ЖАМБЫЛДЫҚ МАТЕМАТИКТЕР– ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА
Күні кеше Қызылорда қаласында «Қазақстан математика пәні мұғалімдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен математика пәні мұғалімдерінің мәртебесін көтеру, құзыреттілігін арттыру, басқа елдердің педагогтарымен өзара байланыс құру, жас математиктердің кәсіби дағдылары мен әлеуетін дамыту мақсатында өткен Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау өз мәресіне жетті.
Білімгірлер бәйгесінде Жамбыл облысының математика пәнінің жас мұғалімдері жүлделі I, II, III орындарды иеленіп, қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді.
Атап айтсақ, Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Бауыржан Кеңесов (суретте ортада) І орынды және 300 мың тенге қаржылай сыйлықты, облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Данияр Куболдин және Тараз қаласы №125 «EDUCATION» мектебінің математика пәнінің мұғалімі Әділет Басар II орынды және 100 мың тенге қаржылай сыйлықты, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Сержан Таубаев, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейінің математика пәнінің мұғалімдері Ғани Еркеғали мен Диас Бәйдібек, Тараз қаласы №125 «EDUCATION» мектебінің математика пәнінің мұғалімі Тимур Артықбаев III орынды еншіледі.
– Бұл олимпиада өте қызық өтті әрі есептері өте күрделі болды. Қазақстаннан және шетелден келген мықты жас математиктер бақ сынады. Сайыс қатысушыларына 4 сағаттың ішінде 7 есепті шешу тапсырылды. Ең ерекшелігі Асқар Жұмаділдаевтың өзі қатысушыларға бөлек бір есеп ұсынды. Оның деңгейі мектеп бағдарламасы болғандықтан оның жауабын табу баршамызға қиынға соқты. Өкінішке орай, ешбір қатысушы оның нақты жауабын шеше алмады. Тағы бір айта кетерлігі, комиссия құрамына еліміздегі және көршілес елдердің ең мықты деген мамандары тартылды. Бұл байқауға қатысудағы басты мақсатым – білімімді шыңдап, тәжірибе жинау болатын. Әрине, қатысушылардың барлығы жүлдеге лайықты. Дегенмен, солардан топ жарып шыққаным мен үшін мәртебе. Әрине, мұның барлығы ізденістің арқасынан Кейінгі жас математиктерге де айтарым – осы. Сенің білімің қай жерде оқығаныңмен өлшенбейді. Қандай оқу ордасында тәлім алсаң да еңбек пен ізденіс болса бағынбайтын белес жоқ, — дейді Бауыржан Бақытжанұлы.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен биылғы жылы екінші рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған білім додасына еліміздің барлық аймақтары мен көршілес Ресей, Қыр-
ғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 18 бен 28 жас аралығындағы жас математиктер қатысқан. Байқауға жалпы 1700-ден аса үміткер өтінім беріп, ең мықты деп іріктеліп алынған 100 қатысушы ақтық сында бақ сынасқан.
Ш.Жамбыл,
журналист