ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАС ҒАЛЫМДАР ТОП ЖАРДЫ
Ағымдағы жылдың 16-21 ақпаны аралығында Қарағанды қаласында республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша қорытынды кезеңі өтті.
Білім бәйгесіне Жамбыл облысынан 15 оқушы 14 жобамен қатысып, 12 жасөспірім жеңімпаз атанды. Оның ішінде 4 оқушы алтыннан алқа тағынса, 6 оқушы күміс, тағы 2 жерлесіміз қола жүлдеге қол жеткізді.
Солардың қатарында Жамбыл ауданы, Гродеково орта мектебінің 11 сынып оқушысы Махсут Усипов те ба
р. Жас ғалым бұл сайысқа «Қаратау петроглифтерінің тарихи-мәдени контексттегі зерттелмеген қырлары» тақырыбындағы жобасын ұсынған.
– Бұл тақырыпты таңдауыма Қаратау тауына жасаған сапарым септігін тигізді. Сол сапар барысында мен жартасқа қашалған бейнелер — петроглифтерді байқадым. Дәл осы жаңалық кейінгі ғылыми зерттеуіме бастау болды. Бұл 2025 жылдың наурыз айының соңы еді. Осылайша, бұл зерттеумен бір жылға жуық уақыт айналысып келемін. Күнделікті дайындық ғылыми әдебиеттерді оқу, дереккөздерді талдау және жиналған материалдарды жүйелеумен өтті. Жаз мезгілінде уақытымның едәуір бөлігін тауда өткізіп, жаңа жартас суреттерін іздеумен айналыстым. Таулы аймақтарды зерттеу барысында бұрын белгісіз болған тағы бір тас бетіндегі бейнелер кешені табылды. Осылайша, жұмыс далалық зерттеулерді, мамандармен кеңесуді, кітапханалар мен арнайы интернет-ресурстардан ғылыми әдебиеттер іздеуді қамтыды.
Зерттеу аясында Қаратау тауларынан табылған петроглиф-тердің бұрын белгісіз болып келгені және ғылыми тұрғыдан зерттелмегені анықталды. Бұл деректі Жамбыл облыстық «Тарихи-мәдени ескерт-кіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мамандары да растады.
Қазақта «Еңбексіз өмір жоқ» деген нақыл сөз бар. Жоба дайындау кезінде қиындықтар, әрине, аз болған жоқ. Әсіресе республикалық кезеңде бәсекелестіктің жоғары деңгейі айқын сезілді. Сондықтан материалды жай баяндап қана қоймай, тақырыпты терең түсінетінімді көрсету, дереккөздерді сенімді меңгеру және қазылар алқасының сұрақтарына дәлелді жауап беру аса маңызды болды. Әрине, жауапкершілік деңгейі жоғары болғандықтан, толқу да сезілді.
Финалдық кезеңге еліміздің барлық өңірінен, түрлі мәртебедегі білім беру ұйымдарынан келген 370-тен астам оқушы қатысты. Көпшілігі мазмұнды әрі мықты жобалар ұсынды. Қатысушылардың қорғауға тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Бұл өз кезегінде әділ интеллектуалдық бәсеке атмосферасын қалыптастырып, барынша жинақылық пен білімге сенімділікті талап етті.
Байқаудан алған ең ерекше әсерім – жобалық жұмысқа жұмсалған еңбектің зая кетпегенін түсіну әрі оның лайықты бағаланғанын сезіну болды десем, артық емес. Бұл сапар менің жадымда мәңгі сақталады. Сайыстың жүлдесінен бөлек, еліміздің барлық өңірінен келген өзім секілді байқау қатысушыларымен танысып, тамаша адамдармен жүздестім. Көпшілігімен дос болып үлгеріп, байланыс нөмірлерімен де алмастық.
Енді келешекте бұл тақырыпты университет деңгейінде де зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отырмын.
Қазіргі уақытта негізгі назарымды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа аударып жүрмін. Дегенмен Қаратау петроглифтеріне деген ғылыми қызығушылығым одан сайын арта түсті. Осыған орай алдағы уақытта бұл бағытты жүйелі әрі кәсіби түрде дамытуды мақсат етудемін, — деді жас ғалым бізбен әңгімесінде.
Махсуттың ғылыми жетекшісі – Гродеково орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Балхизар Мусаеваның айтуынша, шәкіртінің топ жаруына ең әуелі оның ізденімпаздығы мен белсенділігі зор ықпал еткен.
– Біздің жобаның негізгі мақсаты — нақты бір ғылыми мәселені зерттеп, оның практикалық шешу жолдарын ұсыну болды. Жоба барысында оқушы мәселені терең талдап, ғылыми деректермен жұмыс істеп, тәжірибелік нәтижелерге сүйене отырып өз тұжырымдарын жасады. Ең басты ерекшелігі — жоба тек теориямен шектелмей, өмірде қолдануға болатын нақты ұсыныстар ұсынды. Сондықтан да қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
Махсуд тақырып таңдауда өте белсенді болды. Ол ең алдымен өзіне қызықты, қоғамға пайдалы, зерттеуге болатын мәселені қарастырды. Әртүрлі ақпарат көздерін зерттеп, бірнеше идея ұсынды. Соның ішінде ғылыми жаңалығы бар, өзекті тақырыпқа тоқталдық. Әсіресе, ол тек зерттеп қана қоймай, нақты ұсыныстар жасап, оларды дәлелдей алды. Сонымен қатар, жұмыстың құрылымы жүйелі, ғылыми талаптарға толық сай келді.
Бұл бойынша дайындық жүйелі түрде жүргізілді. Алдымен теориялық материалдар зерттелді, кейін тәжірибелік жұмыстар қолға алынды. Біз ғылыми талдау, салыстыру, бақылау, тәжірибе жасау, статистикалық өңдеу сияқты әдістерді қолдандық. Сондай-ақ презентация мен қорғауға арнайы дайындық жұмыстары жүргізілді. Жасанды интеллектін мүмкіндіктерін қолдандық.
Әрине, жобаны әзірлеу барысында қиындықтар аз болған жоқ. Әсіресе деректерді жинау, тәжірибе нәтижелерін нақтылау, уақытты тиімді жоспарлау оңайға соқпады. Бірақ оқушының еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында барлық қиындықтарды бірге еңсердік.
Әлбетте, шәкіртімнің республикалық деңгейде 1-орын алуы мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл тек бір оқушының ғана емес, жалпы білім беру жүйесінің, ұстаз бен шәкірт арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесі деп есептеймін. Сонымен қатар, бұл біз үшін жаңа белестерге жол ашатын үлкен мотивация. Осы ретте әрқашан қолдауын аямаған мектебіміздің директоры Туганбаева Марал Тиыштыкбайқызына зор алғысымызды білдіремін, — деген Балхизар Афандиевна жас зерттеушілерге өзінің ой салар кеңесін де айтты.
– Кез келген ғылым жолына қадам басқан жас ғалымға ең бастысы керегі — қызығушылық пен табандылық. Қателе-суден қорықпау керек. Көп оқу, көп іздену, сұрақ қою – нағыз зерттеушінің қасиеті. Егер шынайы ниет болса, кез келген оқушы үлкен жетістікке жетеді, – деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз.
Сонымен қатар республикалық байқауда «Дарын» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Еркеназ Есқара, Тараз қаласы, №15 мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Нұрай Жұмалы және Тараз қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Нұрханым Аманжол топ жарып, 1-орынды иеленді. Сондай-ақ, Тараз қаласы, Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Алина Русланқызы, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 11-сынып оқушылары Анар Жұмахан, Алина Малей, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Дарья Дергачева, №47 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Сабина Әлібек және Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Дамир Мукашев 2-орынды еншіледі.
Бұлардан бөлек, ІТ лицей-интернатының 10-сынып оқушылары Жания Бүркіт пен Еркемай Жандарбек қола жүлдеге лайық деп танылды. Бұған қоса Төле би атындағы №8 гимназиясының 10-сынып оқушысы Жансезім Райымқұл, «Дарын» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Дамира Пернебек, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гиназиясының 11-сынып оқушысы Мөлдір Кеңес арнайы Грамоталармен марапатталды.
Қ. Қаптағай,
журналист.