Ещё один сайт на WordPress

ЕРКЕНАЗ ОРЫНБЕК – «ЫНТАЛЫ ОҚЫРМАН» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

0

Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетке сүйіспеншілігін қалыптастыру және оқырмандық мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Мен оқыған 30 кітап» байқауы өз жалғасын тауып, білімді әрі ізденімпаз оқушыларды анықтады.

Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданында өткен білім бәйгесіне Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Еркеназ Орынбек қатысып, өзінің кітап оқуға деген ынтасы мен білімге деген құштарлығын жоғары деңгейде көрсетті.
Байқау барысында Еркеназ оқыған шығармаларын жан-жақты меңгергенін, әдеби туындылардың мазмұны мен негізгі идеясын түсініп, кейіпкерлер әлемін талдай алатынын таныта білді. Оның жүйелі түрде кітап оқуы, ізденуі және әдебиетке деген қызығушылығы қазылар тарапынан жоғары бағаланды.
Нәтижесінде Еркеназ Нұрдосқызы «Ынталы оқырман» номинациясымен марапатталып, 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Байқау екң кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар арнайы бекітілген 30 кітаптың мазмұнынан құралған тест сұрақтарына жауап берді. Келесі әңгімелесу кезеңінде үміткерлер өздері оқыған көркем шығармаларға кеңірек тоқталды.
Тұғыр биігінен көрінген Еркеназдың кітапқа деген қызығушылығы 3-сыныпта басталыпты. Ол сол кезде түрлі туын-дыларды зер салып оқып, 4-сыныпта жүргенде облыстық «Жамбыл» теле-арнасының арнайы бағдарламасына да түскен екен. Содан бастап Еркеназдың кітап оқуға деген құлшынысы одан сайын арта түскен.
– Байқау барысында оқыған 30 кітабымның ішінде ең қатты әсер еткені – «Еңлік-Кебек» және «Құлагер» туындылары. Себебі, «Еңлік-Кебекте» екі елдің араздығы үшін шын ғашықтар қосыла алмай, қаза тапты. Ал «Құлагер» де адам ең жақын адамынан, сырласынан, жолдасынан, өмірлік досынан айырылды. Маған шығармалардың осындай трагедиямен аяқталуы өте терең ой қалдырды. Өзім де көбіне тарихи кітаптарды сүйіп оқимын. Әсіресе, қазақ қаламгерлерінің ішінде Мағжан Жұмабаевтың шығармалары жігер мен батылдық сыйлайды. Осы ретте ерекше атап өткім келетіні бұл жеңістен кейін тағы да көптеген кітаптар оқуды, әсіресе, көлемді поэма, романдарға ден қоюды мақсат етіп отырмын. Сондай-ақ алдағы уақыттарда әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынағым келеді, — деп ағынан жарылған жас оқырман өз қатарластарына бірқатар кеңесін де айтты.
– Кітапты тек жарыс үшін емес,әркім өзінің болашағы үшін оқуы қажет. Себебі кітап арқылы адамның рухани байлығы молайып, сөз саптауы жақсара түседі, — деді Е.Орынбек.
«Талаптың тұлпарына мініп, тас қияға өрлеген» озат оқырманның бұл биікке жетуіне зор септігін тигізген Т. Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Танысхожаеваның да еңбегі ерен екені сөзсіз.
– Бұл байқаудың басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқыған шығармасын түсініп, өз ойын еркін жеткізе білуіне мүмкіндік жасау деп ойлаймын. Біз де осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оқушымыздың қабілетін сынап көру үшін қатысуға шешім қабылдадық.
Еркеназдың кітап оқуға қызығушылығы жоғары. Ол шығарманы жай оқып қана қоймай, кейіпкерлердің іс-әрекетіне өзінше баға беріп, автордың ойын түсінуге тырысады. Сонымен қатар жауапкершілігі, есте сақтау қабілеті және ізденуге деген ынтасы жақсы. Сондықтан бұл байқауға Еркеназ қатысуға лайық деп шештік.
Дайындық барысында ең әуелі шығармаларды толық оқуға мән бердік. Әр кітаптың негізгі идеясын, кейіпкерлерін, маңызды оқиғаларын талдадық. Одан кейін сұрақ-жауап арқылы білімін тексеріп, оқығанын өз сөзімен еркін жеткізуге жаттықтық. Біз үшін кітапты жаттап алу емес, оны түсіну маңызды болды. Әлбетте, 30 кітапты белгілі бір уақыт ішінде оқып, әрқайсысын терең меңгеру оңай болған жоқ. Уақытты дұрыс жоспарлау қиындық туғызды. Сондықтан кітаптарды бөліп оқып, күн сайын белгілі бір уақытты дайындыққа арнадық. Ең бастысы – жүйелі түрде жұмыс істеуге тырыстық, — деген Гүлбайра Беделханқызы өзі қызмет ететін оқу ордасында балаларды кітап оқуға баулу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.
– Қазіргі технологияны кітапқа қарсы қоюдың қажеті жоқ. Керісінше, оны кітап оқуға қызықтыру құралы ретінде пайдалануға болады. Мысалы, аудиокітаптар, электронды кітаптар, буктрейлерлер, кітап туралы қызықты видеолар балалардың қызығушылығын оятады. Сонымен қатар балаға өзіне ұнайтын кітапты таңдауға мүмкіндік берген дұрыс. Біздің мектеп-лицейде кітап оқуды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Кітап көрмелері, әдеби кештер, мәнерлеп оқу сайыстары, оқырман конференциялары, кітап талқылаулары ұйымдастырылады. Оқушылардың өздері оқыған кітаптарын таныстыруына да мүмкіндік береміз. Бұл ретте кітап оқуды бірден үлкен міндет ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Алдымен өзіңе қызықты тақырыптағы кітаптан бастаған жөн. Күніне 10-15 минут болса да тұрақты оқуға тырысу керек. Ең бастысы – кітапты жай оқып қоймай, одан өзіңізге қажетті ойды таба білу. Себебі жақсы кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге деген көзқарасын өзгертеді.
Енді осы жетістікпен тоқмейілсіп қалмай, алдағы уақытта да Еркеназды әдеби бағыттағы және шығармашылық байқауларға қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге оның зерттеушілік, шешендік қабілеттерін дамытуға көңіл бөлеміз, — деді Г.Танысхожаева.
Түйіндей айтқанда, Еркеназдың бұл жетістігі – жасөспірімнің ізденісі мен табандылығының нәтижесі ғана емес, оның алға қойған мақсатына сенімді қадам басып келе жатқанының айғағы. Бір байқаудағы жеңіс жас оқырман үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауына айналып, оның шығармашылық әлеуетін одан әрі шыңдай түсері анық. Бүгінде мектеп қабырғасында қалыптасқан талғам мен жинақтаған тәжірибе болашақта өз бағытын айқындауға берік негіз болмақ.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Т.Рысқұлов ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.