Ещё один сайт на WordPress

ӨҢІРЛІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

0

2025 жылдың ақпан-қыркүйек айлары аралығында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің ұйымдастыруымен «Білім берудегі аймақтық көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект іс жүзінде» атты 10 модульден тұратын кәсіби бағдарламасы өтуде.
Кәсіби даму бағдарламасының халықаралық модулі ағымдағы жылдың
2-7 шілде аралағында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында жалғасты.
Бағдарламаға Қазақстанның барлық өңірінен білім саласындағы көшбасшылар қатысып, озық тәжірибелерімен, цифрлық шешімдермен және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу үлгілерімен танысты. Солардың қатарында Жамбыл облысының ұстаздарынан құралған делегация да бар.

– Кәсіби даму бағдарламасының қатысушысы ретінде шетелдік тәжірибемен танысып, оларды өңірдің білім беру жүйесіне бейімдеу бойынша маңызды ой-тұжырымдармен оралдық. Бағдарлама барысында жасанды интеллектіні мектептер мен колледждерде қолдану жодары, Қытайдағы білім беру реформалары мен басқару құрылымдары, мұғалімдерді аттестаттау мен бағалау жүйесі, инклюзия мен тең мүмкіндік, жаңа цифрлық шешімдер мен «Ақылды» платформалар сынды мәселелер жан-жақты талқыланды. Өз тәжірибелерімен ашық, ынта-жігермен бөліскен жетекші профессорлар мен мектеп директорларының жалынды сөздері ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мен өз тәжірибелерін ортаға салған басқа да әріптестерімнің еңбектерін атап өткім келеді. Бағдарлама жоғары мазмұнымен ерекшеленді және әрбір қатысушыға кәсіби ой-өрісін кеңейтуге, білім берудегі жаһандық трендтерге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді, — деді облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие, орта және инклюзивті білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Досыбаева.
Сонымен қатар жуырда Павлодар облысында да «Білім берудегі аймақтық көшбасшылық: инновация және жасанды интеллект» тақырыбындағы 5-ші модуль өтті. Білім беру саласындағы көшбасшылардың кәсіби дамуына, сондай-ақ заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді қолдану жолдарын қарастыруға бағытталып, салаға серпін берген басқосуға Жамбыл облысының делегациясы арнайы барып, қатысып қайтты.
Модульдің алғашқы күнінде «Мектепті ынталандыратын білім беру ортасына қалай айналдыруға болады?» сауалы талқыға түсті. Педагогикалық көшбасшылық, оқу бағдарламаларын әзірлеу, жасанды интеллект пен цифрлық инновацияларға негізделген бағалау әдістері арқылы қызықты және инклюзивті мектеп ортасын құруға бағытталған шара аясында бірінші күні академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша кешенінде «Ауыл мектебінің білім беру инфрақұрылымы», «Инновациядан нәтижеге: оқу және сыныптан тыс жұмыста жасанды интеллектіні қолдану» тақырыптарында практикалық сессиялар ұйымдастырылды.
Екінші күні Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінде педагогикалық көшбасшылықты дамыту, заманауи оқыту әдістерін енгізу және жасанды интеллектті тиімді білім беру құралы ретінде қолдану мәселелеріне арналған мазмұнды білім беру модулі өтті.
Іс-шараның ашылуына университет ректоры Ержан Әмірбекұлы, Назарбаев Университетінің академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провосты, Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева, сондай-ақ Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Самал Айтказина қатысты.
Күн соңында Жаратылыстану жоғары мектебінің профессорлары Дария Абыкенова, Алмагүл Асаинова және Раушан Ельтинова қатысушыларға алған білім мен тәжірибені саралауға көмектесетін кәсіби диалог ұйымдастырды.
Модульдің үшінші күні Павлодардағы IT-Hub колледжінде өткізілген интерактивті сапармен жалғасты. Сапар барысында «Оқушылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жасанды интеллектінің әлеуеті», «Балабақшадағы нейротехнологиялар мен жасанды интеллект – баланың танымдық дамуының құралы ретінде», «Жасанды интеллект негізіндегі мектеп менеджментіндегі инновациялық тәсілдер», «Мектепте өсу мен бастаманы қолдайтын ортаны қалыптастырудағы басшының рөлі», «Цифрлық қоғам жағдайындағы тәрбие жұмысының жаңа формалары: жасанды интеллектке негізделген әдістер» тақырыбындағы кейстер мен пікірталас элементтері бар панельдік сессияларда балабақша меңгерушілері мен мектеп басшылары озық тәжірибелерімен бөлісті.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева «Қауіпсіз және қолдаушы білім беру ортасын қалыптастыру: инклюзивті білім беруді ілгерілетудегі ЖИ рөлі», ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық академиясының ғылыми және әдістемелік сүйемелдеу орталығы директоры Дулат Аманжолов «Орта және кәсіптік -техникалық білім берудегі цифрландыру» тақырыптарындағы мазмұнды ақпараттарды бөлісіп, тиімді әдіс-тәсілдерді ұсынды.
Жалпы, үш күнге ұласқан модульде ұсынылған идеялар мен ұсыныстар мұғалімдерге, басқарушыларға және әдіскерлерге жаңа үлгідегі, заманауи оқыту, педагогикалық көшбасшылық пен технологиялар оқушының әлеуетін ашуға бағытталған кеңістік құрайтын мектепті қалыптастыруда бағыт-бағдар болары сөзсіз. Мұндай іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады, — деді делегация құрамында болған Шахризада Асылбекқызы.
Іс-шара аясында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды (суретте).
Қорыта айтқанда, халықаралық форматтағы тәжірибе алмасу білім беру сапасын арттыру мен өңірлік басқару жүйесін дамытудағы маңызды қадам болары сөзсіз.

Қ.Қаптағай,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.