ТАБИҒАТ АЯСЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ СЕМИНАР
Үстіміздегі жылдың 2–3 маусымында ҚР Оқу ағарту министрлігінің рес-
публикалық ғылыми педагогикалық кітапханасы мен Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасына қарасты «Örken» өңірлік білім беру орталығының бірлесе ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысының Катон Қарағай ауданында «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинары өтті.
Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, табиғат аясында оқуға мүмкіндік беру арқылы кітап оқу мәдениетін жаңа форматта дамыту және экологиялық тәрбиені әдебиет арқылы насихаттауды мақсат еткен іс-шара екі күнге жалғасты.
Алғашқы күні өткен пленарлық сессия барысында бейіндік оқу тәрбие жұмыстарындағы мектеп кітапханаларының тәжірибелері, «Оқуға құштар мектеп» жобасының жетістіктері сараланды. Спикерлер қатарында ақын-жазушылар, баспа өкілдері, өңірлік білім басқармаларының өкілдері болды. Семинарға кітапханашылар, әдіскерлер, ақын-жазушылар, мектеп басшылары және ғылыми педагогикалық кітапхананың қызметкерлерін қосқанда жапы саны 200 адам атсалысты. Пленарлық сессиядан кейін Катон Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне және Берел қорық мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.
Екінші күні республикамыздың әр аймағынан келген кітапханашылар мен әдіскерлер Абай шығармаларын оқу, буктрейлерлер мен цифрландыру жүйелерін қолдану, сондай ақ табиғат аясында кітап оқу тәжірибелерімен , табиғат аясында кітап оқуды насихаттау бойынша идеяларымен бөлісті. Сонымен қатар семинар барысында әр өңірден келген қатысушылар тәжірибелерін ортаға салып, интерактивтік сессияларға қатысты. Табиғи ортада кітап оқуды насихаттау арқылы оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған бағдарламалар мен технологияларымен танысты. Семинар табиғат аясында өтіп, кітап оқудың экологиялық және шығармашылық мәнін арттырғандығымен ерекшеленді.
Гүлзира Ибрагимова,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.
Байзақ ауданы.