Ещё один сайт на WordPress

«ЖҰЛДЫЗАЙДА» ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН ІНЖУ

0

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың бірі әрі бірегейі – «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалі. Бұл фестиваль әрбір баланың даралығын, шығармашылық қабілетін танытып, өнер мен талантын бағалауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына да жол ашты. 2005 жылдан бері бастау алған фестиваль талай ерекше баланың үмітін оятып, болашаққа сеніммен қарауына себепші болды.

Аталған байқаудың биылғы облыстық алғаш-қы кезеңі онлайн форматта өткізіліп, қатысушылар «хореография», «вокал», «аспапта ойнау» және «әнді ым-ишаратпен орындау» номинациялары бойынша сынға түсті. Іріктеу кезеңіне жалпы саны 125 ерекше оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 75 өнерпаз оқушы жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарға ие болды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар мен ескерткіш сыйлықтар табысталды.
Фестивальдің ІІ республикалық іріктеу айналымында Байзақ ауданы, Абай атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Інжу Тілеужан «хореография» номинациясы бойынша І орынды, Ерасыл Ермекбай «аспапта ойнау» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленді. Осы екі жеңімпаз өрен жетекшілерімен бірге Астана қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен Гала-концертте өз өнерлерін көрсетті. Осы ретте әр өңірден келген іріктеу кезеңінің жеңімпаздары арасында өткен онлайн дауыс беру нәтижесінде 7 170 дауыспен байзақтық Інжу Тілеужан фестивалдің Гран-при иегері атанды.
– Бұл менің өмірімдегі ең ұмытылмас сәттердің бірі болды. Алғаш рет үлкен сахнаға шығып, осындай тамаша фестивальде өнер көрсету мен үшін арман болатын. Енді сол арманым орындалды! Қатты толқыдым, бірақ сахнаға шыққан сәтте бәрі артта қалып, музыкамен бірге жүрегім де билей бастады. Көрерменнің қошеметі, ұстазымның қуанышы мен үшін зор шабыт берді. «Жұлдызай» іштегі сенімімді арттырды. Бұл тек байқау емес, бала армандары орындалатын үлкен мереке. Бас жүлде алғаныма әлі де сенер-сенбесімді білмеймін. Бірақ бір нәрсені нақты білемін, мен өнер жолын таңдаймын. Себебі, өнер – жүрегімнің үні. Осы сәтте барша ұйымдастырушыларға, ұстазым Роза апайға, мені қолдаған ата-анама және менімен бірге сахнаға шыққан барлық достарыма алғыс айтамын. Бұл – алғашқы үлкен сахнам болса да, ең соңғысы емес, — деді толқынысын жасыра алмаған Інжу.
Оның ұстазы Роза Саржанова да мұндай жобаларға қатысудың маңыздылығын атап өтті:
– «Біз «Жұлдызай» фестиваліне төртінші рет қатысқанымызбен, республикалық кезеңде алғаш рет бақ сынадық. Бұған бір жыл бойы дайындалдық. Енді сол еңбегіміздің еш кетпегеніне өте қуаныштымын. Інжу үшін бұл ұмытылмас тәжірибе. Ол өмірінде бірінші рет пойызбен саяхаттап, ел астанасында алғаш рет өнер көрсетті. Ұйымдастырушыларға балаларымыз үшін осындай мереке сыйлағандары үшін алғыс білдіреміз. Фестиваль балаларға өз өздеріне сенуге және басқа балалармен достасуға көмектеседі, — деп ағынан жарылды ұлағатты ұстаз.
Біз де жас дарынның алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыратынына зор сеніммен қарап, үміт артамыз.

Қ.Қаптағай,
журналист.
Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.