ӨҢІРДІҢ ОЗАТ ӨРЕНДЕРІНІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ
Дарынды жастар – жаңа Қазақстанның жарқын келбеті. Расында, қай елдің де қуатты болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Жамбыл облысында да бүгінде білім мен ғылымға құштар жастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл – өңірдегі жүйелі білім саясатының нақты нәтижесі.
2024-2025 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауында облысымыздың 47 оқушысы қатысып, оның ішінде 35 жас ғалым алтын, күміс, қола медальдерді жеңіп алды. Нәтижесінде, Жамбыл облысының командасы «Ең үздік команда» номинациясына ие болды. Сондай-ақ 2-7 сынып оқушыларына арналған XІХ республикалық «Зерде» конкурсынан жас зерттеушілер 23 медалді еншіледі.
Сонымен қатар халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеу бойынша конкурсына қатысқан 7 оқушы жеңімпаз атанса, Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша ХХ Халықаралық зерттеу жобалар конкурсына 4 оқушы қатысып, 3 оқушы жеңімпаз атанды.
Облысымыздың озат оқушылары халықаралық олимпиадаларға да қатысып ел намысын қорғауда. Соның жарқын мысалы – «Дарын» лицей-интернатының оқушысы Сабыр Жомарт географиядан Сербия республикасының Белград қаласында өткен Еуропалық олимпиадасында және Ирландияда өткен халықаралық олимпиадада қола медальды иеленді. Сондай-ақ 2024 жылы қазақстандық оқушылар ең беделді 7 халықаралық олимпиадада 26 медаль жеңіп алған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары 5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы сыйақымен марапатталды.
Елордада Дүниежүзі тарихынан өткен олимпиадаға «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Қанат Нұрқанат қатысып, абсолюттік чемпион атанып, Франция астанасы Парижге жолдама алды. Тараз қаласы, №13 орта мектебінің оқушысы Қуанышев Бекарыс болса философиядан Италияның Бари қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысты.
Ташкент қаласында өткен математика және информатика пәндерінен III Халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасына «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Айдайбек Абдурахман қатысып, күміс медаль иеленсе, жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 34 оқушы қатысып, 15 оқушы жеңімпаз атанды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 25 оқушы қатысып, 17 оқушы жеңіс тұғырынан көрініп, нәтижесінде, Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, жүлделі І орынды иеленді.
«Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Сабыралы Ғабиден Қазақстан тарихы пәнінен, ал Шәріпбек Дарын ағылшын тілі пәнінен ең жоғары ұпайды иеленіп, абсолюттік жеңімпаз атанды. Ал Қордай ауданы Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Ғабидин Айдина «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» номинациясымен марапатталды.
Ерекше атап өтерлігі, республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша «100 үздік мектеп қатарына» Жамбыл облысынан 5 мектеп кіріп отыр. Олар: дарынды ер және қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейлері, Тараз қаласындағы №41 гимназиясы мен №5 гимназиясы, Жамбыл ауданы, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы.
Бұған қоса ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды балаларды анықтауға бағытталған ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадасына 50 оқушы қатысып, 24 оқушы жеңімпаз атанды. Ағымдағы жылдың мамыр айында Тараз қаласында алғаш рет академик Мұхтарбай Өтелбаев атындағы математика пәнінен 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада бастау алды. Аталған олимпиадаға еліміздің әр өңірінен 150 оқушы қатысты.
Астана ІТ Университетінің ұйымдастыруымен өткен «Smart City» технологиялары бойынша республикалық ІТ жобалар конкурсына қатысқан Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушылары Анель Құмқай мен Исабек Дулат Астана ІТ Университетінің білім грантына ие болды. «Roboland – 2025» Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне қатысқан 4 команда жүлделі орындарды еншіледі.
Астана қаласында өткен «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар конкурсына қатысқан 14 оқушының 12-сі жүлделі орындармен марапатталды. «STEM – білім берудегі инновация» олимпиадасының Халықаралық кезеңіне қатысқан Тараз қаласы №41 гимназияның 11 сынып оқушылары Султанкул Шыңғыс, Азамат Джуранбаев, Владислав Баталин бас жүлдені иеленсе, №40 гимназия оқушылары Айдар Қоңырат, Давид Веденичев, Милана Опарина алтын медальді жеңіп алды.
Сонымен қатар Алматы қаласында өткен информатикадан XVI Еуразиялық олимпиадасының халықаралық кезеңі қатысқан дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Серікбай Сұңғат, Тангиркул Ердаулет күміс медальмен марапатталды.Сондай-ақ, облыстың 48 оқушысы көркем сөз оқу байқауларына қатысып, 37 оқушы жүлделі орындардан көрінді. Атап айтатын болсақ, Астана қаласында өткен «Ақберен» өнер байқауынан, Семей облысында 2025 жылғы 18-21 маусым күндері Семей қаласында жалпы білім беретін ұйымдардың 8-11 сынып оқушылары арасында XXVI Республикалық «Абай оқулары» шығармашылық конкурсы өтті. Биылғы байқау ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Байқауға Жамбыл облысынан 5 оқушы қатысып, нәтижесінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі диплом және алтын медалін – 3 оқушы, II дәрежелі диплом және күміс медалін 2 оқушы иеленді.
2020 жылдан бастап «Ел үміті» корпоративтік қорының бастамасы аясында «Мың бала», «Қабілет» қызметі жобалары іске асырылуда. Ауылды жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына соңғы үш жылда қатысқан 32 мың оқушының 467-сі жеңіске жетті. Қазіргі күні 318 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылды.
Осы жетістіктердің барлығы облыс оқушыларының еліміздің білім саласының дамуына қосқан үлесі екені айқын. Осылайша, жамбылдық жас дарындар тәуелсіз Қазақстанның болашағына сенімді қадам басып келеді.