Ещё один сайт на WordPress

БИЫЛ ҚАЙ МАМАНДЫҚТАРҒА СҰРАНЫС КӨП?

0

Заманауи өмір ырғағы күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар мен қоғам қажеттіліктері жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашуда. Еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған қарқынмен түрленіп, бір мамандықтың маңыздылығы артып жатса, енді бірі екінші орынға ысырылуда. Мұндай кезеңде болашаққа сеніммен қадам басу үшін дұрыс мамандық таңдай білу аса маңызды.
Бүгінгі таңда еліміз де білікті кадрларға мұқтаж. Жоғары жалақы, тұрақты жұмыс, мансаптық өсу – мұның бәрі дұрыс бағытта таңдалған кәсіптің жемісі. Әсіресе, жастар үшін бұл болашақ тағдырын айқындайтын маңызды шешім екені белгілі.

Жастардың сапалы жоғары біліммен қамтамасыз етілуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Соның ішінде ең бірегейі – мемлекеттік білім беру гранты. Жуырда 2025-2026 оқу жылына арналған білім беру грантының иегерлері анықталды. ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметінше, жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бакалавриат деңгейіне 77 мыңнан астам грант бөлінген. Олардың ішінде «аударма ісі», «педагогика», «психология», «дизайн» және «заңгер» мамандықтары көш бастап тұр. Ал конкурсқа қатысу үшін 112 873 өтініш қабылданған. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
– Конкурс нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысының 99 пайызы игерілді. 2025 жылы «Серпін» бағдарламасы аясында 2 412 грант бөлініп, олардың 83 пайызы игерілді. Батыс өңірінің жастарына арналған мақсатты гранттар 2024 жылға сәйкес 100 пайыз игерілді. Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына 2 365 грант бөлінді. 2025 жылы сараланған гранттар саны 300 грантты құрайды.
Гранттар ел экономикасының болжамды кадрлық қажеттіліктерін ескере отырып бөлінді. Атап айтсақ, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 18 846, педагогикалық ғылымдар – 13 226, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 11 615, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 9 188, ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 2 379, қызмет көрсету саласы – 2 200, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1 915, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1 485, бизнес, басқару және құқық – 1 423 және ветеринария – 1 275 грант берілді, – деп мәлімдеді аталған министрліктің баспасөз қызметі.
Ал Жамбыл облысында қай мамандықтарға сұраныс жоғары? Біз де бұл сауалдың жауабын іздеп көрдік. М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Алуа Назарбекованың айтуынша, 5 000-ға жуық мектеп бітіруші осы университеттің грант конкурсына өтініш тапсырған.
– Ағымдағы жылдың 20-маусымында басталған жоғары оқу орындарына қабылдау процесі 25-тамызға дейін жалғасады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініштер 13 – 20 шілде аралығында қабылданды. Бізге құжаттарын тапсырған талапкерлердің басым бөлігі ақпараттық технологиялар, шет тілі мұғалімдерін даярлау, математика мұғалімдерін даярлау, психология, журналистика мамандықтарын таңдағаны белгілі болып отыр. Осы ретте атап өтерлігі, биылғы оқу жылында университетке педагогикалық білім беру топтары бойынша 200 атаулы мемлекеттік грант берілсе, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарына 95, докторантураға 15, магистратураға 38 грант үлестірілді, — деді Алуа Ахмедиарқызы.
Облысымыздағы тағы бір іргелі жоғары оқу орны – Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхит Байкуловтың сөзінше, бүгінге дейін аталған оқу ордасына 1200-ден астам талапкер құжаттарын тапсырған.
– Университетімізге оқуға түсу үшін құжат тапсырған талапкерлер саны қазірге дейін 1 283 болса, оның ішінде 466 адам – шығармашылық, 367-сі – педагогикалық, 202-сі –жаратылыстану, 135-і – құқықтық, 61-і – экономикалық, 52-сі ауылшаруашылық бағыттарды таңдаған.
Жалпы, мамандық таңдауға келетін болсақ, көпшілігінде талапкердің ойы-мақсаты әрқашан орындала бермейді. Осы мақсаттың орындалмауына әртүрлі факторлер әсер етеді. Атап айтсақ олар: біріншіден, ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижесі, екіншіден, әлеуметтік жағдай, үшіншіден, қоршаған орта деген болар едім. Бірінші фактор бойынша жоғары оқу орнынан оқуға түсудің типтік ережесіне сәйкес, елімізде ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар», «Құқықтану» білім беру бағдарламалар тобына кемінде 75 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы және екі бейіндік пәні бойынша және (немесе) шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл, оқу сауаттылығы мен Математикалық сауаттылықтан кемінде 3 балл алуы қажет. Өкінішке қарай, барлық талапкер ҰБТ -дан өзінің таңдаған білім беру бағдарламасына шектік балды жинай алмайды.
Екіншіден, 2025-2026 оқу жылына университеттегі бекітілген төлемақы білім беру бағдарламаларына сәйкес 495-599 мың теңгенің аралығын құрап отыр. Сондықтан кейбір ата-
аналар баласын жағдайларына байланысты арзанырақ оқуды таңдауға мәжбүр болады.
Үшіншіден, талапкер өзінің қоршаған ортасы, яғни мамандықты өзі сүйіп таңдамай, қасындағы достарының, жолдастарының немесе ата-анасы қалаған маман иесі болуға мәжбүр болатын жағдайлар да кездеседі, — деді Мұхит Әзімқұлұлы.
Сапалы білім, саналы тәрбие беруде жамбылдық университеттерден колледжер де қалыспайды. Солардың қатарында Абай атындағы Жамбыл колледжі де бар. Қазіргі таңда колледжде сұранысқа ие мамандықтар айқындалған.
– Биыл колледжде педагогикалық бағыттағы бірнеше мамандыққа сұраныс артып отыр. Олар: «Бастауыш білім беру мұғалімі», «Шет тілі (ағылшын тілі) мұғалімі», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту (балабақша тәрбиешісі)», «Музыкалық білім беру», «Информатика» мамандықтары. Сонымен қатар өнер және мәдениет бағытында «Актерлік өнер», «Аспаптық орындау (аспап түрлері бойынша)», «Хореография өнері» (Би өнері), «Сәндік қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнері (бейін бойынша)» мамандықтарға қызығушылық артып отыр. Әрине, бұл қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейту бағытында қолға алынған ілкімді істердің нәтижесі екені даусыз, — деді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нугзар Мұратов бізбен әңгімесінде.
Мамандық таңдау – өмір жолындағы ең маңызды шешімдердің бірі. Бірақ, тек мамандық иесі атану жеткіліксіз. Бүгінгі бәсекеге толы заманда шын мәнінде табысты болу үшін өз ісінің шебері, үздік маман болуың да аса маңызды. Себебі, еңбек нарығы тек дипломға емес, біліктілікке, жаңашыл ойлауға, үнемі даму мен үйренуге бейім адамдарға зәру. Оның үстіне уақыт ағымына ілесе білген, кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдіріп отырған мамандар ғана өз орнын таба алатыны күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Сондықтан, бүгінгі талапкер ертең ел дамуына сүбелі үлес қосатын білікті маманға айналса баршамыз үшін ең зор жетістік сол болмақ.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.