ОБЛЫС ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ «БАЛАЛАР ЖЫЛЫНА» ҚОСҚАН ТАРТУЫ
Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті – жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу. Қай заманда да өркениеттің өрлеуі интеллектуалдық шығармашылық қабілеттің негізінде іске аспақ. Бәсекеге қабілетті интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды.. Бұл бізге үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Оның үдесінен шығу – біздің үлкен міндетіміз.
Дарынды жастарымыз жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын биік асуларға жетуді мақсат етіп, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында өздерінің терең білімдерін көрсететіні анық.
Биылғы жылы дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 187 медальді иеленді. Оның ішінде 44 медальді – Халықаралық білім жарыстарында алды. Республикалық ғылыми жоба жарысында облыс командасы 13-ші жыл қатарынан жүлделі І орынды иеленді. Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16-шы жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды. Дарынды оқушыларымыз да білім додаларында биік шыңдарды бағындырып, жоғары жетістіктерден көрінуде.
Ағымдағы оқу жылында Білім-Инновация лицей-интернатының оқушылары Сапыбек Дінмұхамед пен Салдан Ануар 18-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медальдарды қанжығаға байлап, Сапыбек Дінмұхамед Қазақ-Британ Техникалық университетінің 100 пайыздық грантына ие болды. Сондай ақ ол Өзбекстанда өткен халықаралық Әл-Ферғани атындағы физика олимпиадасында күміс медаль иегері атанса, Республикалық Қ.Сатпаев олим-пиадасында Қоршыбек Диас топ жарып, алтын медальді жеңіп алды. Сонымен қатар, Білім-Инновация лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан Леонард Эйлер атындағы Халықаралық математикалық олимпиададан Алтын медальді, Халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медальды және математикадан өткен Халықаралық Балқан олимпиадасынан алтын медальді иеленді. Мәскеу облысы, Королев қаласында Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО /ХООС кафедра-желісі Департаментінің ұйымдастыруымен офлайн форматта өткен оқушылардың «Адам – Жер – Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасына қатысқан 12 оқушы Алтын және Күміс медаль иегерлері атанды. «Қолданбалы лингвистика» олимпиадасының респуб-ликалық кезеңінде Мұстафа Али, Шамшиева Джамиля және Ким Альбина жеңімпаз атанып, І, ІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Осы олимпиадада Алтын медаль иеленген Мұстафа Али 2022 жылы Ұлыбританияның Біріккен Корольдігіндегі Мэн аралында Ел намысын қорғау құқығына ие болды.
«Елбасы медалі» жобасында 208 оқушы Елбасының медальдарын иеленді, оның ішінде 1 алтын, 5 күміс және 202 қола медальдар. Қазір 91 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылса, 110 оқушы «Бірге оқу» онлайн мектебінде білім алуда.
Білім саласында өзінің ерекшеліктерімен әлемдік деңгейде мойындалған бірнеше халықаралық жобалар бар. Соның ішінде, білім жүйесіндегі танымал сарапшылардың баға беруі бойынша объективті тәуелсіз бағалау жүйесі болып табылатын TIMSS, PISA халықаралық зерттеулері болып табылады. Осы зерттеулердің нәтижелері бойынша Жамбыл облысы оқушыларының республикадағы көрсеткіштері жоғары деңгейден көрінуде. 2018 жылы өткізілген PISA халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Жамбыл облысының оқушылары «Математикалық сауаттылық» бойынша — 456 балл (республика 423 балл) көрсетіп, республика бойынша І орынды иеленген болатын. Осы көрсеткішті оқушыларымыз 2019 жылы өткен TIMSS халықаралық зерттеуінде тағы да дәлелдеп отыр.
Сондай-ақ, ауыл мектептерінде оқитын оқушыларды қолдауға бағытталған «Айқанат», «Мың бала» олимпиадалары ұйымдастырылып, соңғы 3 жылда Жамбыл облысы бойынша республикалық «Мың бала» олимпиадасына қатысқан 5-6 сынып оқушыларының 258-і
жеңімпаз атанды. Оның ішінде 6-сыныпты аяқтаған 126 жеңімпаз оқушы оқуын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде жалғастыруға мүмкіндік алды. 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Айқанат» олимпиадасында ауыл мектебінің оқушылары белсенді түрде қатысуда.
Өңірде дарынды оқушыларға қолдау көрсету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша 54 IT сыныптары ашылды. 274 мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталды. Облыстың 100 мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі таратылуда, 343 мектеп серіктес мектеп ретінде жұмыс істейді. «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы 2 мектепке енгізілген. Дарынды балаларды қолдау мақсатында 300 орындық IT лицей-интер-наты ашылды. Бүгінгі күні облыста дарынды балаларға арналған 5 мамандандырылған білім беру ұйымдары жұмыс істейді.
Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы мен мұң, — дейді хакім Абай. Адам бойында рухани құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтыны баршаға аян. Сондықтан, оқушылардың сыни ойлауын, функционалдық сауаттылығын қалыптастырып, ұлттық құндылыққа тәрбиелеу, білім берудің тиімді жүйелерін әзірлеу басты мақсатымыз боп қала бермек.
Жамбыл облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі