Ещё один сайт на WordPress

ОРАЗҚҰЛОВА ҰСТАЗДЫҢ ОҚУ-АҒАРТУДАҒЫ ОРНЫ БӨЛЕК

0

Кез келген саланың қарқынды дамуы оны жүзеге асыратын білікті мамандарға тікелей байланысты. Олардың өнімді еңбегі болмаса ешбір сала алға баспайды. Оқу-ағарту ісі де ұлағаттан сусындаған парасатты мұғалімдердің жанкештілігімен, өз жұмыстарына деген сүйіспеншілігімен өзгелерден оқ бойы оза шығуда.

Мысалы, білім саласын үлкен бір ақ боз үй деп алсақ, әр педагог үйдің шаңырағын ұстап бір-бір уық іспетті. Бір уығы кем болса шаңырақтың шайқалатыны тәрізді мықты мамандарсыз білім беру саласының да күні қараң. Міне, осы «ақ боз үйдің» шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейту жолында тынбай еңбек етіп жүрген Жамбыл ауданы, Төле би атындағы орта мектеп директорының ІІ біліктілік санатты оқу ісі жөніндегі орынбасары, «педагог-зерттеуші», математика пәнінің мұғалімі Диьбархан Оразқұлованың оқу-ағарту ісіндегі орны бөлек.

Дильбархан Абдрахымбайқызы 1964 жылы 9 маусымда  Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылында  дүниеге келген. 1971-1979 жылдары «Бірлесу-Еңбек» сегізжылдық мектебін, 1980-1981 жылдары осы аудандағы Крупская (қазіргі Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектебін үздік аттестатпен бітіріп шықты.

1981-1985  жылдары Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтын «Математика» мамандығы бойынша тәмамдады. Көп адам ұғына бермейтін математика саласына терең бойлаған жас маман еңбек жолын 1985 жылы Талас ауданындағы Бірлестік сегізжылдық  мектебінде математика пәні мұғалімі  болып бастады. Кейін тұрмысқа шығуына байланысты 1986 жылы Жамбыл ауданына қызметін ауыстырып,  білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарса, 1987 жылы Қаракемер (қазіргі Төле би атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімдігіне ауысты.  1998-1999 жылдары аталған оқу ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  болса, 1999 жылдан бері осы мектепте  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.  Жоғары сыныптарда математика пәнінен дәріс береді.

– Биылғы оқу жылында зейнет жасына келіп, құрметті демалысқа шығатыным ойыма түскенде қызығы мен қиындығы қатар жүретін педагогикалық өмір жолым көз алдымнан тізбектеліп өтіп, бойымды ерекше қимастық сезімі билейді.  Осы жолды таңдауыма өзімнің алғашқы ұстазым, қазіргі таңда құрметті демалыста отырған бастауыш сынып мұғалімі Күлтай Мәденқызы Тәжібаева себепші болды. Сол кезде аядай ғана ауылдың шағын мектебінде тәлім берген ұлағатты ұстаздарымнан алған тәлім-тәрбием педагогика саласына бет бұруыма септігін тигізіп ғана қоймай, өміріме сарқылмас азық берді. Олардың әрбір сөзі, өздерін ұстауы, әр тақырыпты санамызға сіңіруі – бәрі, бәрі маған үлгі болды. Тек мен ғана емес, замандастарымның барлығы дерлік сол кездегі ұстаздарға қарап бой түзеді десем, қателеспейміз, – деді өткен күндерге көз жіберген Дильбархан Абдрахымбайқызы.

Қырық жылдық ғұмырына оқу-ағарту ісіне арнаған кейіпкеріміз жоғары оқу орнын бітіріп келген сәттен бастап осы күнге дейін басшылық және ұстаздық қызмет жолында жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ, оның аудандық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған «12 жылдық оқытудың ерекшеліктері», «Мектепішілік бақылау-оқу- тәрбие үрдісінде жоғары нәтижеге қол жеткізудің негізгі құралы», «Білім сапасын арттырудың жолдары», «Мемлекеттік аттестаттауда өзін-өзі бағалау материалдарын әзірлеу» секілді өзекті тақырыптарда өткен конференция, семинарларда баяндама жасап, әріптестері арасында жоғары бағаланған. Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылында Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қалалық филиалында «Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламасы» бойынша курстан өту кезінде  орталықтың  ұйымдастыруымен шығарылған «Әлем өзгеруімен біз де өзгереміз» жинағына «Курстан алған әсерім» атты Эссесі жарияланған. Сонымен қатар  Жамбыл облыстық педагогикалық-әдістемелік «Озық тәжірибе» журналында «Квадрат теңдеулері» тақырыбы бойынша есептер шығару» атты мақаласы жарық көрсе,  2019 жылы «Методика решения логарифмических неравенств с переменным основанием и показательно-степенных неравенств» атты әдістемелік құралы кеңінен таратылды.

Д.Оразқұлованың марапаттары әрі қарай ҚР Білім және ғылым министрлігінің, соған қарасты Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттарымен жалғасады. Бұған қоса Қазақстан интернет олимпиадасы бойынша ІІ орын алғаны үшін ұжым «Дарын» кубогын, халықаралық Қашықтықтан оқыту технологиясын Daryn.online білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырған ІІ Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасында І дәрежелі  Дипломды еншілесе, былтыр  аудан бойынша «Ең үздік директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары» номинациясына лайық деп танылды.

Дильбархан Абдрахымбайқызы бізбен әңгімесінде бүгінгі күннің ұстазы болуы керектігі жөнінде өзінің орамды ойын да ортаға салды.

– Біз қазіргі таңда ғылым мен техника да­мыған, өнер-білімнің түрлі саласын­да тың жаңалықтар аса қарқынды үр­діс­пен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Демек, осындай қо­ғам­да заманына сай ұрпақ тәр­бие­леп, же­тілдіріп шығару үшін жан-жақ­ты бі­лім және тәрбие берумен айналы­су өте жауапкершілікті іс екені бар­ша­мыз­­ға аян. «Тәлім-тәрбие мен оқыту ісі­­нің нәтижесі іс-әрекеттерден гөрі мұ­­ғалімдерге көбірек тәуелді», деген  Ы.­Ал­­тын­­сариннің көрегендікпен айтқан пі­­кі­рі­нің қазіргі уақытта да маңызды болып отырғаны шындық. Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең әуелі, мұғалімнің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт.

Ендеше, заманына лайық мұғалім болу үшін не істеу керек? Меніңше, қазіргі заманға лайық мұғалім болу үшін бірнеше түрлі қасиеттер әркез біздің бойымыздан табылып отыруға тиіс. Ол үшін мұғалім мейірімді де қамқор және талап қоя білуі керек, ұстаз бен шәкірт арасында ынтымақты қарым-қатынас орнығып, мұғалім мен оқушы бір-біріне құрметпен қарап, мұғалім өз кәсібінің маманы болумен бірге, өзге де пәндерді жақсы меңгеруі қажет. Себебі, балалар өз мұғалімін «бәрін біледі» деп ойлайды. Сол үшін де мұғалімнің біліміне ешқашан шек келтірмейді. Шынында да мұғалім өз үлгісі арқылы ғана оқушыны талпындыра алады. Мұ­ғалімнің балалар алдындағы беделі жоғары, бей­несі жарқын болғаны абзал. Яғни, оның балалар алдында әрбір сөйлеген сөзі, жасаған әрбір іс-қимылы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысына дейін оқушыларға ұнамды немесе ұнамсыз жағынан қайтсе де өз әсерін тигізіп отырады. Мұғалім психолог та бола білуі керек.  Алдымызға келген әрбір баланың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстап, соған сәйкес тура шешім қабылдап, олармен жиі-жиі сұхбат өткізіп, сырлас досындай жақындық танытып, ыстық ықыласпен ақыл-кеңес айтып, көңіл-күйлерін игере білсек, демек, тәртібін жақсартып, оқуға ынталандыра білеміз. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдалануы, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығарамыз, – деді кейіпкеріміз.

Оның жоғарыдағы пікірі жас мамандарға таптырмас ақыл, таусылмас тағылым екені анық. Еңбек жолы өткен ғасырдың аяғына таман басталса да жаңа дәуірдегі өркениет көшінен қалмай, білім мен білігін соған бейімдей білген Диьбархан Оразқұлова өзі атап өткен барлық қасиетті бір бойына топтастырған, «Бүгінгі күннің нағыз ұстазы» деп бағалауымызға әбден лайық.

 

Қ.Шахабай,

журналист,

Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.