Ещё один сайт на WordPress

МҰҒАЛІМДЕР НЕГЕ СЫНЫП ЖЕТЕКШІ БОЛУДАН ҚАШАДЫ?

0

Соңғы жылдары білім беру саласында педагогтердің сынып жетекшілік қызметінен бас тарту үрдісі жиілей түскендей. Бұрын бұл міндет мұғалім беделінің, шәкіртпен етене байланысының көрінісі саналса, бүгінде көпшілік үшін қосымша жүктеме ретінде қабылдана бастады. Әсіресе жас мамандар арасында сынып жетекші болуға құлшыныстың төмендеуі ойландырмай қоймайды. Бұл құбылыс кездейсоқ емес, оның астарында бірқатар маңызды себеп жатыр.

Бұл тек педагогтердің жеке таңдауы емес, жалпы білім беру жүйесінің ахуалын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі екені белгілі. Сондықтан біз де осы мәселенің астарына үңіліп, мәнісін ұғынуға барынша тырысқан едік.
ҚР Оқу-ағарту министрлігің ресми мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда қолданыстағы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сай, сынып (топ) жетекшілігі үшін базалық лауазымдық айлықақыдан (БЛА) белгілі бір пайызда үстемақы төленеді. Атап айтқанда:
• 1–4 сыныптар үшін – БЛА-ның 50%-ы,
• 5–11 сыныптар үшін – БЛА-ның 60%-ы,
• Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында – БЛА-ның 50%-ы көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұғалімдерге сыныпты басқарғаны үшін төленетін үстемеақыны кезең-кезеңімен көбейту де қарастырылып отырған көрінеді.
Бүгінде Мойынқұм ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте 5-сыныпқа жетекшілік етіп жүрген педагог Айгүл Қасымованың айтуынша, қазір жетекшілерге артылар жауапкершілік жүгі тым ауыр екен.
– Сынып жетекшінің жұмысы сырт көзге көрінгендей жеңіл емес. Керісінше, оны мұғалімнің негізгі сабағынан бөлек, үлкен жауапкершілік пен уақытты талап ететін күрделі міндеттердің жиынтығы деуге болады. Ең алдымен, сынып жетекші – тек білім беруші емес, ол психолог, тәрбиеші, ұйымдастырушы, кейде тіпті ата-ананың орнын басатын тұлға. Әр оқушының мінезін, көңіл күйін, отбасылық жағдайын бақылап, олардың әрқайсысына жеке көзқарас қалыптастыру да – күнделікті жұмыстың бір бөлігі.
Жүктеменің көптігі әсіресе құжат жұмыстары мен есеп берулерден айқын көрінеді. Түрлі жоспарлар, тәрбие сағаттарының есебі, оқушылардың қатысуы, үлгерімі, әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер – мұның бәрі сынып жетекшінің мойнында. Кейде осы қағазбастылықтың өзі негізгі педагогикалық жұмыстан уақытты алып қояды. Бұдан бөлек, әрбір іс-шараны ұйымдастыру, мерекелік кештер, жиналыстар өткізу де үлкен дайындықты қажет етеді.
Мұнда жауапкершілік мәселесі де тіпті ауқымды. Сынып жетекші әр оқушының қауіпсіздігіне, тәртібіне, тіпті тәрбиесіне де жауапты. Мектеп қабырғасынан тыс жерде де оқушыға қатыс-
ты жағдай болса, ең алдымен сынып жетекшіге сұрақ қойылады. Ата-аналармен байланыс орнату да оңай емес. Себебі, әр отбасының көзқарасы, талабы әртүрлі, кейде түсініспеушіліктер туындап жатады. Осындай сәттерде мұғалім тек педагог емес, дипломат болуға мәжбүр.
Сондықтан қазіргі таңда көптеген мұғалімдердің сынып жетекшіліктен бас тартуының басты себебі – жүктеменің шамадан тыс көптігі мен жауапкершіліктің ауырлығы. Егер бұл қызметтің маңыздылығын ескеріп, мұғалім еңбегі лайықты бағаланып, қолдау күшейтілсе, сынып жетекші болуға деген көзқарас та өзгерер еді, — деді Айгүл Мәлікқызы.
Тараз қаласындағы орта мектептердің бірінде сынып жетекшілік етіп жүрген ұстаз Айнұр Қуандықтың да пікірі осыған саяды.
– Мен қазір 7 «Ә» сыныбының жетекшісімін. Қазіргі білім беру жүйесінде сынып жетекшісінің рөлі ерекше маңызды. Алайда, бұл міндеттің жауапкершілігі жылдан жылға артып, жүктемесі шектен тыс көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Мен сынып жетекшісі ретінде тек пән мұғалімі ғана емес, сонымен қатар оқушылардың тәрбиешісі, ата-анамен байланыс орнатушы, құжат жүргізуші, ұйымдастырушы, психолог, кейде тіпті әлеуметтік қызметкердің де рөлін қатар атқаруға мәжбүрмін.
Осы орайда сынып жетекшілердің еңбегін бағалау, олардың жүктемесін оңтайландыру – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Құжат айналымын азайту, тәрбие жұмыстарына нақты қолдау көрсету, психолог пен әлеуметтік педагогтардың жұмысын күшейту арқылы сынып жетекшісінің жүктемесін жеңілдетуге болады деп есептеймін, — деді Айнұр Серікқызы.
Дегенмен, 9 «Б» сыныбының жетекшісі, қордайлық мұғалім Гүлмира Нұржанованың пікірі бұған мүлде қарама-қайшы.
– Қазіргі таңда кейбір әріптестерім сынып жетекшілік міндеттен қашқақтайтынын жасырмайды. Бұған жүктеменің көптігі, қағазбастылық, ата-анамен жұмыс, түрлі есептер мен ұйымдастыру жұмыстары басты себеп болып отыр. Дегенмен, мен сынып жетекшісі ретінде бұл қызметтің тек қиындықтары ғана емес, үлкен артықшылықтары мен рухани маңызы бар екенін ерекше атап өткім келеді.
Сынып жетекшілік – жай ғана қосымша міндет емес, ол мұғалімнің кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашатын маңызды мүмкіндік. Ең алдымен, сынып жетекшісі оқушымен терең әрі сенімді қарым-қатынас орнатады. Пән мұғалімі ретінде біз көбіне білім берумен шектелсек, сынып жетекші ретінде баланың ішкі жан дүниесін тануға, оның қызығушылығы мен қабілетін ашуға мүмкіндік аламыз. Бұл – мұғалім үшін үлкен тәжірибе әрі кәсіби шеберлікті арттыратын фактор.
Сонымен қатар, сынып жетекшілік мұғалімге ұйымдастырушылық қабілетін дамытуға ықпал етеді. Түрлі іс-шараларды жоспарлау, ұжымды біріктіру, оқушыларды ортақ мақсатқа жұмылдыру – мұның бәрі нағыз көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырады. Уақыт өте келе мұндай тәжірибе мұғалімнің өзіне деген сенімін арттырып, кез келген ортада еркін әрекет етуіне жол ашады.
Тағы бір маңызды тұсы – ата-анамен тығыз байланыс орнату. Сынып жетекші ретінде ата-анамен жиі қарым-қатынас жасау арқылы біз тек баланы ғана емес, оның отбасылық ортасын да жақсырақ түсінеміз. Бұл өз кезегінде оқушыға дұрыс бағыт-бағдар беруге, оның тәрбиесіне оң ықпал етуге көмектеседі.
Әрине, бұл қызмет оңай емес. Бірақ оның нәтижесі – көз алдыңда өсіп, қалыптасып келе жатқан тұлға. Бір кездері сенің ақылыңды тыңдап, бағыт-бағдар берген оқушыңның жетістікке жеткенін көру – мұғалім үшін ең үлкен марапат. Бұл сезімді ешқандай жалақы немесе марапат алмастыра алмайды.
Сондықтан сынып жетекшіліктен қашпау керек деп ойлаймын. Керісінше, оны мұғалімнің миссиясы, қоғам алдындағы маңызды қызметі ретінде қабылдау қажет. Себебі біз тек білім беріп қана қоймай, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз. Ал сынып жетекшілік – осы жауапты істің ең маңызды тетіктерінің бірі, — деп ұлағатты ұстаз өз ойымен бөлісті.
Сынып жетекшілік мәселесі бүгінгі білім беру жүйесіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі екені анық. Бір жағынан, бұл қызметтің жауапкершілігі артып, жүктемесінің ауырлағаны мұғалімдердің одан бас тартуына әкеліп отыр. Екінші жағынан, сынып жетекшілік педагогтің кәсіби болмысы мен тәрбиелік миссиясын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі ретінде өз маңызын жоғалтқан жоқ. Мақалада келтірілген пікірлерден байқағанымыздай, мәселенің түп-төркіні тек мұғалімдердің ниетінде емес, жүйелік деңгейдегі кемшіліктерде жатқанын аңғару қиын емес. Сондықтан сынып жетекшілікті сақтап қалу ғана емес, оны жаңа деңгейге көтеру бүгінгі күннің басты талаптарының біріне айналуы қажет деген ойдамыз.

Қ.Қаптағай,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.