ТАРАЗДЫҚ ЖАС ШЕБЕРЛЕРДІҢ ТУЫНДЫЛАРЫ – ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ
Астана қаласында ағымдағы жылдың 5-6 қыркүйек күндері «Креатив Аймақ» республикалық жобасы аясында Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» атты көрме-жәрмеңкесі өтті. Елорда төрінде ұйымдастырылған тағылымды шара өңірдің мәдениеті мен өнерін, ұлттық қолөнерін және шығармашылық әлеуетін кеңінен танытатын маңызды алаңға айналды.
Көрме-жәрмеңкеге Жамбыл облысынан шығармашылық бағытта еңбек етіп жүрген шеберлермен қатар, жас өнерпаздар мен балалар шығармашылығының өкілдері де қатысты.
Ерекше атап өтерлігі, жәрмеңкеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Евгений Дмитриевич Кочетов келіп, жамбылдық креаторлардың жұмыстарымен танысты. Екі күн ішінде жәрмеңкеге 6 мың-ға жуық адам келіп, Жамбылдан барған шығармашылық өкілдердің туындылары мен авторлық өнімдеріне қызығушылық танытты. Нәтижесінде өңір креаторлары 15 млн. тең-геден астам өнім өткізіп, өз жобаларының нарықтағы сұранысын көрсетті.
Креативті жобалар қатарында М.Х.Дула-ти атындағы Тараз университетінің жасан-ды интеллект негізіндегі «Зияткерлік және спорттық кофехана», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Hermes Analytica» цифрлық кәсіптік бағдар беру жүйесі, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «вайб-кодинг» технологиясымен әзірленген жобалары бар.
Жәрмеңкеде IT жобалармен қатар, жамбылдық қолөнершілердің табиғи жүннен әзірленген экологиялық таза өнімдері мен жібек талшығын өндіру бағытындағы жұмыстары таныстырылып, келушілерге сатылымға ұсынылды.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасы «Алтын қор» цифрлы кітабы, төрт форматты инклюзивті ертегі кітаптары және 3D-технология негізіндегі тактильді макеттер сынды креативті жобаларының таныстырылымын жасады.
«ASPARA» брендінің неофольклор стиліндегі топтамаларының сән көрсетілімі, жасанды интеллект көмегімен әзірленген қазақ ертегілері мен анимациялық фильмдердің көрсетілімі, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Әулиеата әуендері Астана төрінде» концерттік бағдарламасы да жәрмеңкенің мазмұнын арттырды. Ал жергілікті баспалардың кітаптары, суретшілердің картиналары, Қали Қора-ласбаевтың мүсіндері мен Алтынбек Қартабайдың фотожұмыстары да назардан тыс қалмады.
Елорда төрінде талайдың таңданысын тудырған туындылардың қатарында «Бақытты болашақ» Оқушылар сарайының педагогтері мен жас қолөнершілерінің еңбектері де бар. Оқушылар сарайының шығармашылық шеберханаларында жасалған жұмыстардың ерекшелігі – олардың алуан түрлілігі мен заманауи бағыттарды ұлттық өнермен сабақтастыра білуінде. Көрме сөрелерінен киізден, қыштан, папье-машеден жасалған бұйымдармен қатар, бояу техникасы және түрлі аралас техникаларда орындалған креативті жұмыстарды көруге болады. Әр туындыдан баланың қиялы, ізденісі мен өзіндік шығармашылық қолтаңбасы байқалады.
– Ұлттық қолөнерді заманауи үлгіде жаңғыртып, балалардың шығармашылық қабілетін дамыту – Оқушылар сарайындағы педагогтердің негізгі бағыттарының бірі. Ұстаздар шәкірттеріне қолөнердің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, өз идеясын жүзеге асыруға, еңбек нәтижесін бағалауға және жасаған бұйымының қоғамға қажет екенін сезінуге бағыт береді. Бұл ретте көрме-жәрмеңкенің тағы бір маңызды қыры жас өнерпаздардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көпшілікке ұсынып, сатуға мүмкіндік алуында болып отыр.
Көрме қонақтары балалардың қолынан шыққан ерекше бұйымдарға қызығушылық танытып, олардың жасаған кәдесыйлары мен қолөнер туындыларын сатып алды. Бір қарағанда, бұл – қарапайым жәрмеңкедегі сауда үдерісі болып көрінуі мүмкін. Алайда оның жасөспірімдер үшін тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор.Өйткені бала өз қолымен жасаған бұйымының сұранысқа ие болғанын, адамдардың еңбегін бағалап, сатып алуға дайын екенін көрген кезде шығармашылыққа деген қызығушылығы арта түседі. Сонымен қатар бұл тәжірибе жас шеберлерге еңбек пен шығармашылықты кәсіпке айналдыруға болатынын түсінуге мүмкіндік береді.
Бүгінде әлемде креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қолөнер, дизайн, сән, бейнелеу өнері, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасау – шығармашылықпен қатар кәсіпкерлік қабілетті де қажет ететін бағыттар. Сондықтан балалардың бойында ерте жастан еңбекқорлықпен бірге кәсіпкерлік ойлау, өз еңбегін бағалау, өнімді ұсыну және тұтынушымен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор, — деді Оқушылар сарайының директоры Арайлым Алекеева.
«Бақытты болашақ» Оқушылар сарайының жас қолөнершілері үшін «Асқақ рухты Әулиеата» көрме-жәрмеңкесіне қатысу – шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстырумен ғана шектелмейді. Бұл олардың үлкен шығармашылық және кәсіпкерлік әлемге жасаған алғашқы қадамдарының бірі екені белгілі. Алайда, ең бастысы кеше ғана шеберханада қиялдан туындаған идея бүгін нақты бұйымға айналып, елорда төріндегі көрме сөресінен орын алды. Ал сол бұйымның көрермен тарапынан бағаланып, кәдесый ретінде сатып алынуы балаға өз еңбегінің құндылығын сезіндіреді.
Әрине, шығармашылық пен кәсіпкерлікті ұштастырған мұндай жобалар жас ұрпаққа жаңа мүмкіндік береді. Олар баланың тек өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақта өз идеясын жеке жобаға, ал шығармашылық қабілетін кәсібіне айналдыруына жол ашады. Ең маңыздысы – бүгінгі жас қолөнерші өз қолымен жасаған шағын бұйымын сатудан басталған жолдың ертең үлкен шығармашылық жобаға, жеке брендке, тіпті табысты кәсіпке айналуы мүмкін екенін түсінеді. Яғни, талантқа – қолдау, шығармашылыққа – мүмкіндік, еңбекке – лайықты баға берілген жерде жас креаторлардың жарқын болашағы қалыптасады.
Қ.ҚАПТАҒАЙ,
журналист.
Тараз қаласы.

