ӘКЕМНІҢ ӨСИЕТІН ЖАДЫМНАН ШЫҒАРҒАН ЕМЕСПІН
Әр адамның жүрегінде өшпес із қалдыратын бір әлем бар, ол – балалық шақ. Бұл кезең кейде есті күлкімен, кейде аңқау мұңмен көмкерілген құпия бағындай. Онда уақыт баяу ағып, әр таң жаңа ертегіге, әр жаңалық – шексіз ғажайып, әр қателік – өмірлік сабаққа айналады. Адам есейген сайын сол шағын әлем алыстай береді, бірақ оның жылуы мен бояуы өмір бойғы жарыққа айналып, жүректі сол баяғы тазалыққа жетелейді. Өйткені, балалық шақ – өткен күннің естелігі ғана емес, бүгінгі болмысымыздың бастауы, өмірдің ең биік асылын сақтап қалатын киелі кезең. Міне, осындай кезеңді бастан кешірген біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Тараз қаласындағы №2 балалар жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Мұхтар Досмаханұлы.
Мұхтар Досмаханұлы 1979 жылдың 29 сәуірінде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Мақпал ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Алғабас орта мектебінің табалдырығын аттап, 1996 жылы оқу ордасын тәмамдады.
– Көпбалалы отбасында тәрбиелендім, төрт апкем, бір ағам бар. Әкем Алғабас қой совхозында агроном болып еңбек етсе, анам мектепте бастауыш сынып мұғалімі болды. Әкем әрдайым «ешқашан өтірік айтпа, жаман әдеттен аулақ бол, қызметіңде адал бол» деген өсиетін құлағыма құйып отыратын. Әкемнің осы бір өсиетін бір сәтке де жадымнан шығармай, өмірлік қағида етіп, үмітін ақтауға тырысып келемін.
Балалық шағым көңілді де қызықты өтті. Кішкентайымнан анамның жұмысына көп көмектескенім ұстаздық жолды таңдауыма өз септігін тигізді. Анамның көрнекі құралдарын жасап, суреттерін салып беретінмін. Ұстаздық жолдың алғашқы кірпіштері сол уақыттан бастап қаланды десем болады. Мектепте сүйіп оқитын пәнім қазақ әдебиеті мен бейнелеу еді. Осы қызығушылығым кейін өміріме, мамандық таңдауыма үлкен ықпал етті. Содан болар бала кезімнен мұғалім болуды армандап, мектептегі ер ұстаздардың қара портфелдеріне, жүріс-тұрыстарына қызығып, «сол кісілердей боламын» деп ойлайтынмын.
Бастауыш сыныпқа алғаш қадам басқан кезде бізді Төлжан әпкейіміз құшақ жая қарсы алып, бойындағы білімі мен тәрбиесін берді. Кейін еңбек жолын бастаған кезімде де сол Төлжан әпкейім алғашқы еңбек кітапшама жазба түсіріп, мөр басып берген болатын. Ауыл мектебінде қызмет етіп, ұстаздықтың қыр-сырын бойымызға сіңірген соң Тараз атты үлкен қалаға шығарып салды. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деп Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ұстаз алдында әрқашан бас иемін!, — деген кейіпкеріміз балғын шақтың балдан тәтті естеліктерімен де бөлісті.
– Мектепте қатарластарыммен сабақты жарыса оқып, өнер мен спортқа жақын болып өстім. Білім додасында басты қарсыласым Қасым есімді сыныптасым болды. Кітапханадан кітап алып, оны жарыса оқитынбыз. Мектепке келгенде кітап мазмұнын баяндап. дұрыс жеткізбеген жерлерін толықтырып, мәре-сәре болып жүретінбіз. Шатаспасам 5-6 сыныпта дәптердің екі парағына «Ақжол» газетін шығарғаным бар. Газеттің бірінші беттегі мұқабасын тура түп нұсқасындай етіп безендіріп, ішіне өтірік өлең, жаңылтпаш, мектеп жаңалықтарын жазып шығарған едім. Сол үшін мектеп директорынан мақтау естігенім бар . Кейін басқа балалар менің атымды жамылып, өздері тура соған ұқсас газет шығарып, тәртіпсіз, келемеждеген жазбалар қаптап кеткен соң тоқтатуға тура келді.
Жаңа ойын түрлерін ойлап тапқанды да жақсы көретінмін. Ол кезде дүкенде самсып тұрған ойыншық жоқ. Болған күнде де оны алып беруі үшін атаулы мейрам болуы керек. Дүкенде 7 данасы 20 тиын тұратын садақ, балта, мылтық ұстаған әскери үндістер болатын. Соларды тиын жинап сатып алып, кішкене орындықтардан қорған жасап сол жерге орналастыратынмын. Тышқан аулайтын қақпанға, істен шыққан бояғыштарды (фломастер) оқ ретінде пайдаланып 4-5 метрдей жерден ататынмын. Атқан оқтарым нысанаға дөп тиіп, кәдімге майдан алаңын көз алдыңа келтіретін. Көрші балалар ойынға қызығып келіп, бос уақытымызды қызықты өткізуші едік, — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Осындай балалықтың думанды да көңілді сәттері, аңғал қиял мен алғашқы жауапкершілікке жетелеген күндер Мұхтар Досмаханұлының жүрегінде ұстаздыққа деген ұмтылысты біржола бекітті. Бала күнінде анасына көрнекілік дайындаудан басталған әуестік кейін өмірлік жолдың шамшырағына айналды. Мектеп дәлізіндегі қоңырау үні оған әрдайым бір ерекше шабыт сыйлап, әр ұстаздың қимылынан, әр сабағынан өз болашағын көргендей әсер берді.
Сол бала арман ересек шақтың дауылына да, тағдырдың сан тарау сынағына да адаспай жол сілтеп отырды. «Ұстаз болсам» деген бала көңілдің жалқы үміті Мұхтар Досмаханұлын үлкен өмірдің жолайрықтарында талай мәрте тоқтатып, таңдаудың түзуін нұсқады. Уақыт өте ол арман мақсатқа, мақсат борышқа айналып, ақыры оны ұстаздықтың биік биігіне бастап әкелді. Осылайша жас маман Мұхтар еңбек жолын 1999 жылы Қызылту орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Ауыл мектебінде жұмыс істей жүріп, тәжірибесін шыңдады. 2005 жылы жоғарыда аталған мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2007 жылы отбасылық жағдайға байланысты Тараз қаласына қоныс аударып, №51 орта мектебіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып орналасты. 2011 жылдын ақпан айынан Тараз қаласы №25 орта мектебінің директоры болып тағайындалса, сол жылдын қазан айында облыс орталығындағы №36 орта мектебінің басшысы болып ауысты. 2015 жылы Тараз қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебінің, 2023 жылы Тараз №35 орта білім ордасының тізгінін ұстады. 2024 жылдың сәуір айында Тараз қаласы білім бөліміне бас маман болып ауысса, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап №2 балалар жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры қызметін атқарып, жас өрендердің шығармашылығын шыңдап, армандарына қанат бітіріп келеді.
Мұхтар Досмаханұлы үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының отағасы. Екі қызы Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенті болса, кішкентайлары №3 мектеп-лицейде оқиды. Жұбайы да ұлағатты ұстаз, мектепте химия пәнінен сабақ береді.
