САРЫСУЛЫҚ ӨРЕНДЕР – ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА
Білім – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың өзегі, ал дарынды оқушыларды қолдау – сол жолдағы ең маңызды міндеттердің бірі. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Ауыл олимпиадасы» ауыл мектептеріндегі озат оқушылардың білімін шыңдап, қабілетін ұштайтын зор мүмкіндікке айналды. Бұл дода жас буынның ғылыми ізденісін арттырып қана қоймай, олардың туған өңірінің мәртебесін көтеруге деген ынтасын да еселей түседі.
Осындай жауапты сынның биылғы кезеңінде Сарысу ауданының талапты жастары өз білімдерін дәлелдеп, өңір намысын абыроймен қорғады.
Айталық, жуырда Сарысу аудандық білім бөлімінің ауыл мектептеріндегі 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ (облыстық) кезеңі өткен болатын. Аталған білім бәйгесіне Сарысу ауданынан 30 оқушы қатысып, ІІ орынды 4, ІІІ орынды 8 оқушы иеленсе, 5 оқушы арнайы Грамотаға қол жеткізді.
Соған орай Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов жеңімпаз оқушылармен кездесу өткізіп, жас өрендерге шынайы алғысын білдірді.
«ЖД» – ақпарат.