Ещё один сайт на WordPress

ПАРИЖ ТӨРІНДЕ КҮМБІРЛЕГЕН ДОМБЫРА ҮНІ

0

МЕРКІЛІК ӨНЕРПАЗДАР ФРАНЦИЯ АСТАНАСЫНАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Музыка – ұлттың рухани жаны, ал ұлттық өнер – сол халықтың жүрегінен сыр шертетін құдірет. Әсіресе, домбыраның қоңыр үні – қазақтың қанына сіңген, бабадан жеткен киелі аманат. Сол аманатты жас буынға лайықты жеткізіп, оны әлемдік сахналарда танытып жүрген нағыз өнер майталмандары арамызда аз емес. Солардың бірі – Жамбыл облысы, Меркі ауданында талай жылдан бері ұлттық өнердің шырағын сөндірмей келе жатқан ұлағатты ұстаз, шебер домбырашы Сейдана Сабырбекова.

Бүгінде осы ұстаздың жетекшілігімен жас өнерпаздар толайым табыстарға қол жеткізуде. Атап айтсақ, 2025 жылдың қаңтар айында ұлағатты ұстаздың шәкірттері «Атадан Мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық байқауда жүлделі орын алып, Парижге жолдама иеленген болатын. Жуырда дарынды жас өнерпаздар ХХХІV «Париж жұлдызы» халықаралық фестиваль-байқауында сәтті өнер көрсетіп, Франция астанасынан олжалы оралды. Олардың ішінде 4 оқушы «Олжа» балаларды дамыту орталығының шәкірттері болса, қалған 10 өнерпаз Сейдана Сабырбекованың жеке «Өрлеу» ақылы мектебінің тәлім алушылары.
Париж төріндегі байқауда «Үкілі домбыра» кіші тобы, «Өрлеу» үлкен тобы, жеке домбырада Омар Бадерхан, Рабия Жасұлан, Расул Елдос, Айым Айдосқызы және Дастан Азихан секілді домбырашылардың барлығы 1 орынды еншілеп, елге зор қуанышпен қайтты.
– Париж – жай ғана қала емес, өнердің биік шыңы. Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 1925 жылы дәл осы шаһарда Әміре Қашаубаевтың әні алғаш рет Еуропа жұртының құлағына жетіп, қазақ деген халықтың бар екенін әлемге паш етті. Сол күн ұлттық өнеріміздің халықаралық сахнаға шыққан сәті еді. Ал бүгінде, араға ғасыр салып, сол Париж төрінде менің шәкірттерім қара домбыраның үнін күмбірлетіп, қазақтың күйі мен әуезін әлем жұртшылығына тағы бір мәрте танытты. Сондықтан мұны тек байқауға қатысу емес, рухани мұраның жалғастығы, тарихи аманаттың орындалуы деп білемін.
Әр шәкіртім сахнаға шыққанда жүрегім дүрсілдеп, көңілім толқып тұрды. Олар тек домбыра тартып қойған жоқ, олар қазақтың үнін, болмысын, жүрек лүпілін жеткізді. Бұл жеңіс – ұлттық өнерге деген махаббаттың, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімнің, жылдар бойғы табанды еңбектің нәтижесі. Осы сәтте мен өзімді тек ұстаз ғана емес, Әміренің артындағы бүгінгі ұрпақтың бір өкілі ретінде сезіндім. Ең бас-тысы қазақтың дәстүрлі өнері өшпей, қайта жаңғырып, әлем сахнасында асқақтады. Осы ретте шәкірттеріме, олардың ата-аналарына, ұлттық өнерді қолдаған барша жанашырларға шексіз алғыс айтамын. Қазақтың үні Парижде қайта жаңғырып, биікке самғады. Бұл мен үшін өлшеусіз бақыт, — деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз бізбен әңгімесінде.
Осы жарқын жетістіктің артында өмірін өнерге арнаған, шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған Сейдана Сабырбекованың қажырлы еңбегі тұр. Ол Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келіп, мектепті тәмамдаған соң Шымкент қаласындағы оқу орнында музыка мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Ақкөлдегі 7 жылдық музыка мектебінде домбырадан сабақ беруден бастап, кейін уақыт өте келе ұлт аспаптар оркестрін басқарған. Шәкірттерін аудандық, облыстық, республикалық байқауларға дайындаған еселі еңбегінің нәтижесінде 1993 жылы ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
1994 жылдан бастап Меркі ауданына қоныс аударып, Қ.Жандарбеков атындағы №1 музыка мектебінде жұмысын жалғастырды. Мұнда да 25 жыл бойы оркестрді басқарып, көптеген шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда топ жарды.
Атап айтсақ, 2013 жылы Санкт-Петербургте Темірлан Аманов бас жүлде, Нұрқаділ Жұмаділов 1-орын алса, Чехиядағы байқауда Тоғжан Азат, Болгария мен Беларусьтен де шәкірттері 1-орынмен оралды. Осы жетістіктері үшін ол Меркі ауданы әкімінің, аудандық мәслихаттың, сондай-ақ бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар күні кеше Парижде қол жеткізген толайым табысына орай Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов жетекші ұстаздың кеудесіне «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Сейдана Сабырбекова 2021 жылдан бері «Олжа» Балаларды дамыту орталығында домбырадан сабақ беріп, ұлттық өнерді жас буынға насихаттап келеді. 2024 жылы Шымкент қаласында өткен халықаралық өнер және мәдениет фестивалінде шәкірттері бас жүлдені жеңіп алып, ел абыройын тағы да биіктетті. Осы байқауда өзге ұлт өкілі Омар Бадерхан домбырада өнер көрсетіп, ҚР Мәдениет министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталды.
Париж төріндегі домбыра сазы – тек әсем әуен ғана емес, ғасырлардан жеткен қазақтың үні. Ол үн бүгінде Сейдана апай секілді ұлағатты ұстаздардың арқасында ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетіп, әлем сахналарында жаңғырып келеді. Ұлттық өнердің осындай шынайы жанашырлары барда бұл қоңыр үн ешқашан өшпек емес.

Қ.Аманкелдіұлы.
журналист.
МЕРКІ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.