АЛҒАШҚЫ «ҚҰЛЫПСЫЗ КІТАПХАНА»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын іске асыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі гаджеттерді кітаппен алмастыру үшін мектептердің базасында «құлыпсыз кітапханалар» ашуды тапсырған болатын. Министр тапсырмасын қала мектептерінде алғашқылардың бірі болып №47 орта мектеп орындап, оқушылар мен ұстаздардың бос уақытын тиімді пайдалануларына арналған ашық реакрациялық аймақ – «құлыпсыз кітапхананы» ашты.
Бұл бастама балаларды кітап оқуға ынталандырады, қызықты, заманауи кітаптарды қолжетімді болуына септігін тигізеді. Әсіресе үйінде сабақ оқуға жағдайы жоқ балалар үшін таптырмас көмек болатыны анық.
– Бұл жоба мектеп кітапханаларына жаңаша дем берді, кітапханалардың оң имиджін құруға ықпал етті. Кітапханалық кеңістікті түбегейлі модернизациялау, оқырманның келуіне жайлылық жасауға бағытталған. Сонымен қатар «құлыпсыз кітапхананың» ашылуы оқушыларды парасаттылыққа, адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Осындай ізгі қасиеттерді бойына қалыптастырған баланың болашағы да жарқын болмақ. «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі» демекші, кітапты серік еткен адамның ақылы азбайды, — дейді №47 орта мектептің директоры Айжан Абдешова.
Бұл тың жобаның жүзеге асуына мектеп кітапханасының меңгерушісі, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар Бақытхан Кунафинаның да еңбегі зор. Білікті маман өз еңбек жолын 1992 жылы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханадан бастаған. Содан бері «парасат сарайынан» қол үзген емес. 1995 жылдан бері қарай №47 орта мектептің кітапхана ісін жолға қойып, облыстағы алдыңғы қатарлы құтханалардың біріне айналдырды.
– Кітапханашы мамандығының қыр-сырына қанығып, соған сай білімімді одан әрі жетілдіруіме, білікті маман болып қалыптасуыма бірден-бір себепкер болған
орта – кітапхана. Осы жерде табан аудармай еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылдан асты. Ол мен үшін зор қуаныш. Осы жылдар аралығында білімімді жетілдіру мақсатында өндірістен қол үзбей жүріп, Алматыдағы Орта-Азиялық университетінің «Кітапханатану және библиография» мамандығында оқыдым. Осы саладағы жаңашылдықтардан да тыс қалған емеспін. Соңғы жылдардағы «Рухани жаңғыру», «Оқуға құштар мектеп» жобаларының арқасында кітапханамды жаңа талапқа сай демеушілердің арқасында безендіріп келемін. Соның бірі – «Құлыпсыз кітапхана» жобасы. Мұның басты ерекшелігі – оқушылар, ұстаздар, ата-аналар, өзге де қызметкерлердің кез келгені қалаған бос уақыттарында осында келіп, журналдар, кітаптарды, мобильді кітапхананы пайдалана алады. Соның нәтижесінде еш кедергісіз өзара пікір алмасып, ой бөлісулеріне де мүмкіндіктері бар, — дейді Бақытхан Ахметханқызы.
Кез келген адамға берері мол кітапхананың заман ағымына сай түрленіп, жаңа сипатқа ие болғаны өте құптарлық. Бұл өз кезегінде кітапқұмар, өрелі өрендердің қалың шоғырын қалыптастырары сөзсіз.
Ш.Жамбыл,
журналист.