Ещё один сайт на WordPress

БАЛАЛАР ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫНА АЙНАЛҒАН БІЛІКТІ МАМАН

0

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің үздік педагогтерін қабылдап, оларға арнайы құрмет көрсетті. Аймақ басшысы өз сөзінде ұлағатты ұстаздардың білім саласының дамуына қосқан айрықша үлесін атап өтіп, бірқатар педагогке облыс әкімінің Алғыс хаты, «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және қаржылай сертификаттарды тапсырды. Солардың қатарында педагог- зерттеуші, Т.Рысқұлов аудандық Балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсана Сейтбаева да бар.

Ширек ғасыр ғұмырын оқу-ағарту саласының өркендеуіне арнаған Гүлсана Байғұттықызы 1971 жылы 16 желтоқсанда Т.Рысқұлов ауданы, Қазақ ауылында дүниеге келген. Оның ұстаздыққа келу жолы сонау бала кезінен басталған екен.
– «Ұстаздан шәкірт озар» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені шәкірттерінің мектепті «Алтын белгімен» немесе «Үздік аттестатпен» тәмамдауы, жоғары оқу орындарына түсіп, оны абыроймен аяқтауы, ең бастысы – өмірден өз орнын тауып, елге пайдасын тигізуі әрбір мұғалім үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Мұндай жетістік – ұстаз еңбегінің жемісі, маңдай терінің өтеуі деп білемін.
Мен бала кезімнен қиындығы мен қызығы қатар жүретін мұғалім мамандығын таңдауды армандап өстім. Себебі әр адамның өмірінде бағыт-бағдар беретін, үлгі тұтатын, жүрегіне жол табатын бір жан болады емес пе?! Мен үшін сондай ерекше тұлға маған ағылшын тілінен сабақ берген Захан апайым болды. Ол кісінің кәсібіне деген адалдығы, шәкіртке деген мейірімі мен жауапкершілігі менің болашақ мамандығымды таңдауыма зор әсер етті.
Захан апайымнан алған тәлім-тәрбием, әрбір айтқан ақылы мен үйреткен білімі мен үшін – өмірлік азық. Оның сабырлы мінезі, салиқалы сөзі, оқушымен тіл табыса білуі, өз ісіне деген сүйіспеншілігі жүрегіме ерекше әсер қалдырды. Ұстаздың әрбір сөзі мен іс-әрекеті шәкірт жүрегінде із қалдыратынын мен сол кезден-ақ сезіндім. Дәл осы қасиеттер мені мұғалім мамандығын таңдауға жетеледі десем, артық айтқаным емес. Бұл мамандықты мен өз жүрек қалауыммен, саналы түрде таңдадым және оған ешқашан өкінген емеспін. Өйткені адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі – мамандық таңдау. Өз ісіңді сүйіп атқарсаң ғана қоғамға пайдаң тиеді деп есептеймін.
Осынау бала күнгі асқақ арманымның жетегінде 2000 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2005 жылы аталмыш оқу орнын сәтті аяқтадым. Университет қабырғасында жүріп, болашақ мамандығыма қажетті білім мен тәжірибе жинақтадым. Енді алдағы мақсатым – өз ұстазымнан алған өнегені жалғастырып,
шәкірттеріме сапалы білім мен саналы тәрбие беру, олардың болашағына шамшырақ болу, — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Педагогика мамандығын меңгерген сол кездегі жас маман Гүлсана Байғұттықызы еңбек жолын балабақшада тәрбиеші болып бастады. 2000 жылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде тарих пәнінің мұғалім болып жұмыс істесе, 2006 жылы күйеуінің қызмет бабымен Юбилейное ауылындағы Подгорный орта мектебіне ауысып, педагогикалық еңбек жолын жалғастырды. Кейін 2011 жылы аудандағы Балалар мен жасөспірімдер орталығында «Атамекен» тарихи өлкетану үйірмесінің мұғалімі, 2013 жылы орталықтың әдістемелік бөлім меңгерушісі, 2020 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және «Атамекен» тарихи өлкетану үйірмесінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Ұлағатты ұстаз қазіргі таңда орынбасарлық қызметі бойынша екінші біліктілік санатына ие.
Кейіпкеріміз өз біліктілігін арттырудан бір сәтке де жалыққан емес, Айталық, ол «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ұйымдастырған «Білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайындағы инновациялық менеджмент» шеңберінде қосымша білім беру ұйымдары басшылары орынбасарларына арналған 80 сағаттық, сондай-ақ республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қашықтықтан білім беру техноногиялары арқылы педагогика кадрларына арналған «Мұражай – өңірдегі білім беру, тарихи және мәдени туризмді дамытудың маңызды ресурсы» тақырыбында өткен тағы да 80 сағаттық біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Білікті маман аталған білім беру мекемесінде мол тәжірибесі бар, білікті де бәсекеге қабілетті педагог ретінде танылуда. Ол – оқу-тәрбие үдерісіне қатысты маңызды мәселелерді шешу барысында ұжымның, ата-аналар мен оқушылардың пікірін ескеретін, басқарушылық қабілеті жоғары басшы. Көпшілік алдында өзін еркін әрі сенімді ұстай білетін мекеме директорының орынбасары ретінде әрдайым өзгелерге үлгі бола алады.
Гүлсана Байғұттықызы – ұжым ішінде зор беделге ие, оқушы мен ата-ана жүрегіне жол таба білетін, ынтымақ пен өзара түсіністікке негізделген үйлесімді қарым-қатынас орната білген ұлағатты ұстаз. Оның жүйелі де нәтижелі жұмысының арқасында білім беру мекемесінің ата-аналармен және ауыл тұрғындарымен байланысы берік қалыптасып, өзара сенімге негізделген серіктестік жоғары деңгейде жолға қойылған.
Әрине, мұндай біліктілік пен өз ісінің шеберлігі мемлекет тарапынан ескерусіз қалмайтыны анық. Бұған кейіпкеріміздің қол жеткізген толайым табыстары айнымас дәлел. Айталық, Гүлсана Байғұттықызы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарының және «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Бұдан бөлек, алуан білім бәйгелерінде қол жеткізген түрлі дәрежедегі дипломдары мен ірілі-ұсақты марапаттары жетерлік. Білікті маманның өзі ғана емес, шәкірттері де ұдайы облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлделі орындар еншілеп, тұтас өңірдің абыройын асырып жүр.
Қорыта айтқанда, Гүлсана Сейтбаеваның ұстаздық жолы – білім мен тәрбиеге адалдықтың, табандылық пен тынымсыз еңбектің жарқын үлгісі. Ширек ғасырдан астам уақытын өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге арнаған білікті педагогтың әрбір жетістігі – оның өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің айғағы. Ол тек білікті басшы ғана емес, шәкіртінің жүрегіне жол таба білетін ұлағатты ұстаз, ұжымның ұйытқысы, ата-ана мен қоғам арасындағы алтын көпір бола алған тұлға. Осындай өз ісіне берілген, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары педагогтер барда, білім саласының болашағы жарқын, өскелең ұрпақтың келешегі кемел болары анық.

Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.
Т.Рысқұлов ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.