Ещё один сайт на WordPress

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕН СУСЫНДАҒАН ҰРПАҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

0

   

  • «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде  «100 кіші жоба» аясында «Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу» тақырыбында Тараз қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық семинар өтті.

Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеудегі ендіріліп жатқан жобаларды насихаттауды мақсат тұтқан басқосуға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институтының» өкілдері, облыстық білім басқармасының бөлім басшылары және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша жауапты мамандар, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері, педагогтері, тәрбиешілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен журналистер қатысты.

Әуелі Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов сөз алып, шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды.

– Кез келген жұрттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – атадан балаға ұласып, күні бүгінге дейін өз маңызын жоймаған, күнделікті өмірімізден айқын көрініс тауып келе жатқан негізгі ерекшелігіміз. Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланыс­ты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Ал­дың­ғы толқын «келместің кемесіне» мініп кеткеннен кейін елдегі барлық жауапкершілік түгелімен сол дәуірдің буынына түсетіні біз айтпасақ та белгілі жайт. Ендеше, ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек. Бүгінде бұл бағытта облысымыздағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі семинар осы жұмыстарға тың серпін береріне сенім мол, – деді Рауан Нұрғалиұлы.

Келесі кезекте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директорының міндетін атқарушы Мария Ерманова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының білім саласындағы алар орнын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркіс­тан­ның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отыры­сында білім беру саласына қа­­тысты бірқатар міндетті ай­­қын­дап берген болатын. Со­ның аясында қазір білім беру ме­кемелеріне ұлттық тәрбие­нің тұ­жырымдамалық негіздері енгі­зіліп жатыр. Соған орай биыл 2023-2025 жылдарға ар­налған «Біртұтас тәрбие бағдар­ламасы» жүзеге аса бастады. Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ал келешек ұрпақ, өсіп келе жатқан жас буын – мемлекеттің болашағы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Олай болса, енді бір бес-он жылдан кейін шешуші мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстайтын азаматтардың төл тарихы мен мәдениетін тұмардай қастерлеп, әдебиетін әспеттеуі бүгінгі тәрбиенің, бүгін қалыптасып жатқан ұлттық сананың деңгейімен тығыз байланысты болмақ. Ал ақпарат тасқыны судай сапырылысқан мына жаһандану заманында қазақ жастарының ұлттық санасы қалай қалыптасып жатыр, қандай бағытқа бет алуда? Бұл бүгінгі күні  баршамызды ойландыруға  тиіс, – деді Мария Наятқызы өз сөзінде.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ Мониторинг және талдау департаментінің басшысы Гульмира Тюлебаеваның да пікірі осыған саяды.

– Биылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда оқушылардың арасында көптеген вейб, лудомания қатарлы мәселелер туындап жатыр. Сондай жат қылықтардың алдын алу мақсатында бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл алты құндылыққа негізделгенін айта кету керек. «Біртұтас тәрбие» жүйесін стратегиялық маңызды құжаттардың бірі деп айтуға болады. Себебі, біз осы тәрбие арқылы, тек қана мектеп емес ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз, – деп түйіндеді өз сөзін Гульмира Қайратқызы.

 

 Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 01.03.2024 жылғы №53 бұйрығына сәйкес Тараз қаласында орналасқан мектепке дейінгі ұйымдар дербестендірілген (ваучерлік) қаржыландырумен пилоттық жобаға енгізілген болатын.  Пилоттық жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына сәйкес жүргізілуде.

Осы жүйе арқылы ата-аналар мемлекеттің әр баланың біліміне жұмсайтын қаржыландыру көлемін білетін болады»- деген пікірімен бөлісті бізбен Тараз қаласы,  №9 бөбекжай-бақшаның меңгерушісі  Жанар Оспанова.. Қолында ваучер болғанда әр ата — ана өз баласына сапалы білім ұсынатын бөбекжай-бақшаны өзі таңдайды. Бөбекжай-бақшаны кез-келген уақытта ауыстыруға болады. Бұл өз кезегінде бәсекеге қабілеттілікті тудырады. Ал енді «Біздің бөбекжай-бақшамызға осы жүйені енгізуде қиындықтар болды ма?» деген сұраққа жауап берсем, жоқ дегім келеді.   Өйткені, қалалық білім бөлімімен тығыз байланыста жұмыстар атқарып, барлық  ақпараттарды жүйелі әрі уақытылы таратып, түсіндіру жұмыстарын жеткілікті жүргіздік.  Тетіктерін түсіне алмаған ата-аналарға бөбекжай-бақшада көмектер көрсетіліп, қолдау жасалды.  INDIGO ақпараттық жүйесі арқылы ваучер алып келген ата-аналарға және бұрыннан бөбекжай-бақшада отырған тәрбиеленушілеріміздің ата-аналарына жеке кабинетпен жұмыс істеу барысын түсіндіру өткізілді. Мен басқарып отырған №9 бөбекжай-бақша 345 орынға арналған. 6 топ орыс, 8 топ қазақ тілдерінде тәрбиеленуде. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап INDIGO порталы арқылы ата-ана ұялы телефоннан, компьютерден, ЭЦК-сыз  үйде отырып-ақ  ваучер алып, бөбекжай-бақшаға келуде. Осы мерзімнен бері бүгінгі күнге дейін  101 бала ваучер алу арқылы бөбекжай-бақшаға қабылданды, – деген Жанар Рәпілбекқызы ваучерлік қаржыландыру  мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бірден – бір маңызды бағыты екенін, осы арқылы ата-аналар бөбекжай-бақшаны таңдауға, бюджетті қадағалауға мүмкіндік алып отырғанын қадап айтты.

Аталған семинар барысында Тараз қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Г.Ж Атакулова «100 кіші жоба» аясында жүргізілген жұмыстар, №29 бөбекжай-бақшасының   меңгерушісі А.Е. Нукисбекова мен  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Жамбыл облысы кәсіби дамыту институтының әдіскері С.М Шевченка «Кел, ойнайық, балақай!», №4 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі А.Ш.Сулейманова «Біз кішкентай жұлдызбыз», №7 бөбекжай-бақшасының   меңгерушісі Г.К. Айткулова, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы М.Жинакбаева «Біртұтас тәрбие», №32 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Т.С Нурмаханбетова «Жасыл  ел,  жасыл балабақша», №38 бөбекжай-бақшасының   меңгерушісі Г.К Күзенбаева, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар» кафедрасының меңгерушісі «Жас техниктер», №33 бөбекжай — бақшасының   меңгерушісі Н.У Мамбетова «Smart BaLa» жобаларының жүзеге асырылуы мен ерекшелігі туралы кеңінен баяндады.

Шараның «Ойын-ойды шыңдайды» атты практикалық бөлімінде мектепке дейінгі ұйым басшылары мен әдіскерлері «Шекемтас», «Шүлдік», «Жетігеннің достары»,  «Бестемше», «Бес кеней», «Асығың алшысынан түссін» секілді ойын түрлерімен таныстырып, олардың бала дамуына әсері жайлы сөз қозғады.

Жиын соңында семинарға белсене қатысқандар арнайы марапатталды.

Өз тілшіміз

     

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.