Ещё один сайт на WordPress

ҚОС САЛАНЫ ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ

0

 

Әлемде сан түрлі мамандық бар. Бірі құрылысшы, бірі инженер, енді бірі психолог болуды қалайды. Әрине бәрінің де қоғамға тигізетін өзіндік пайдасы бар. Алайда қос саланы қатар ұштастырып жүрген мамандар некен-саяқ. Сондай жандардың бірі – Жамбыл медициналық жоғары колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Қуанышбекова. Мәртебелі мамандық иелерінің мерекесіне орай кейіпкерімізбен ұстаздық жолға қалай келгендігі жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

Ләззат Тұрарқызы 1973 жылы Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетінің «Орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығын бітірді. Еңбек жолын 1994 жылы Жуалы ауданындағы «Мынбұлақ» орта мектебінің мұғалімі болып бастаған ол 1999 жылы Тараз қаласындағы К.Д.Ушинский атындағы №23 орта мектебіне ауысып, 2000 жылы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. 2000-2009 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде өзін білікті маман, шебер ұйымдастырушы, талапшыл басқарушы ретінде көрсете білді.
Оның осы саланы таңдауына жанұясы және мектептегі ұстаздары ықпал еткен екен.
– Ұстаз болуыма ең бірінші, ата-анам ықпал етсе, екіншіден, ұлағатты ұстаз Шарапат әпкем жол көрсетті. Сонымен қатар ұстаздық жолға келуімнің бірден бір себепкерлері –
алғашқы ұстазым Қызбала әпкей мен сынып жетекшім Гүлбаршын Өмірзақова апайым еді. Алғашқы ұстазым өте қатал болса да сабақты бар ықыласымен түсіндіретін. Бастауышта қаланған білім іргетасының арқасында біздің сыныптан үш бірдей «Алтын белгі» иегері шықты. Бір сыныптан түлеп ұшқан балалар бүгінде өсіп, жетіліп, түрлі салада қызмет атқаруда. Жоғарыда айтқанымдай орта және жоғары сыныптарда жетекшілік еткен Гүлбаршын апайдың да менің өмірімде орны бөлек. Санамызға білім нәрін құйып, тәлім-тәрбиесін аямаған, анамыздай қамқор, әкеміздей ақылшы болған апайымыз біз мектепті тәмамдайтын жылы кенеттен қайтыс болды. Біз үшін үлкен соққы еді. Әлі күнге дейін оның мейірімділігі, ақжарқын мінезі, сабырлы қалпы көз алдымда. Сондай-ақ мектебіміздің директоры болған Иманбеков Мұхан, орынбасары Света Құрманбекова, 11-сыныпта жетекшіміз болған Роза Сүлейменова, Әнуар Болатбеков, Ирина Қиясова, Нұрдан Ақбердиев, Оразкүл Молдабаева, Мария Өтегенова, Толбасиева Айгүл және Еркін Шоңов сынды мұғалімдеріміз де берген тәлім-тәрбиесі жүрегімізден өшпейді. Соларға еліктеп бала күнімде тақтаның алдына тұра қалып, өзімді мұғалім ретінде сезініп кететінмін. Менің осы саланы таңдауыма осындай ұлағатты ұстаздардың тигізген әсері мол болды, — деді кейіпкеріміз өткен күнге тебірене көз жіберіп.
Ләззат Тұрарқызы 2009 жылы Жамбыл медициналық колледжіне орыс тілі және әдебиет пәні оқытушысы ретінде ауысты. Ол бүгінде студенттерді оқытуда шығармашылық тәсілдерді қолданатын, үнемі оқытудың жаңа нысандары мен әдістерін ізденетін кәсіпқой маман ретінде көрсеткен жоғары санатты оқытушы. Талап қойғыштық, әділдік, тапсырылған іске деген үлкен жауапкершілік, шығармашылық көзқарас – Ләззат Тұрарқызының ұстанатын негізгі қағидалары. Ол оқытушылық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарда да өз белсенділігін көрсете білді. 2009 жылдан колледждің білімгерлер кәсіподақ ұйымы төрайымы қызметін абыроймен атқарса, 2011 жылы тәрбие жұмысының меңгерушісі болып тағайындалды, 2012 жылдың ақпан айынан бастап директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 2016 жылдан – директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымында еңбек етуде. Кәсіби іс-тәжірибесімен бөлісу мақсатында 2013 және 2015 жылдары Жамбыл облысы колледждері орынбасарларына арналған «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» және «Еріктілер қозғалысын дамыту» тақырыптарында облыстық семинар-кеңес, 2019 жылы медициналық колледждер директорлары мен орынбасарларына арналған «Қашықтықтан білім беру технологиясы арқылы оқу үрдісін ұйымдастыру» тақырыбында республикалық конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып, колледжде цифрландыру бағыты бойынша атқарылып жатқан іс-тәжірибені көпшілік назарына ұсынды. 2018 жылы денсаулық сақтау саласындағы менеджмент мамандығы бойынша Ресейдің Томск қаласындағы Сібір мемлекеттік медициналық университетін тәмамдады, сондай-ақ осы жылдан бастап аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі және білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің сарапшы маманы. 2022 жылы Халықаралық тағылымдамадан Венгрия, Австрия, Словакия мемлекеттерінде өтіп білімін жетілдірді. Сан жылғы еңбегінің өтеуіндей жоғарыдағы төсбелгілерімен қоса облыстың, қаланың Құрмет Грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар оның ғылыми еңбектері, баяндамалары, мақалалары жинақ беттеріне, БАҚ-тарда жарияланған. Бір сөзбен айтқанда, қос саланы қатар ұштастырған ұлағатты ұстаз – өз ісінің шын шебері, оның әлі де шәкірттеріне бергенінен берері көп екені сөзсіз.

Ш.Жамбыл,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.