Ещё один сайт на WordPress

ӨЗ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ

0

Кітапхана ісіне жан-тәнімен беріліп, жемісті еңбек етіп жүрген жандардың бірегейі – Жамбыл аудандық білім бөлімінің кітапхана қоры жөніндегі әдіскері Гүлзира Акупова. 21 жылдан бері осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген Гүлзира Сердарқызы шығармашылыққа ден қойған шебер маман.

Бүгінгі күні аудандық білім бөліміне қарасты білім мекемелерінің кітапханасында 42 кітапханашы жұмыс істейді. Солардың жұмысын үйлестіріп, әдістемелік көмек көрсететін кейіпкеріміз осы арқылы көптеген тындырымды тірліктердің атқарылуына да ұйытқы болып келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аудан мектептерінің кітапханаларында табысты жүзеге асуда. Бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылған «Ең үздік кітап оқитын мектеп» аудандық байқауында топ жарған Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназияның кітапханашысы М.Бегешова ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ аталған бағдарламаның «Білімнің салтанат құруы» бағыты аясында кітап оқу мәдениетін дамыту және қолдау, халық арасында үздік көркем әдеби шығармаларын кеңінен тарату мақсатында облыстық «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауында аудан өрендері бақ сынады. Сайыстың екінші кезеңіне А.Макаренко атындағы орта мектебінің 16 оқушысы қатысып Алғыс хатқа ие болса, Бірлесу Енбек орта мектебінің оқушылары ІІ-ІІІ орынды еншіледі. Бұдан бөлек, «Сыйлыққа кітап – В подарок – книга» атты акциясы мектеп кітапханаларында үнемі ұйымдастырылып тұрады.
Келелі жұмыстар легі мұнымен шектелмейді. Айталық, «100 кітап» жобасы аясында «Талаптың мініп тұлпарын, кітап оқы ұрпағым!», «Үздік оқырман», «Бір ел – бір кітап» тақырыптарында байқау өткізілді. Ал облыстық «Парасатты отбасы» байқауында А.Макаренко орта мектебінің 4 сынып оқушысы Жұмаділ Абдинур «Үздік оқырман» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» жобасы шеңберінде де қыруар жұмыстар атқарылуда.
– Өскелең ұрпақтың арасында кітап оқу мәдениетін тәрбиелеу, оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында ауданымызда жыл бойы «Букроссинг» акциясы ұйымдастырылды. Бұл «Оқып болсаң досыңа бер» ұстанымын ұстанатындар негізінде құрылды. Соның аясында оқыған кітаптарын «Букроссинг» сөрелеріне қойып, орнына сол сөреден өзі оқымаған кітапты алып кетуі арқылы достарымен бөліседі. Сонымен қоса оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатында мектептердің 3-10 сыныптар арасында қашықтықтан өткен «READx» жобасына қатысқан Шайқорық орта мектебінің 3-сынып оқушысы Д.Марат 2-орынға ие болды. Үстіміздегі жылы біраз танымал тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілуде. Олардың да еңбек жолдарымен, шығармашылығымен балаларды таныстырып келеміз. Бұдан бөлек балалардың кітапқа деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру, кітапхана қорын балалар әдебиетімен толықтыру мақсатында мектеп кітапханаларында «Кітап- заманымыздың өмірі», «Мектебіңе кітап сыйла», «Бір отбасы – бір кітап», «Кітапханаға кітап сыйла» секілді акциялар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда акцияға түскен әдеби кітаптар саны 2000-ға жуықтады. Мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналардың және ауыл тұрғындары шараларға белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде бұған қатысқан оқушы саны-2600, мұғалім саны – 412-ден асып жығылады.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғалы кітап шығару ісі қолға алына бастады. Кітап қоры өткен жылдарға қарағанда толықтырылуда. Мектептеріміз жыл сайын жаңа электрондық оқулықтар, түрлі көркем әдебиетімен қамтылуда. Биылғы оқу жылында 8700 кітап алынды. Атап айтсақ, қазақтың классикалық және тарихи еңбектері, сөздіктер, даярлық тобына арналған оқулықтар. Бір сөзбен айтсақ, ақпаратты дұрыс пайдалана біліп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектеп кітапханасының рөлі күн сайын артуда, — дейді Гүлзира Сердарқызы.
Кейіпкеріміздің сан жылғы еңбегі ескерусіз қалмай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Құрмет Грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Әдіскер аудан және облыс педагогтерімен өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Оның еңбектері БАҚ, ғаламтор желісі беттерінде үнемі жарық көруде.
Бір сөзбен айтқанда, Гүлзира Акупова – өз ісіне жауапты, адамдармен оңай тіл табыса білетін, ұжым арасында сыйлы, әріптестерінің құрметіне бөленген жан.

Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.