Ещё один сайт на WordPress

ЖАМБЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖОҒАРЫ

0

Бүгінгі таңда білім беру саласы қоғамның дамуында аса маңызды рөл атқарады. Себебі, білімді ұрпақ – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Осы орайда, табысты мектеп пен жаңашыл ұстаз ұғымдары ерекше мәнге ие. Табысты мектеп – тек қана жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген білім ордасы емес, оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасайтын, шығармашылық қабілеттерін ашатын, өз бетінше ізденуге үйрететін орта. Ал мұндай мектептің негізгі қозғаушы күші жаңашыл ұстаз екені белгілі.

Бүгінде мұндай оқу ордалары облысымызда баршылық. Солардың ішінде Тараз қаласы, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының жөні бөлек. Жуырда аталған білім ордасы 2024-2025 оқу жылының «Үздік орта білім беру ұйымы» атанды.
Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы талай мықты шәкіртті тәрбиелеп, елдің дамуына өз үлесін қосты. Мектеп түлектері ел басқару ісінде, ғылым мен мәдениетте, спорт пен бизнесте жетістіктерге жетіп, Қазақстанның атын әлемге танытуда.
Әрине, мектептің табысты болуы үшін ұстаз үнемі ізденісте, жаңа технологияларды меңгеруде, оқытудың тиімді әдістерін қолдануда болуы шарт. Себебі, заман талабына сай білім беретін ұстаз ғана оқушыны қызықтырып, олардың білімге деген құштарлығын арттыра алады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауында білім беру саласына ерекше көңіл бөлуі де осының айқын дәлелі.
– Мектептің жетістігі – бір ғана мұғалімнің немесе оқушының емес, тұтас ұжымның, ата-ананың, басшылықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Мектептің табысы оның оқу-тәрбие сапасынан, шәкірт жетістіктерінен және қоғамдық өмірге қосқан үлесінен көрінеді. Бүгінде мектебіміздің оқушылары мен ұстаздары оқу сапасымен қатар, ғылыми жобалар, олимпиадалар, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар бойынша көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Оқушылар республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындар алып, мектептің абыройын асқақтатуда. Мектеп ұстаздарының кәсіби даму деңгейі, жаңашыл әдістерді қолдануы да жетістіктің бір бөлігі.

Сапалы білім беруде мектептің материалдық техникалық базасының рөлі маңызды екені баршамызға белгілі. Мектептегі барлығы 52 кабинеттің алтауы жаңа модификациядағы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, робототехника, ІТ кабинет, химия кабинеті, биология кабинеті, 2 физика кабинеті. Мектеп оқушыларының мүмкіндігінше соңғы үлгідегі компьютерлермен қамтамасыз етіліп, ғаламторды пайдалануына барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға, білімдерін шыңдауға, жан жақты өсіп дамуларына ықпал ететін түрлі үйірмелер қарастырылған. Білім ордамыз бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы үздік мектептер санатында екенін зор мақтанышпен айта аламыз, — деді мектеп-гимназия директоры Нұралы Сейдахметов.
Расында, оқу ордасының бұған дейін қол жеткізген табыстары толайым. Атап айтсақ, 2014-2015 оқу жылының қорытындысы бойынша Тараз қаласының «Үздік мектеп-гимназиясы» номинациясын иеленіп, 2015-2016, 2016-2017 оқу жылдарында облыстық инновациялық даму жолындағы үздік мектептер қатарына енсе, 2018-2019 оқу жылының қорытындысымен жаңашыл әдіс-тәсілдерді ұтымды қолданып, шығармашылық ізденімпаздық танытып, үздік жетістіктері үшін қала әкімінің Алғыс хаты және 9 ноутбукпен марапатталды. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында облыстық «10 үздік олимпиадалық мектеп» аталымының иегері болса, 2022-2023 оқу жылында республикалық «100 үздік олимпиадалық мектеп» тізіміне енген. Бұған қоса білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен, 2023-2024 оқу жылында «Үздік қала мектебі» номинацисымен марапатталып, 2024-2025 оқу жылында республикалық «100 үздік олимпиадалық мектеп» тізіміне енді.
Биылғы оқу жылында барлығы 168 педагог еңбек етуде. Олардың 13-і «Педагог-шебер», 57-сі «Педагог-зерттеуші», 28-і «Педагог -сарапшы», 39-ы «Педагог-модератор» санатының иегерлері. Олардың ішінде 31-і Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасымен, 13-і «Ы.Алтынсарин», 4-еуі «Үздік педагог», 1-еуі «Облыстың Үздік педагогі – 2024», тағы бір ұстазымыз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, 1-еуі Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында, мектебімізді өткен оқу жылында 9 «Алтын белгі», 13 «Үздік аттестат» тәмамдаса, 20 оқушымыз 9-шы сыныпты «Үздік аттестатпен» аяқтады. Бұл мектебіміз бен ұжым үшін үлкен мәртебе. Еңбекқор, талапшыл, жаңашыл, ізденімпаз ұстаздарымыздың марапаттары мен жетістіктері де аз емес, — деді мектеп басшысы Нұралы Құрақбайұлы.
2024-2025 оқу жылы мектептің ұстаздары зор табыстармен аяқтады. Атап айтсак, мектеп мұғалімдері «Үздік педагог», «Олимп шыңы», «Математикалық лига» секілді түрлі білім бәйгелері мен спорттық жарыстарда оза шауып, тұғыр биігінен көрінді. Сонымен қатар бірқатар ұстаздың іс-тәжірибесі мен авторлық бағдарламалары республика және облыстық деңгейде кеңінен таратылуда.
Қазіргі заман мұғалімінен тек пәнді жақсы білуді ғана емес, сонымен қатар шығармашыл, жаңашыл, икемді болуды талап етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей жаңашыл ұстаз – өзгерістерге бейім, білім беру процесін тиімді ұйымдастыра алатын, оқушылардың қызығушылығын оята білетін тұлға. Ондай ұстаздар заманауи технологияларды шебер пайдаланып, әр сабақты ерекше етеді. Ол оқушыны тек тыңдаушы емес, ойлаушы, зерттеуші, әрекет етуші етіп тәрбиелейді. Ол әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, әлеуетін ашуға жағдай жасайды. Бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзгерістер ұстаздың кәсіби дамуын, үздіксіз ізденісін талап етеді. Осындай жаңашыл ұстаздардан тәлім алған өрендердің дарынды һәм бәсеке қабілетті болып қалыптастары сөзсіз. Сондықтан ұлағатты ұстаздар мен өрелі өрендердің басын бір арнаға тоғыстырып отырған Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының алар асуы бұдан да биік, бағындырар белесі бұдан да асқақ, ал жұлдызы бұдан да жоғарыда жарқырай түспек.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.