Ещё один сайт на WordPress

МИНИСТРМЕН БЕТПЕ-БЕТ

0

Тараздық оқушы Ғани Бейсембаевпен кездесті

Тараз қаласындағы №66 мектептің оқушысы Артем Погорелов
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың жеке қабылдауында болды. Министрдің жүрегін тебіренткен хат иесі арнайы Астанаға шақырылды.

Министрдің айтуынша, «Министрге хат» игі бастамасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен 235 бала хат жолдаған. Соның барлығын мұқият оқып шыққан ведомство басшысының көңілі жамбылдық оқушы Артемның жылы жазбасына ауған екен.
Осылайша министр Тараз қаласының оқушысын арнайы елордаға шақыртқан. Жеке қабылдап, әңгіме-дүкен құрып, қазақтың ұлттық аспабы домбыраны сыйға тартқан.
– Артем де еліміздегі 3,9 миллион бала сияқты жаңа оқу жылын асыға күткен өрен. Ол әңгімесін бастаған сәттен-ақ мектебін, ұстаздарын, достарын қалай сағынғанын ерекше шабытпен жеткізді. Оның тағдыр жолында кездескен қиындықтарға мойымаған қайсарлығы, ойының сергектігі мен болашаққа деген сенімі маған ерекше әсер етті.
Биыл Артем сегізінші сыныпта оқиды, әр ойын саралап, сөзін салмақтап жеткізетін парасат иесі болып өсіп келеді екен. Қазақ тілін ерекше сүйіп оқитынын мақтанышпен айтты. Ұлттың ұлылары Абай мен Мұқағалидың жырларын жатқа оқып қана қоймай, қазақ классиктерінің шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау туралы идеясымен мені қуантты әрі таңғалдырды.
Оның зеректігіне тәнті болып, Абай және халқымыздың тарихынан сыр шертетін шежірелі кітаптарды сыйға тарттым. Ал қазақ үшін киелі қара домбыраны ұсынған сәтте, Артемнің қуанғанын байқадым, ол көптен бері домбыра тартуды армандап жүрген екен.
Сол күні біз әке мен баладай сыр бөлістік. Артемнің ұстаздарына деген шынайы ілтипаты, болашаққа деген үміті мен жігері жанымды жадыратты, — делінген жып-жылы жазбада.
Артем де бізбен әңгімесінде министрмен болған жүздесуден алған ерекше әсерімен бөлісті.
– Министрге хат жазу идеясына мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазым Қарлығаш Әбдірахманова түрткі болды. Сол кісінің тапсырмасымен ведомство басшысына барлық арман-мақсатымды шынайы жеткізуге тырыстым. Өз хатымда әуелі патронаттық отбасында тәрбиеленіп жатқанымды, достарым, ұстаздарым, мектебім туралы тоқталып, ойымда жүрген екі арманымды жаздым. Оның біріншісі – Астана қаласына саяхат жасау, екіншісі – еліміздегі өзге ұлт өкілдері арасында «Қазақша сөйле» республикалық байқауын ұйымдастыру. Осы қос ұсыныс-пікірім де Ғани Бектайұлының тарапынан қолдау тапты.
Министрмен болған кездесу мені ұмытылмас әсерге бөледі. Ол кісінің қарапайымдылығы, білімділігі, өз баласындай бауырына тартқан қамқорлығы мені ерекше баурады. Маған айтқан ақыл-кеңесі, өмірден түйген әңгімелері жігерімді жанып, одан сайын талаптанып, қанаттануыма жол ашты. Ғани Бектайұлымен жүздесуіме себепші болған мектептегі ұстаздарыма мың алғыс, — деп ағынан жарылды Артем Погорелов.
Тараз қаласындағы №66 мектептің оқушысы Артем оқудың озаты, сыныптың белсендісі, қалалық, облыстық деңгейдегі бірқатар білім бәйгелерінің жеңімпазы мен жүлдегері. Есімі «Еңселі елдің ертеңі» атты жинаққа енген. Сондай-ақ, қазақ тілінде таза әрі тұнық сөйлейтін ол өзі білім алып жатқан оқу ордасындағы «Қазақша сөйле» бағдарламасын жүргізеді. Оның бұл ісі өзге замандастарына зор үлгі екені даусыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.