ЖУАЛЫДАҒЫ ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ЖАҒДАЙ
Асыранды балалардың жағдайына кім алаңдайды?
Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы бір қамқоршы отбасында бала өлімші етіп соққыға жығылып, ажал құшты. Ресми ақпаратқа сәйкес, бала өліміне қатысты күдікті ретінде отбасының асыраушысы – 35 жастағы ер адам танылып отыр. Ол отбасыда бес бірдей асыранды бала тәрбиеленіп жатыр екен.
Қайғылы оқиға 31 мамыр күні болған. Дереккөздің сенімді ақпаратына сүйенсек, баланы Талас аудандық ауруханасына алып келген кезде ол көз жұмған еді. Алайда, отбасын Жуалы ауданында тұрады деп тіркелгеніне қарамастан, баланы не себепті Таласқа апарғаны белгісіз күйінде қалып отыр.
– Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздесті-
ру шаралары барысында күдікті полиция қызметкерлерімен «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеудің жан-жақты, толық әрі объективті жүруін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті тергеу және жедел іс-шаралар жүргізілуде, — делінген облыстық полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Жоғарыда айтқанымыздай, ер адам әйелімен бірге бес баланы асырап алған. Осыған байланысты Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасына қарасты – яғни, қамқоршылық және қорғаншылық органдарына жауапты мекемеге пікір алу үшін жүгінген едік.
– Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиға орын алған күні отбасындағы патронаттық және қамқоршылық тәрбиедегі өзге балаларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, оларды дереу отбасынан алып, мемлекеттік мекемеге орналастыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда балалар мемлекеттің қамқорлығы мен қорғауында. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды, — деді басқарманың баспасөз қызметі.
Аталған мәселенің мән-жайын Жамбыл облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов былай деп түсіндірді:
– Бұл жағдай туралы ақпарат алған сәтте сол күні оқиға орнына барып, мән-жайды анықтадым. Осы отбасында тағы бірнеше бала қамқорлықта болған. Қалған балаларды дереу отбасынан алу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта олар мемлекеттік мекемеде, мемлекеттің қамқорлығы мен қорғауында. Тергеудің барысы мен егжей-тегжейі бойынша ақпаратты әскери-тергеу басқармасынан алуға болады, себебі күдікті – әскери қызметші, — деді Дәурен Орайұлы. Өкінішке қарай, әскери-тергеу басқармасы бұл оқиғаға қатысты әлі күнге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Облысымызда орын алған осы жантүршігерлік оқиға бала асырап алған ата-аналардың жауапкершілігін тағы да күшейту мәселесін күн тәртібіне шығарғаны жасырын емес.
Психолог Бақытгүл Мырзабекова бұл мәселені қатаң бақылаудың жоқтығымен байланыстырады.
– «Неке және отбасы туралы» Кодекске сәйкес, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге, өз ата-анасын бiлуге, олардың қамқорлығында болуға және олармен бiрге тұруға құқығы бар. Заңнама бойынша бала асырап алуға, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронаттық тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын отбасыға берілуі мүмкін. Осы ретте айта кетерлігі, бала асырап алу – баланы сот шешімі негізінде бір отбасыға тәрбиелеуге беру. Бұл жағдайда бала өзін асырап алған отбасының толыққанды мүшесіне айналады. Асырап алған ата-анасының тегін және мұрасын алуға құқылы болады. Ал патронат дегеніміз отбасы қорғаншылық немесе қамқоршылық органымен келісімшарт жасап, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиелеуге алады. Сондай-ақ 14 жасқа толмаған балалар және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар қорғаншылыққа (опека) алынады. Ал 14 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ құмар ойындарға, бәс тігуге, ішімдікке немесе есiрткiге салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдар қамқоршылыққа (попечительство) алынады. Баланы қабылдайтын отбасы – кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы тәрбиелеуге алатын отбасы. Сонымен қатар бала асырап алған кезде баланың жасы, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі. Баланы бауырына басатын адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиесі мен білімі үшін жағдай жасалған кезде ғана бала асырап алуға рұқсат етіледі. Әрине, бұл нормалардың барлығы өте мінсіз жазылған әрі халықаралық талаптарға толығымен сай келеді. Алайда, баланы бір отбасыға асырауға бергеннен кейін оның әрі қарайғы жағдайына не әлеуметтік орталықтар, не салалық басқарма, не ювеналды полиция басын ауыртпайды. Яғни, ол бала жаңа отбасында қандай тәрбие алып жатыр, сабақ үлгерімі қалай, психологиясы қалыпты ма – міне осындай маңызды сауалдарға жауап іздеп, бақылап жатқан ешкім жоқ. Онсызда тағдыр теперішін көрген балғындар жаңа отбасы жайсыз болса, қандай да бір қысымға ұшыраса ондайды ашып айтуға именеді. Себебі, қайтадан ата-ана қамқорлығынан айырылып, әлеуметтік орталықтарды паналағысы келмейді. Жоғарыда айтқанымдай, тиісті бақылаудың жоқтығынан балалар түрлі буллингке, зорлық-зомбылықққа ұшырайды. Тіпті оның соңы Жуалы ауданындағыдай адам өлімімен де аяқталуы әбден мүмкін. Ең өкініштісі, бұл еліміздегі бір ғана жағдай емес. Бұған еліміздің әр өңірінен бірнеше мысалды келтіруге болады. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда республика аумағында тұрақты тұратын қазақстандық отбасыға жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуына байланысты біржолғы ақшалай төлем беріледі. Айталық, бала асырап алушылар мемлекеттен 75 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек алады. Егер отбасы жаңа туған нәрестені бауырына басса, оларға декреттік төлемдер және бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Бұған қоса, бала күтімімен айналысатын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаса, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы, 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімімен айналысатын адам, отбасының жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырса қосымша жәрдемақы қарастырылған. Шындығында, бала асырап алуды табыс көзіне айналдырып отырған ата-аналардың да болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Яғни, мемлекет тарапынан қолдау бар, бірақ бақылау жағы ақсап тұр. Сондықтан әрбір асырап алынған баланы назардан тыс қалдырмай, кемінде айына бір рет олардың психологиялық, әлеуметтік жағдайына қатаң бақылау жүргізіп тұру қажет, — деді Бақытгүл Сатыбалдықызы.
Ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала – ең алдымен, қамқорлықтан, махаббаттан, қауіпсіздіктен айырылған жан. Оның тағдырына қол созу – жай ғана мейірімділік емес, адамгершіліктің, ұлттық ар-ожданның ісі. Әрине, Жуалыдағы жағдай тек бір отбасының емес, осы бағыттағы жүйенің әлсіздігінен болған қасірет десек, артық емес. Мұндай балалардың тағдыры – біздің елдегі адамгершілік деңгейінің айнасы. Сондықтан оларға қамқорлық көрсетіп ғана қоймай, жағдайын жіті назарда ұстау – әрқайсысымыздың ортақ міндетіміз.
Қ.Қаптағай,
журналист,
Жуалы ауданы.