Ещё один сайт на WordPress

ЖАС МАМАНДАР АЛАҢЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

0

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен GPA 3,33 баллдан жоғары нәтиже көрсетіп, конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданған жас педагогтерге арналған облыстық диалогтік алаңы өтті.

Білім беру ұйымдарына конкурссыз қабылданған жас мамандардың кәсіби бейімделуіне қолдау көрсету, олардың жауапкершілік деңгейін арттыру және білім беру жүйесіндегі рөлін айқындауды мақсат еткен басқосуға 105 жас маман қатысты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков сөз сөйлеп, аталған жиынның маңыздылығына тоқталса, 38 жыл еңбек өтілі бар, ардагер ұстаз, Құрмет орденінің иегері Раушан Әбуова мен Тараз қаласы, №48 орта мектебінің директоры Б.Есимова тәжірибелерін ортаға салып, жас ұстаздар мектепке бейімделу мүмкіндіктерімен таныстырды.
Сонымен қатар жас мамандардың білім беру жүйесіндегі орны мен рөлі, олардың құқықтары мен кәсіби міндеттері, кәсіби бейімделу кезеңіндегі қолдау тетіктері жан-жақты талқыланып, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Алаңның маңызды бөліктерінің бірі – қатысушылардың кері байланыс сессиясы болды. Онда жас педагогтер өз ойларын ортаға салып, кәсіби дамуға қатысты нақты ұсыныстарын білдірді.
Диалогтік алаңның соңында әрбір жас маманнан «Бүгінгі алаңнан ең маңызды нәрсе — …» тақырыбы аясында қысқа фитбэк алынды.
Маңызды жиынға қатысқан жас мамандардың бірі – Байзақ ауданы, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдызай Жанатбекқызының айтуынша, бұл кездесу кәсіби біліктілігін жетілдіруге зор ықпал еткен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отырған бұл бастама – жастар үшін үлкен мүмкіндік. GPA 3,33-тен жоғары нәтиже көрсетіп, конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы естігенде ерекше қуаныш пен сенімділік сезімі пайда болды. Бұл өз еңбегіңнің әділ бағаланатынын аңғартады. Сонымен қатар, тек жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, сол сенімді ақтау жолында да үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, бұл мүмкіндік менің өміріме тың серпін әкелді. Өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, педагогикалық еңбек жолымды бастау, уақытты тиімді пайдаланып, кәсіби дамуға ерте қадам жасауға жол ашты. Сонымен қатар, өзіме деген сенімділігім артып, болашаққа нақты жоспар құруыма септігін тигізді. Өзім қатарлы жас мамандармен пікір, тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен көзқарастар алдым. Жалпы, мұндай кездесулердің жас педагогтер үшін маңызы жоғары. Себебі еңбек жолын енді бастаған жас маманға тәжірибе алмасу, қолдау көру және жаңа әдістерді үйрену – кәсіби қалыптасудың маңызды бөлігі, — деген жас маман оқу-ағарту саласына қалай қадам басқанын да кеңінен әңгімелеп берді.
– Оқушы кезімнен қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқитынмын. Мектеп қабырғасында өзіме үлгі болған ұстаздарымның еңбегі мені одан әрі шабыттандырып, түрлі байқауларға қатысып қабілетімді шыңдай түстім. Ұстаздарымның шәкіртке деген жанашырлығы, кәсібіне адалдығы мен үшін үлкен өнеге болды.
Педагог мамандығын таңдауымның тағы бір себебі – қоғамға пайда келтіру, келешек ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосу ниеті. Себебі білімді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ – ел болашағының негізі деп санаймын. Ұстаз болу – мен үшін тек мамандық емес, өмірлік миссия.
Осы мақсатқа жету жолында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламасын GPA 3,86 көрсеткішпен аяқтадым. Оған қол жеткізуде университет қабырғасында әрбір сабаққа жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындалуым, сондай- ақ ғылыми бағыттағы жұмыстарға белсене араласуым ықпал етті.
Әрине, мектепке алғаш келгенде ерекше толқу мен жауапкершілік сезімін бастан кешірдім. Мектеп ұжымы мен оқушылардың жылы қарым-қатынасы жаңа ортаға тез бейімделуіме көмектесті. Бұл орта мені жігерлендіріп, өз ісіме деген сүйіспеншілігімді арттырды. Жас маман ретінде ең алдымен тәжірибенің аздығына сәйкес, сабақты тиімді жоспарлау, оқушылармен тіл табысу, уақытты дұрыс басқару сияқты мәселелерде қиындықтар болды. Дегенмен, мектеп басшысының ұйғарымымен тағайындалған тәлімгерімнің, бірлестік мүшелерінің қолдауы мен ақыл-кеңесі, өзімнің ізденісімнің арқасында бұл кедергілерді біртіндеп еңсеріп келемін. Бұл ретте мен үшін тәжірибелі ұстаздардың кеңесі өте маңызды. Олардан алған бағыт-бағдар, әдістемелік көмек көптеген қателіктердің алдын алып, кәсіби өсуіме ықпал етеді. Алдағы уақытта өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңашыл, шығармашыл және оқушы жүрегіне жол таба алатын білікті педагог болуды мақсат етемін. Қорыта айтқанда, мен үшін жақсы мұғалім – өз пәнін жетік білумен қатар оқушының жан дүниесін түсініп жүрегіне жол таба алған, сабақты қызықты әрі тиімді ұйымдастыратын, сонымен қатар үнемі ізденісте жүретін тұлға, — деп ағынан жарылды жас педагог.
Тағы бір жас маман, Тараз қаласы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның физика пәнінің мұғалімі Әсел Кребек те педагогика саласына жүрек қалауымен таңдаған жанның бірі.
– Педагог мамандығын таңдауыма басты себеп — білім арқылы қоғамға пайда келтіру және оқушылардың болашағына әсер ету мүмкіндігі. Сонымен қатар, өз пәніме деген қызығушылығым бұл таңдауды нақтылай түсті. М.Дулати университетін тәмамдаған кезде менің GPA көрсеткішім 3,69 болды. Бұл нәтижеге жету үшін мен ең алдымен өз уақытымды тиімді жоспарлауға мән бердім. Әр пәнге жауапкершілікпен қарап, тек емтихан кезінде емес, семестр бойы жүйелі түрде дайындалуға тырыстым.Сонымен қатар, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, яғни алған білімімді терең түсінуге көңіл бөлдім. Қиындықтар болған сәттерде оқытушылардан кеңес алып, өзімнің әлсіз тұстарыммен жұмыс істедім.Осының барлығының нәтижесінде тұрақты еңбек пен тәртіп арқылы жоғары көрсеткішке қол жеткіздім. Әлбетте, жоғары оқу орнын GPA 3,33 баллдан жоғары нәтиже аяқтаған мамандар конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ жұмысқа қабылданатынын естігенде бұл мен үшін күтпеген, бірақ өте қуанышты жаңалық болды. Себебі бұл бірнеше жыл бойы жасаған еңбегімнің нақты нәтижесі деп білемін. Сонымен қатар, осынау мүмкіндікті мен үлкен сенім әрі жауапкершілік ретінде қабылдадым. Яғни, тек мүмкіндік алып қана қоймай, сол сенімді ақтау керек екенін түсіндім. Сол сәттен бастап өз-өзіме деген талапты күшейтіп, кәсіби тұрғыда дамуға деген мотивациям одан әрі артты.
Жас маман ретінде мен үшін ең үлкен қиындықтардың бірі — оқушыларды әділ бағалау болды. Себебі әр оқушының деңгейі, қабылдауы және сабаққа дайындығы әртүрлі. Барлығына бірдей талап қойып, сонымен қатар әділ баға беру үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Сонымен қатар, оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру және олардың жауапкершілігін қалыптастыру да оңай емес екенін байқадым. Кейбір оқушыларды ынталандыру үшін тек білім беру жеткіліксіз, оларға сенім мен қолдау да қажет екенін сезіндім. Сондықтан бұл диалогтік алаң мен үшін өте пайдалы болды. Жас маман ретінде өз ойымды білдіріп қана қоймай, басқа жас педагогтерді көріп, олардың тәжірибесін, жаңа әдістер мен тәсілдерді үйренуге мүмкіндік алдым. Сондай-ақ, бәріміз үшін қиындықтар бірдей екенін түсіндім. Әрине, кейде сабаққа бейімделу, оқушылармен жұмыс немесе құжаттармен айналысу қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл кезең – тек уақытша, тәжірибе жинайтын кезең ғана. Алдағы уақытта үлкен тәжірибе жинап, кәсіби шебер және өз ісіне сенімді ұстаз болғым келеді. Осы себептен алдағы уақытта өзімді тәжірибелі, заманауи, оқушыларға бағыт-бағдар беретін және шабыттандыра алатын педагог ретінде елестетемін. Қазіргі уақытта магистратурада оқып, кәсіби білімімді тереңдетіп жатырмын, сондықтан теория мен практиканы үйлестіре отырып, әр сабақта тиімді әдістерді қолдана аламын деп ойлаймын. Мен үшін маңыздысы – әр оқушының мүмкіндігін байқап, олардың қызығушылығын арттыру, сондай-ақ өзіндік ой-пікірін дамытуға ықпал ету. Сол арқылы мен өзімді сенімді, заманауи ұстаз ретінде дамытқым келеді, — деді Әсел Нұржанқызы.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы алдағы уақытта да жас педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасап, олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыра бермек.

Қ.Қаптағай,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.