ОҚУШЫЛАР ҚОСЫМША БІЛІМ АЛУҒА НЕГЕ ҚҰШТАР?
Бүгінде қосымша білім беру орталықтары жаңбырдан кейінгі саңырау-
құлақтай қаптап кеткені жасырын емес. Ал ата-ана перзентінің жарқын болашағы жолында барды беріп, жоқты табатындығы тағы ақиқат. Баланың білімі бір сабақтан төмендесе, ата-ана алып-ұшып қосымша оқу орталықтарын жағалайды.
Қазір қосымша білімге бәрі құмар. Осы күні Жамбыл облысы аумағында жеке оқу орталықтары да өте көп. Әрине, олардың бірінен соң бірінің ашылуы сұраныстың артқандығынан да болса керек. Рас, бәсекелестік сапаны тудырады. Дегенмен осы орталықтардың барлығы бірдей сапалы білім бере ме? Бұларға сенген ата-аналардың үміті қаншалықты ақталуда? Біз осы сауалдарға жауап табуға тырыстық.
Мойынқұмдық ардагер ұстаз Қарлығаш Бекхожаева балалардың қосымша білімге құмартуына бір жақты баға беруге болмайды деп санайды.
– Бұған екіжақты қарау керек. Баланы қосымша сабаққа беруді мектепке деген сенімсіздік деуге келмейді. Баланың ынтасының төмендігіне, оқуға құлшынысының жоқтығына байланысты қосымша оқуға берген дұрыс. Сонда «индивидуальный подход» болады. Әрине, ол жақсы білім бере алатын орталық болса. Бірақ қазір екінің бірі сондай орталық ашып алған. Екі аттасаң оқу орталығы, білім академиясы… Меніңше, барлығы орталықтың тәжірибесіне байланысты сияқты. Бала мектепте бәріне бірдей үлгере алмай жатуы мүмкін. Мысалы, өзім балаларымды қосымшаға оқытар едім. Қосымша болғанда, көшбасшылық, сөйлеу мәнері, тіл үйрену, сурет салу секілді курстарға берген жақсы, ал мектептің бағдарламасын тереңдетіп оқытатын курстардың керегі жоқ секілді. Жалпы қосымша білім беретін орталық баланың болашағына пәлендей зиян тигізеді деп ойламаймын. Мәселен, мемлекеттік білім ордасында 2 мың, 3 мың балаға дейін оқиды. Тіпті бір сыныпта 30-40 оқушыға дейін бар. Әрине, мұндай кезде бір мұғалім олардың бәрін игеріп, пәнді толық меңгерте алмайды. Ал жекеменшік нысандарда оқушы саны санаулы, сол үшін әр баламен жеке жұмыс жасалады. Олардың бір артықшылығы осында деп ойлаймын. Сондықтан барлығы тек қоғамның сұранысына байланысты, — деді Қарлығаш Бекназарова.
Оқу-ағарту саласына 30 жылдан астам ғұмырын арнаған Зәуре Қалматаеваның пікірі бұған мүлде кереғар.
– Бұрындары, қосымша білім ордаларының ауқымы әлі арта қоймаған тұста, мұғалімдер сабақтан қалып қойған немесе үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып, кейде бос уақытында мектепке немесе үйіне шақырып алып оқытатын. Олар мұны еш ақы талап етпей-ақ ұстаздық борышым деп ұғатын. Себебі ұстаз алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді. Қазір де бар білген-түйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, оның болашағы үшін шынымен қам жеп, білімді болғанын қалайтын, ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл, еш нәрсе талап етпей-ақ кез келген уақытта алдына келген шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік. Дегенмен, ай сайынғы еңбекақысын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, 40 минут уақытының «аман-есен» өткеніне қуанатын, есесіне репетиторлық қызметке бел шеше кіріскен мұғалімдерді кездестіретініміз өкінішті. Иә, ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп, қосымша оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па? — деді ардагер ұстаз.
Бұл мәселе туралы «QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы, PhD химик Аятжан Ахметжанұлының да өз айтары бар екен.
– Басты мәселе – мұғалімде. Репетитор немесе орталық мұғалімі кім? Орталық осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Кәсіби ме? Қандай бағдарламамен жұмыс істейді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденген дұрыс. Себебі, үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді. Сондықтан, үйге жақын немесе үйге келіп оқытады деп кім көрінгенге жүгіне салуға болмайды.
Екінші, оқу орталықтарының бәрі озық па? Әрине, жоқ. Сондықтан, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік ұйымдастыру қабілеті бар адам ғана шын үздік мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады.
Мектептердің сапасы әрқилы. Мектеп сапасын ондағы мұғалімдер қосынының біліктілігі анықтайтыны секілді, білім беру орталықтарының сапасын да әкімшілігі мен ұжымының біліктілігі анықтайды. Ал, білімді бизнес ретінде ғана қарайтын, көлденең көк атты ашып алған шоу орталықтардың шуына алдануға болмайды.
Үшінші, орталықтың тәрбие бағытына баса назар аудару керек. Себебі, әлдебір кері идеологиялық бағыттарда жұмыс істеп жүрген Тіл үйрету орталықтары да, Білім беру орталықтары да жетерлік. Орталыққа балаңызды беремін деп, ертең балаңыздан айырыл-ып қалмаңыз. Әбу Насыр әл-Фараби бабам «Балаға білім беруден бұрын тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп бекер ескерткен жоқ. Сондықтан, орталық тек білім емес, тәрбиені қоса беретінін, ол тәрбие сіздің балаңыздың келешегі екенін ескеріңіз. «Тәрбие – тал бесіктен» десек те, баланы бүгінде ата-анадан гөрі қоғамдық ортасы көбірек тәрбиелейтінін ұмытпаған жөн, — деп жазды ұстаз әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазір қосымша білім ошақтары ғана емес, жыл он екі ай білім беретін репетиторлардың да дәурені жүріп тұрған кез. Әсіресе ҰБТ жақындаған сайын оларға деген сұраныс күрт өседі. Бейресми дерек бойынша, жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен, әрбір төртінші оқушы қосымша сабаққа барады екен. Немесе репетитор үйіне келіп дәріс береді. Барын балама деп жинайтын халқымыз ұрпағынан еш нәрсесін аямайды. Баланың білімі үшін берген қаржы болашаққа салған инвестиция тәрізді. Бірақ мұны барлық ата-ананың қалтасы көтере ме? Әр сағаты қыруар ақша тұратын репетиторды жалдап оқыту несімен тиімді? Осы сауалдар да көпшілікті мазалайтыны анық.
Педагог-сарапшы Әлия Батырбекованың сөзінше, балаға репетитор жалдаудың еш сөкеттігі жоқ.
– Репетитор мен мұғалімнің аса қатты айырмашылығы жоқ. Бұл кәсіптің иелері баламен жеке немесе 3-4 оқушыдан құралған топпен жұмыс істейді. Ал мұғалім бүкіл сыныпты тұтас қамтитын болғандықтан, бәріне уақыт жеткізе алмайды. Репетиторда уақыт жеткілікті болғандықтан, әр баламен жұмыс істеп, қызықты тапсырмалар орындайды. Оқушы да назарын тек бір тақырыпқа аударып, ұғынықты жауап алады.
Өзім орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Екі жылдан бері қосымша осы қызметпен де айналысып келемін. Негізінен, репетитор жалдайтындардың дені – 11-сынып оқушылары мен Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-Инновация» лицейі сынды оқу орындарына түсуге талпынып жүргендер. Арасында басқа да оқушылар келеді. Пандемия жағдайында мектептер қашықтан білім алуға көшкен тұста сұраныс бұрынғыдан 3-4 есеге көбейді. Қазір де аз емес. Жалпы бұл қызметтің оқушыға тиімді тұсы көп дер едім. Себебі әр оқушының қабілеті әртүрлі. Кейбір оқушылар топпен жұмыс істегеннен гөрі жеке оқығанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Мектептегі сабақ барысында түсінбегенін репетитор қамтиды, үйретеді, меңгертеді. Сол сияқты репетитор да сабақты мектеп бағдарламасымен жүргізеді. Тек сабақты игерудің өзгеше әдіс-тәсілін қолдануы мүмкін. Мәселен, математика пәні бойынша есепті оңай әрі тез шешудің жолын көрсетеді. Сабақты жеке өткізгеннің оқушыға пайдасы зор. Дегенмен ата-ана баласын қосымша оқытқанда бір апта бақылау жүргізгені абзал. Егер бұрынғыдан өзгеріс байқалса, репетитордың сабақ беру тәсілі балаға түсінікті болса, одан әрі жалғастыруына болады. Керісінше, қолайсыз болса, басқа мұғалімді іздегені дұрыс. Көп жағдайда барлығы оқушының зейініне байланысты. Дегенмен репетитормен жеке оқыған көп жағдайда нәтиже береді. Содан соң қосымша білім беру орталықтарына апаруға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал жеке репетиторларға жағдайыңды айтып, бағасына келісуге болады.
Бірақ, бір ескерер тұсы – репетитордың көмегіне сеніп үйренген кейбір балада өздігінен білім алуға деген құлшыныстың азаюы әбден мүмкін. Соның салдарынан өзіне деген сенімділігін де жоғалтуы ықтимал. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет те пайда болады. Сол үшін ақылы оқытумен айналысатын оқытушыға бағыт беруші, баланың игере алмай қалған тақырыбын үйретіп, қатарға қосушы ретінде қараған жөн, – деді Әлия Лутфуллақызы.
Қалай десек те, бүгінде ебін тауып, білімді бизнес көзіне айналдырғандардың дәурені жүріп-ақ тұр. Мұны мемлекеттік мектептер баланың қажеттілігін толық өтеп беріп жатқан жоқ деп қабылдауға әсте болмас. Дегенмен бұл осы саланың олқы тұстары бар екенін де аңғартады. Бір шындығы – қосымша білім баланы негізгі білімге бастап бара жатқаны. Бұрын ұстазға «етін беріп, сүйегін өзі алатын» ата-ана қазір бұған қосып қыруар қаржысын да беруге мәжбүр.
Болашақта қосымша білім беретін орталықтардың да, репетиторлардың да саны көбеймесе, азаймайтыны белгілі. Бастысы, олар нан табудың ғана амалын жасамай, жер жарған жарнамасына сай болып, ойы ұшқыр, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды шығарып жатса игі.
Қ.Қаптағай,
журналист.