АРМАННАН – ЖЕТІСТІККЕ: ЖАС ПСИХОЛОГТЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ КӨПКЕ ҮЛГІ
Жуырда Алматы қаласында педагог-психологтардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған «Үздік жыл психологі» республикалық байқауы өтті. Аталған байқауға еліміздің әр өңірінен үздік мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін сынға салды. Білім бәйгесінде Жамбыл өңірінің намысын қорғаған Сарысу ауданы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының педагог-психологі Маржан Қуандық жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынға ие болды.
Маржан Талғатқызының айтуы бойынща, бұл жетістік оған мол тәжірибе және зор серпін сыйлапты.
– Былтырғы оқу жылында Астана қаласында мектеп-лицейде жұмыс істедім. Сол кезде қалада осы байқаудан 2-орын алған болатынмын. Дайындықтың аздығынан болар, республикалық кезеңге шыға алмадым. Ал, биылғы оқу жылын Сарысудағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында бастадым. Осы қалаға келген бетте әдіскеріміз Бекзада Ақылбековнамен таныстым. Ол кісі алғашқы таныстықтан-ақ: «Мен сені үздік жыл психологына қатыстырамын, дайындықты баста», – деп үлкен мотивациямен қарсы алды. Осы сенім мен қолдау менің қайта қатысуыма бас-ты себеп болды.
Бұл байқауға дайындық кезеңі жақсы өтті. Басшымның, ұжымымның және әдіскерімнің қолдауын анық сезіндім. Қазіргі таңда өзекті болып отырған «RPS collaboration: ЕБҚ оқушының ата-анасымен бірлескен жұмыс» тақырыбында авторлық жоба жаздым. Бұл жобадағы басты мақсатым – ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың ата-анасын қолдау.
Жобаның негізгі философиясы – «Сау ана – сау бала». Шындығында, біз көп жағдайда баламен жұмыс істеп, ата-ананы ескерусіз қалдырып жатамыз. Мен ұсынған ерекше әдістемелік құрал – авторлық күнделік. Онда заманауи тәсілдер, метафоралық ертегілер және ата-аналарға арналған рефлексиялық тапсырмалар қамтылған. Бұл жоба ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған деп есептеймін.
Аталған сайыс аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұрды. Үш кезеңде де өзіміздің авторлық жобамыздың тиімділігі мен өзектілігін дәлелдедік. Жобаны шынайы сезіммен жазғандықтан, қатты қиындық сезбедім. Дегенмен, соңғы кезеңде аздап қорқыныш болды. Республиканың әр өңірінен келген мықты мамандарды, жақсы жобаларды көргенде жауапкершілік арта түседі. Бұл сезім мені керісінше шыңдап, өзімді дамытуға ынталандырды. Осы байқау арқылы менің әлі де көп жұмыс істеуім керектігін түсіндім. Сондай-ақ, бір орында тоқтап қалмай, алға қойған мақсаттарыма жету үшін үздіксіз еңбек ету қажет екенін ұқтым. Сонымен қатар, дұрыс бағытта келе жатқанымды сезіндім.
Осы ретте айта кетерлігі, алдағы уақытта әріптестеріме, оқушыларға және ата-
аналарға арналған ыңғайлы әрі қолжетімді платформа жасағым келеді. Қазіргі таңда осы бағытта ізденіс үстіндемін. Бұл платформа психологиялық қолдауды қолжетімді әрі жүйелі етуге көмектеседі деп ойлаймын, — деген Маржан Талғатқызы психология мамандығының қыр-сыры жайлы өз ойын бүкпесіз жеткізді.
– Мен үшін әрбір оқушының жан дүниесін түсіне білу және шығармашыл, ізденімпаз болу – ең маңызды қасиеттер. Сонымен қатар, шыдамдылық пен жауапкершілік те бұл мамандықта ерекше рөл атқарады. Алайда, кейбір адамдар психологтың жұмысы тек диагностикамен шектеледі деп ойлайды. Бірақ біз – адам жанын емдейтін мамандармыз. Соңғы уақытта бұл мамандыққа деген көзқарас өзгеріп келеді. Дегенмен, әлі де толық деңгейде бағаланып жатыр деп айту қиын. Алдағы уақытта бұл салаға деген түсінік пен құрмет арта түседі деп сенемін. Бүгінде балалардың да психологқа деген көзқарасы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған. Қазір оқушылар психологты өздері іздеп келетін жағдайлар жиі кездеседі. Дегенмен, ішкі күйзеліс, өз-өзіне сенімсіздік, эмоцияны басқару сияқты мәселелер әлі де өзекті. Бұған қоса біздің жұмысымыздың нәтижесін жүйелі түрде көрсететін арнайы сайт немесе платформа қажеттілігін жиі сезінемін.
Келешекте жай педагог-психолог болып қалғым келмейді. Болашақта бұл салаға өз жаңалығымды алып келіп, осы ғылымның дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Оқушылардың психологиялық денсаулығын сақтау және оларға барынша көмектесу – басты мақсатым. Сондай-ақ, әр оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету де мен үшін маңызды бағыттардың бірі.
Ерекше атап өтерлігі, 9-сыныпта мамандық таңдағанда жаныма жақыны осы психология саласы екеніне көзім жетті. Адамдарға көмектесу мен тыңдағанды өте қатты ұнататынмын. Осы ойымды іске асыру үшін Қарағанды қаласындағы Е.Бекетов атындағы университетке «педагог-психолог» мамандығында білім алдым. Университетті «үздік дипломмен» аяқтап, алғашқы еңбек жолымды Астана қаласындағы балабақшада бастадым.
Жалпы, біздің әулет – педагогтар династиясы. Сондықтан бала кезден білім мен тәрбиенің қадірін түсініп өстім. Ата-анам да мұғалім. Бұл мамандықты таңдауыма анам-ның ықпалы ерекше болды. Ол кісі: «Сенен жақсы психолог шығады, адам жанын жақсы түсінесің», — деп маған алғашқы мотивация берген жан. Кейде адамның өзіне деген сенімін өзгелер оятады. Мен үшін сол адам – анам. Осы сенім мені таңдаған жолымнан тайдырмай, алға ұмтылуыма күш береді, — деп ағынан жарылды Маржан.
Қазіргі қоғамда адам жанының саулығы мен психологиялық қолдаудың маңызы артып келеді. Әсіресе, білім беру саласында еңбек ететін педагог-психологтардың рөлі ерекше. Олар тек оқушылардың ғана емес, ата-аналар мен ұстаздардың да сенімді кеңесшісі, жанашырына айналып отыр. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған байқаулар олардың тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар мен тың жобаларды жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік беретіні айқын.
Әңгімелескен Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Сарысу ауданы.