытуға пайдаланылмаса, онда әрине, ол артық жұмысқа айналады. Бірақ бұл жағдайда мәселе БЖБ-ның өзінде емес, оны ұйымдастыру сапасында. Мысалы, көлік жүргізуді дұрыс білмеген адам жолдың қауіпті екенін айтып, жолды жауып тастаса, мәселе жолда ма, әлде оны пайдалану мәдениетінде ме? Бағалау жүйесіне де осы тұрғыдан қарау қажет. Демек, БЖБ-ны түсінбеген мұғалім үшін ғана ол – артық жұмыс. Ал, БЖБ-ның мақсатын түсінген мұғалім үшін ол – оқушының оқу нәтижесін анықтайтын құрал.
Ең басты қауіп – «жеңілдету» мен «сапаны төмендетуді» шатастыру. Әрине. білім беру жүйесінде мұғалімнің жүктемесін азайту – өте дұрыс мақсат. Мұғалімді қажетсіз есептен, қайталанатын құжаттан, формализмнен босату керек. Бірақ бағалау сапасын төмендету арқылы мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге болмайды. Өйткені бағалау – оқушының келесі қадамын анықтайтын құрал. Егер мұғалім оқушының қай жерде қиналғанын анықтай алмаса, келесі сабақты қалай жоспарлайды? Егер оқу сауаттылығы төмен екенін білмесе, қандай әдістемелік көмек береді? Егер оқушы мәтінді түсінбегенін жазу сауаттылығының төмендігімен шатастырса, қандай қорытынды жасайды? Сондықтан мұндағы мәселе «Біз оқушының нақты қандай оқу нәтижесін бағалап жатырмыз және оны қаншалықты әділ бағалап отырмыз?» деген сұрақта жатыр. Менің ойымша, қазіргі өзгерісті «мұғалімнің жұмысын жеңілдетті» деп бағалау – мәселенің бір жағын ғана көру. Иә, белгілі бір деңгейде құжаттық және техникалық жүктеме азаюы мүмкін. Бірақ мұғалімнің бағалаушы ретіндегі кәсіби жауапкершілігі азаймайды. Керісінше, мұғалімге: оқу мақсатын түсіну → тапсырма таңдау → критерий құру → дескриптор әзірлеу → бірнеше дағдыны ажыратып бағалау → нәтижені талдау сияқты күрделі кәсіби әрекеттер қажет. Қорыта айтқанда, мұғалімге бағалауды алып тастау емес, бағалауды дұрыс жүргізуді үйрету керек, – деп жазды ұстаз әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бағалау жүйесіндегі өзгеріс асығыс қабылданды деп санайтын ұстаздың бірі – бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгүл Сәрсенова.
– Білім беру жүйесіндегі кез келген өзгерістің мақсаты – баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау. Сондықтан оқушыға түсетін артық жүктемені азайту, бағалауды ізгілендіру бастамасын түсінуге болады. Алайда, БЖБ мен ТЖБ-ның қазіргі форматын өзгертуге қатысты шешімді әлі де шикі деп санаймын. Меніңше, мәселе БЖБ мен ТЖБ-ның өзінде емес, оның қалай өткізілетінінде. Егер жиынтық бағалауда кемшілік болса, оны жетілдіру керек еді. Ал бағалаудың өзін алып тастау арқылы баланың білімін объективті өлшейтін құралды әлсіретіп алуымыз мүмкін.
Бұған дейін БЖБ оқушының белгілі бір бөлімді қаншалықты меңгергенін, ал ТЖБ тоқсан бойындағы білім нәтижесін бағалауға мүмкіндік берді. Әрине, бұл жұмыстар баланың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Бірақ оны бағалаудың өзін жоюмен емес, өткізу формасын өзгерту арқылы шешуге болатын еді. Енді БЖБ орнына аралық бағалау енгізіледі. Яғни бөлім аяқталған сайын оқушы бәрібір арнайы бағалау жұмысын орындайды. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: егер бөлім соңында оқушының білімі арнайы жұмыс арқылы бағаланатын болса, оның бұрынғы БЖБ-дан принципті айырмашылығы неде?
Бұл тұста тағы бір алаңдататын мәселе – формативтік бағалаудың үлесін 50 пайызға дейін арттыруы. Формативтік бағалау мұғалімнің күнделікті бақылауы мен кері байланысына негізделеді. Бір мұғалім оқушының сабақтағы белсенділігін жоғары бағаласа, екіншісі жазбаша жұмысқа көбірек мән беруі мүмкін. Бірдей нәтиже көрсеткен екі оқушының бағасы әртүрлі болуы ықтимал. Бұл жерде мұғалімге сенім арту керек. Бірақ сенім мен объективті өлшем қатар жүруге тиіс.
БЖБ мен ТЖБ-ның бір артықшылығы ортақ критерий арқылы оқушылардың білімін салыс-
тырмалы түрде біркелкі бағалауға мүмкіндік беруінде еді. Енді бағалаудың жартысына жуығы күнделікті сабақтағы мұғалім бағасына тәуелді болады. Бұл әсіресе ата-ана үшін де маңызды. Себебі тоқсандық бағаның қандай деңгейде қойылғанын түсіну қиындай түсуі мүмкін. Бір мектептегі мұғалімнің бағалауы екіншісінен өзгеше болуы ықтимал.
БЖБ мен ТЖБ жойылғанымен, аралық бағалау қалады. Оған қоса формативтік бағалау күшейеді. Демек, бағалаудың атауы мен формасы өзгергенімен, мұғалімнің бағалау жұмысы толық жеңілдейді деп айту қиын. Меніңше, біз бағалаудың санын емес, сапасын талқылауымыз керек. Дегенмен, ТЖБ-ны да міндетті түрде бұрынғы форматта қалдыру қажет емес. Оны көлемді бақылау жұмысы емес, тоқсан соңындағы кешенді практикалық, шығармашылық немесе жобалық жұмыс түріне ауыстыруға болар еді. Сонда оқушы тек жаттағанын емес, алған білімін қолдана алатынын көрсетеді. Ең бастысы – білім саласындағы реформалар жиі өзгермеуі керек. Мұғалім әр бірнеше жыл сайын жаңа бағалау жүйесіне бейімделумен емес, баланы оқытумен көбірек айналысқаны абзал. Сондықтан бұл менің жаңашылдыққа қарсы болғаным емес, керісінше, әрбір реформаның нәтижесі нақты дәлелмен өлшенуі керек деп есептейтініммен байланысты. БЖБ мен ТЖБ-ның кемшілігі болса, оны түзетуге болады. Бірақ олардың орнына енгізілетін жаңа жүйе баланың білімін бұрынғыдан да объективті бағалайтынына нақты кепіл болуы қажет. Бағалауды жеңілдетуге болады. Бірақ білім сапасын өлшеуді жеңілдетуге болмайды. Бастауыш сынып – бала білімінің іргетасы қаланатын кезең. Сондықтан бұл жерде кез келген өзгеріс эксперимент емес, нақты зерттеу мен дәлелге сүйенуі керек, — деді Айгүл Аманжолқызы.
Саладағы бұл жаңашылдықты қолдайтын ұстаздар да баршылық. Солардың қатарында бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Қасымова да бар.
– Мен педагог ретінде 2-4 сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастауға бағытталған өзгерісті қолдаймын. Себебі бастауыш мектептің негізгі міндеті – баланы бағамен жарыстыру емес, оқуға қызықтыру, білім алуға деген ынтасын қалыптастыру және өзіне деген сенімін арттыру.
БЖБ мен ТЖБ белгілі бір кезеңдегі білім нәтижесін өлшейді. Бірақ бастауыш сынып оқушысының білімін тек тоқсандық немесе бөлімдік бақылау арқылы бағалау жеткіліксіз. Баланың күнделікті сабақтағы белсенділігі, тапсырманы орындауы, оқу дағдысы, ауызша жауабы, шығармашылық жұмысы оның нақты ілгерілеуін әлдеқайда жақсы көрсетеді.
Ең маңыздысы – бұл білім талабын төмендету емес, бағалаудың тәсілін өзгерту. БЖБ мен ТЖБ болмайды деген сөз мұғалім баланың білімін бақыламайды дегенді білдірмейді. Керісінше, қалыптастырушы бағалау арқылы оқушының қай тақырыпты меңгермегенін дер кезінде анықтап, сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік көбейеді.
Тағы бір маңызды мәселе – баланың психологиялық жағдайы. Бастауыш сынып оқушысы үшін әрбір бақылау жұмысы үлкен жауапкершілікке айналып, кейде «білім алу» мақсатын «жоғары балл алу» мақсатына ауыстырып жібереді. Бала қателесуден қорықпауы керек. Қате – білім алудың бір бөлігі.
Бұл өзгеріс мұғалімнің жауапкершілігін де азайтпайды. Керісінше, педагогтен әр оқушының күнделікті оқу барысын терең бақылауды, жеке кері байланыс беруді және біліміндегі олқылықпен уақытылы жұмыс істеуді талап етеді. Мемлекеттің білім саясаты да білім беру жүйесін оқушының қажеттілігіне қайта бағдарлауды көздейді. Сондықтан мен бұл қадамды «бағалаудан бас тарту» емес, «баланы бағалауға деген көзқарасты өзгерту» деп қабылдаймын. Бастауышта біз балаға ең алдымен: «Қанша балл алдың?» емес, «Нені үйрендің, нені түсіндің, тағы нені меңгеруің керек?» деген сұрақты қоюымыз керек. Өйткені бастауыш мектептің басты нәтижесі – жоғары баға алған бала емес, білім алуға қызығатын бала, — дейді ұлағатты ұстаз.
Қорыта айтқанда, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің өзгеруі – біржақты бағалауды қажет ететін мәселе емес. Бір тарап бұл қадамды оқушының оқу және эмоционалдық жүктемесін азайтатын, мұғалімнің уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жаңашылдық ретінде қабылдаса, енді бірі жиынтық бағалаудың объективті өлшем ретіндегі маңызын алға тартады.
Жаңа жүйенің тиімділігі оның атауының өзгеруімен емес, оқушының білімін қаншалықты әділ әрі сапалы бағалай алатынымен өлшенбек. Сондықтан алдағы уақытта аралық және формативтік бағалаудың іс жүзіндегі нәтижесі, мұғалімге түсетін жүктеме мен оқушының білім сапасына ықпалы маңызды көрсеткіш болмақ. Ең бастысы – қандай бағалау үлгісі таңдалса да, оның баланың білімін объективті бағалау және оның оқуына нақты қолдау көрсетуге бағытталған түпкі негізгі мақсаты өзгермейді деген сенімдеміз.
Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.
Тараз қаласы.