Ещё один сайт на WordPress

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛ ҚОҒАМ ҚҰРУДЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған саяси реформалар аясында әзірленген ҚР жаңа Конституциясының жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатыны белгілі. Осы ретте елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық өзгерістер жайлы ой бөліскенді жөн көрдім.

Ағымдағы жылдың басында арнайы құрылған конституциялық комиссия көпшілік назарына ұсынған жаңа Ата Заңның жобасы қоғамның қызу талқысына түсті. Осыған орай жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 15-наурызы күні республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл байтақ Отанымыз – Қазақстанның тарихындағы тағдыршешті таңдау болмақ. Жаңа жобаға енген өзгерістер 1995 жылы қабылданған Конституцияның негізін сақтай отырып, оны заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған. Жоба преамбуладан бастап 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Онда елдің өткені дәріптеліп, жалпыұлттық құндылықтар – бірлік, ынтымақ, этносаралық татулық, мәдениет, білім, ғылым, инновация, табиғатты аялау және бейбітшілік сияқты ұғымдар ерекше орын алған. Бұл өзгерістер еліміздің тұрақты дамуына, болашақ ұрпақтың игілігіне зор үлес қосады деп сенемін. Әсіресе, ағарту және білім саласын алға тартатын нормалар, сондай-ақ басқа салаларды еуропалық жаңа стандарттарға сай бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді.
Ең әуелі өзгерістердің жалпы мәніне тоқталайық. Конституциялық комиссия 2026 жылдың 29 қаңтарындағы отырысында ұсынылған түзетулердің ауқымдылығын талқылап, жаңа Конституция қабылдауды қажет екенін жеткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде бұл жаңашылдықтар институционалдық-құқықтық жаңғыртумен ғана шектелмей, мемлекеттік жүйені қайта құруға бағытталғанын атап өтті. Ең алдымен жаңа жоба мемлекеттің егемендігі мен дербестігін нығайтуға, биліктің бірден-бір бастауы – халықтың рөлін күшейтуге арналған.
Яғни, мемлекетіміз унитарлы, президенттік республика болып қала береді, бірақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жетілдіріледі. Идеологиялық және саяси әралуандық танылады, ал мемлекеттік органдарда саяси партия құруға тыйым салынады. Дін мемлекеттен бөлек, мемлекеттік тілі – қазақ тілі, орыс тілі онымен тек қатар қолданылады, ал басқа тілдердің дамуына қолдау көрсетіледі. Бұл нормалар еліміздің көпұлттық сипатын ескере отырып, бірлікті нығайта түсері даусыз.
Ең маңыздысы жобада ағарту және білім саласының стратегиялық бағыт ретінде танылуы болып отыр. Конституция жобасының 3-бабында мемлекет білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды өз қызметінің басымдығы деп бекітеді. Бастауыш және орта білім міндетті әрі мемлекеттік оқу орындарында тегін беріледі (33-бап). Жоғары білім конкурс негізінде қолжетімді болады, ал білім беру жүйесі зайырлы сипатта болуға тиіс. Діни білім ұйымдарынан басқа, барлық оқу орындары мемлекеттік стандарттарға сәйкес келуі керек. Бұл өзгерістер болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына кепілдік береді. Қазақтың ұлы ағартушысы Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», – деген тағылымды тәмсілі әлі күнге өзектілігін жойған емес. Себебі, қай кезде де білімсіз ұлттың болашағы жоқ. Осыны жете түсінген еліміз жобадағы жаңа нормаларда инновациялық технологиялар, цифрлық білім, жасанды интеллектті қолдану арқылы жастарды бәсекеге қабілетті етуге басымдық беріп, еуропалық стандарттарға сай білім жүйесін құруды көздеп отыр. Бұл елдің адам капиталын ең қымбат құндылыққа айналдырады, болашақ ұрпаққа тең мүмкіндіктер береді.
Білім саласындағы өзгерістер басқа да салалармен тығыз байланысты. Кеңірек тоқталсақ, экономикада мемлекеттік және жеке меншік тең қорғалады (8-бап), жер халыққа тиесілі, бірақ жеке меншікте болуы мүмкін. Кәсіпкерлік бостандығы үстемдік етіп, кепілденген монополия шектеледі. Экономиканы қарқынды дамыту үшін арнайы құқықтық режимдер енгізіледі (5-бап). Бұл Еуропадағы инновациялық хабтар сияқты, Қазақстанды бәсекеге қабілетті етеді. Бұл экономика мен білімнің бірігуін көрсетеді. Яғни, жаңа стандарттар арқылы Қазақстан цифрлық экономикаға көшеді, стартаптар, инновациялық орталықтар дамытылады. Ал бұл келешекте өскелең ұрпақтың жұмыспен қамтылып, әл-ауқатын арттыруға зор септігін тигізеді.
Саяси жүйеде де қолға алынған өзгерістер өте көп. Мәселен, енді ел Президенті 7 жылдық бір мерзімге ғана сайланып, өкілеттілігі шектеледі. Сондай-ақ Құрылтай (Парламент) 145 депутаттан тұрады әрі пропорционалды жүйемен сайланады. Бұл биліктің халыққа жақындауына, демократияны күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар Ата Заң жобасында адам құқықтары абсолютті екені (14-бап), өлім жазасына тыйым салынатыны (17-бап), сөз бостандығының шектелмейтіні (23-бап), еңбек құқығы қорғалатыны (27-бап), әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау тегін болатыны (32-бап) және еуропалық «жасыл» стандарттарға сәйкес, табиғатты қорғау баршаға міндеттелетіні тайға таңба басқандай айқын жазылған.
Осы орайда «Бұл өзгерістер елімізге қандай пайда әкеледі?» деген заңды сауалдың туындайтыны сөзсіз. Біріншіден, мемлекеттік жүйені қайта құру арқылы билік пен қоғамның ықпалдастығы артады. Екіншіден, білім және ғылымның басымдығы Қазақстанды еуропалық деңгейдегі инновациялық елге айналдырады. Үшіншіден, экономикадағы арнайы режимдер инвестиция тартуға, жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Болашақ ұрпақ үшін бұл – тең құқық, сапалы білім, тұрақты орта. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның: «Ұлттың болашағы – білімді ұрпақта», – деген сөзі бар. Жаңа Конституция осыны іске асырып, гуманитарлық құндылықтар, патриотизм, волонтерлікті насихаттау арқылы қоғамды біріктіреді.
Қорыта айтқанда, жаңа Ата Заңды қабылдау – Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басқанының айқын көрінісі. Ол 2022 жылғы референдумдағы өзгерістерді жалғастыра отырып, елді бәсекеге қабілетті, еуропалық стандартты мемлекетке айналдырады. Ағарту саласы алға шығарылып, экономика, саясат, әлеуметтік қорғау сынды өзге салалар біртұтас дамуға бағытталады. Бұл өзгерістер еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, болашақ ұрпаққа жарқын жол көрсетеді. Қай заманда да білім мен ағарту – ұлттың негізі. Ендеше, баршамыз осы жолда аянбай жұмыс істеуіміз керек!

Мария АЙТБЕКОВА,
№46 орта мектебінің директоры,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты.

ТАРАЗ қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.