Ещё один сайт на WordPress

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР НӘТИЖЕГЕ БАҒЫТТАЛДЫ

0

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» – деген дана халқымыздың осы өсиеті әр кезеңде өзектілігін жойған емес. Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру – тек бүгіннің ғана емес, ғасырлар бойы елдің тағдырын айқындайтын ең ұлы миссия. Себебі білім – мәңгілік елдің мәңгі шамшырағы, ал ұстаз – сол шамды сөндірмей, болашаққа жеткізетін шырақшы.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз талай асуларды артта қалдырды. Дегенмен, уақыт көшінде озу үшін білім саласы үнемі жаңарып, алға жылжуы шарт. Осы тұрғыда Жамбыл облысы – еліміздің білім беру кеңістігіндегі алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Бізде жас ұрпақты ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық мәдениет аясында тәрбиелеу басты ұстаным болып қала береді.
Білім – тек рухани құндылық қана емес, ол – нақты инвестиция. Соңғы жылдары облыста білім беру ісіне бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Айталық, 2024 жылы салаға 315,6 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл сома 344,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Әрине, мұндай ауқымқы қолдау жаңа мектептер мен балабақшалардың бой көтеруіне, заманауи зертханалардың жабдықталуына, ұстаздардың біліктілігін арттыруға жол ашады. Әр жұмсалған теңге – болашақ үшін салынған іргетас десек, артық емес.
Айналасына енді ғана таңырқай көз тіккен бүлдіршін үшін балабақша – ғажайыпқа толы әлем. Бұл жерде олар алғаш рет достасып, ойнап жүріп үйренеді, ұлттық ойындар арқылы ой-өрісін кеңейтеді.
Бүгінде Жамбыл облысында 621 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Сондай-ақ 2-6 жас аралығындағы балалардың 96,1, 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы балабақшаға барады. Бұл әр баланың даму құқығы толық қамтамасыз етілгенін көрсетеді. 2024 жылдың шілдесінен бастап облыста дербестендірілген қаржыландыру жүйесі енгізілді. Ата-аналар енді ваучерлік әдіс арқылы өз баласына лайықты балабақшаны таңдауға еркіндік алды. Осылайша жекеменшік сектор да қарқын алып келеді. Мәселен, өткен жылы 33 жекеменшік балабақша ашылса, биыл тағы 18 мектепке дейінгі білім беру ұйымы өз жұмысын бастайды.
Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, экологиялық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жобалар оң нәтижесін беруде. Тағы бір айта кетерлігі, 2025 жылдың сәуір айында «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ұлттық дамытушы ойындармен ойыншықтардың рөлі» тақырыбындағы республикалық семинарда облыстың озық тәжірибесі таратылды.
Қазіргі таңда облысымызда орта білім беру бойынша оң істер жүзеге асырылуда. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың негізгі шарты.
Бүгінде Жамбыл өңірінің 523 мектебінде жаңа оқу жылында 247 мыңнан аса оқушы білім алуда. Біз үшін ең бастысы – олардың қауіпсіз, жайлы, заманауи ортада білім алуы. Сондықтан жаңа мектептер салынып, апатты және үш ауысымды білім ошақтары жойылып келеді. 2025 жылға 26 нысанның құрылысы жоспарланған. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» стандартына сай үш жаңа білім ордасы ашылады.
Мемлекет басшысының Үкіметке әкімдермен бірлесіп демеушілік қаражатты қоса алғанда, қаржыландыру көздерін айқындап, үш жыл ішінде 1 300 мектепті қайта жаңартуға байланысты берген тапсырмасы негізінде облыста 2025-2027 жылдарға 66 мектепті жаңарту жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес биыл 10 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 7 мектеп заманауи үлгіде жабдықталса, биыл олардың қатарына тағы 3 оқу ордасы қосылады.
Биылдан бастап білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жаңартылған мазмұны негізінде жүзеге асырылуда. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында министрлік бастамасымен финдік «KiVa бағдарламасы» және «ДосболLIKE» жобалары енгізілді. Облыс деңгейінде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «HR+» автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесі» (АСППМ) «Кел, дос болайық!» жобалары жүзеге асырылуда. Барлық мектептерде республикалық «111», облыстық «109» телефондары мен «Komek Stop Bullying» жобасының QR-коды ақпараттық парақшалары орнатылды. Антибуллингтік бағдарламаларды енгізу мақсатында Жобалық кеңсе құрылып, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен ортақ меморандум жасалды.
Сондай-ақ білім алушылар мен олардың ата-аналарына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультация беріп, кәсіби психологиялық көмек көрсету мақсатында «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» ашылып, жұмыс істеуде.
Білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бейнебақылау камераларын интеграциялау, мамандандырылған күзет қызметімен, дабыл түймесімен, турникеттермен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде.
Бүгінгі таңда жасанды интеллект дәуірі басталғаны баршаға белгілі. Бұл оқушыларға тек бір мамандықты емес, үлгерімді түрде бейімделетін, икемді кәсіби дағдыларды қалыптастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Осыған орай облысымыздағы бірқатар колледждер мен мектептерде STEM зертханалар, 3D-принтинг, робототехника, жасанды интеллект негіздері енгізіліп, жастарды болашаққа дайындау процесі жүріп жатыр.
Өткен оқу жылы облыс оқушылары мен педагогтерінің жетістіктері мен толайым табыстарына толы болды. Атап айтсақ, өткен оқу жылында облыс оқушылары халықаралық және республикалық білім бәйгелерінде 464 медаль жеңіп алды. Олардың 77-сі – әлемдік аренада алынған жүлде.
Ерекше атап өтерлігі,облыс мектептерін бітірген 14 692 бітірушінің 11960-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 82,4-ті құрады. Ал 1 917 түлек 100-ден жоғары ұпай жинады.
Түрлі білім бәйгелерінде топ жарып, мерейі үстем болған ұстаздарымыз да жетерлік. Білім сапасы да педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Мәселен, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда 85 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ жыл ішінде өткізілген 654 әдістемелік іс-шараларға облыс педагогтері 100 пайыз қамтылды.
Өткен оқу жылында 6418 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, «943 – Елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасына облыстан енген 60 мектептің 2 773 педагогі біліктілігін арттырды.
Облыстық оқу-әдістемелік орталығы жүйелі түрде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігін үздіксіз дамыту мақсатында «Ұлағат» педагогтер ассоциациясы құрылып, «Виртуалды әдістемелік мектебі», «Сабақ тайм», «Зерде», «1+10» шебер педагогтердің зертханасы жобаларын іске асыруда. Бұған қоса облыста педагогтерге арналған «Болашақ» желілік, тәлімгерлік мектебі жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек, өңірде білім беру менеджерлерінің клубы, мектеп директорларының кеңесі тұрақты жұмыс жасайды. «Кадрлық резерв мектебі» құрылған. Республикада іске асырылып жатқан «Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы» бағдарламасының барлық кезеңінен сәтті өткен 26 үміткер резервке алынып, директор қызметіне тағайындалуда. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта білім беру сапасын жақсартуға оң септігін тигізетін болады.
Бүгінде облыстың барлық мемлекеттік мектептері интернетпен қамтылған. Ал шалғай ауылдарда Starlink жүйесі арқылы жылдам интернет қолжетімді болып отыр. 29 тірек мектебі заманауи жабдықтармен қамтылып, ауыл баласының қаладағы замандасынан кем түспеуіне жағдай жасалуда.
Кәсіптік білімнің де көкжиегі кеңейіп келеді. Атап айтсақ, қазір облыстың 42 колледжінде 28 мыңнан астам студент оқиды. Олардың басым бөлігі техникалық және ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандықтарда білім алуда.
Шетелдік компаниялармен әріптестік нығайып келеді. Мәселен, Кәсіптік білімді интернационалдандыру бағытында №7 Бетқайнар колледжі базасында Қытай мемлекетінің XIAN LIXUN TECHNOLOGY техникалық колледжінің филиалын пилоттық жоба ретінде ашу жұмыстары басталды. Сондай-ақ «KNAUF» ЖШС тарапынан Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Құрылыс-хаб» орталығын ашуға қондырғылар қойылды.
Сонымен қатар, М.Тынышбаев атындағы ALT университеті «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету» мамандығына, «Q» университеті «Есептеу техникасы» мамандығы бойынша 16 миллион теңге көлемінде қаржыға құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұған қоса жеке кәсіпкер Рысбаева «K» тарапынан 120 орындық жатақхана Тараз қаласының жастарына қолданысқа берілді.
Қорыта айтқанда, Жамбыл өңірінің білім жүйесі – дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған, әр балаға мүмкіндік беруді басты мақсат еткен жүйе.
Біз үшін ең қымбаты баланың бақыты. Ал бақытқа бастар даңғыл жол сапалы білім мен саналы тәрбиеде жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.