ЗЕРДЕЛІ ӨРЕНДЕР – «ЗЕРДЕ» ТҰҒЫРЫНЫҢ БИІГІНДЕ
Биылғы жылдың 20-23 ақпан күндері аралығында «Зерде» республикалық 2-7 сынып оқушылары арасында зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстардың конкурсы Ақмола облысы, Щучинск қаласында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өтті.
Жарыс қоғамдық-гуманитарлық бағытының қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих және өлкетану, этномәдениеттану, технология және өнер секциялары бойынша ұйымдастырылды.
Аталған секцияларға Жамбыл облысынан 12 оқушы 12 жобамен бәсекеге түсіп, нәтижесінде 9 оқушы жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Айлин Бахытбек, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Ұлжан Рысбек, Б.Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназиясының 4-сынып оқушысы Кәусар Оңғарбай және №64 орта мектебінің 3-сынып оқушысы Жансерік Ғабит І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
– Бұл конкурс мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылармен бір алаңда білім мен ізденіс арқылы бақ сынау – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Бұл байқау тек жеңіс тұғырына көтерілу мүмкіндігі ғана емес, ғылым мен шығармашылыққа деген қызығушылығымызды арттырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін маңызды алаң екенін терең сезіндім. Әр секцияда оқушылар өз зерттеу жұмыстарын ғылыми негізде қорғап, шығармашылық қабілеттерін жан-жақты танытты. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігіне, ғылыми жаңалығына, зерттеу әдістерінің нақтылығына және ұсынылған тұжырымдардың өміршеңдігіне ерекше назар аударды. Мен ұсынған ғылыми жоба ана тілі мен әдеби мұраның тәрбиелік мәнін, ұлттық құндылықтардың жас ұрпақ санасын қалыптастырудағы рөлін зерделеуге арналды. Зерттеу барысында тіл мен әдебиеттің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттық болмысты сақтайтын рухани тірек екенін дәлелдеуге тырыстым. Ғылыми деректерге сүйене отырып жүргізілген талдау нәтижелері қазылар алқасының оң бағасын алып, І дәрежелі дипломмен марапатталуым – мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік.
Бұл жеңіс – тек жеке жетістік емес. Ол мені білімге баулып, бағыт-бағдар берген ұстаздарымның, сенім білдірген ата-анамның және қолдау көрсеткен мектебімнің ортақ жемісі. Осындай байқаулар жас зерттеушілердің ғылыми ойлау қабілетін дамытып, шығармашылық ізденіске жетелеп, ел болашағына үлес қосатын білімді ұрпақ қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Алдағы уақытта да ғылыми ізденісті тоқтатпай, ұлттық құндылықтарды зерттеу мен насихаттау бағытындағы жұмыстарымды жалғастырып, елімнің рухани дамуына өз үлесімді қосқым келеді. «Зерде» байқауы маған өз мүмкіндігімді танып, үлкен мақсаттарға ұмтылуға сенім сыйлады. Бұл сенім болашақ жетістіктерімнің бастауы деп білемін, — деп ағынан жарылды Айлин Бахытбек.
Сондай-ақ білім бәйгесінде Тараз қаласындағы №11 орта мектебінің 3-сынып оқушысы Анастасия Казанцева, Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Эльнара Үшкемпір ІІ дәрежелі Дипломдармен, Меркі ауданы, И.Трубицын атындағы N17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Айару Қалдыбек, Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Іңкәр Нұржігіт, «Дарын» мектеп интернатының 7-сынып оқушысы Адия Сабденова ІІІ дәрежелі Дипломдарға лайық деп танылса, — Қордай ауданы, Булар Батыр атындағы №19 орта мектебінің 3 сынып оқушысы Мустафа Масанов, Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің 4-сынып оқушысы Ердәулет Бейсен және Б.Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназиясының 6-сынып оқушысы Ескендір Оралбек арнайы Грамотаға қол жеткізді.
Сонымен қатар конкурсқа қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылып, оған Бурабай курорттық аймағына экскурсиялар, интеллектуалды ойындар, тренингтер және оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру мен коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған іс-шаралар енгізілді.
Қ.Қаптағай,
журналист.
