ЖАМБЫЛДА ЖАҢА ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет екенін баса айтқан болатын.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе, — деді Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Осының аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігі тапсырмасы негізінде әр өңірде психологиялық қолдау орталығын ашу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген еді. Соған сәйкес мұндай орталықтар еліміздің 17 өңірінде де ашылды.
– «Орталықтардың қызметін біріздендіру үшін Министрлік әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Бұл ұсынымдар өңірлерде орталықтарды балалар үшін жайлы жағдай жасалған бірыңғай үлгіде ашуға септігін тигізеді. Онда орталықтың міндеттері, негізгі қызмет бағыттары, ұсынылатын штат кестесі, әр маманның лауазымдық нұсқаулықтары туралы ақпарат қамтылған. Жеке тарау материалдық-техникалық жабдықтауға арналған», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Президент жүктеген тапсырманың нәтижесінде Жамбыл облысы әкімдігінің 2024 жылғы 14 мамырдағы №117 қаулысы негізінде «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Об-
лыстық психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Психологиялық қолдау орталығы қызметінің мәні – білім беру ұйымдарына психологиялық-
педагогикалық, консультациялық, ғылыми-әдіс-
темелік қолдауды жүзеге асыру. Ал орталықтың басты мақсаты – облыстың білім беру процесіне қатысушылардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру болып отыр.
Қазіргі таңда орталықта психология және әдістемелік бөлімдер жұмыс істейді. Жұмысын жаңадан бастаған орталықтың тізгінін білікті басшы Ришат Райф ұстап отыр.
– Ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына таман орталықтың әкімшілік құрамы қабылданды. Атап айтсақ, басшының орынбасары қызметіне Ермекбаева Меруерт Асановна, әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы қызметіне Байдаулетова Тургын Турсыналиевна, психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы қызметіне Исмаилова Айгерим Кошкарбековна тағайындалды.
Жамбыл облысының психологиялық қолдау орталығының бекіткен циклограммасы бойынша әр аптаның сәрсенбі күні психолог әдіскерлер мен педагог-психологтарының біліктілігін арттыруға және әдістемелік көмек көрсету мақсатында оқыту семинарлары «ZOOM» платформасы арқылы ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні орталықтың ұйымдастыруымен 19 іс-шара атқарылды. Оның 11-і онлайн, 8-і оффлайн форматта жүзеге асты. Сонымен қатар 2024 жылдын қазан, қараша, желтоқсан айларында орталықтың жылдык жоспарына сәйкес, Мойынқұм, Қордай, Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарының жалпы саны 192 мектептің педагог-психологтарының жұмыстары зерделеніп, әдістемелік көмек алды. Іссапар барысында аудандардағы ата-аналарға түрлі тақырыптарда семинар-тренингтер өткізілді, — деген Ришат Еркінұлы орталық өз қызметін енді ғана бастаған алда атқарылар шаруа мол екенін жеткізді.
Қазіргі таңда облыс көлемінде алған оқыс оқиғалар мен жеке сұраныстар бойынша орталықтың мамандары бүгінгі күнге дейін барлығы 91 психологиялық қолдау, түзету және психологиялық кеңес беру жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде 47 оқушыға, 11 білімгерге, 2 педагог және 31 ата-анаға көмек көрсетілген.
Ш. Жамбыл,
журналист.