Ещё один сайт на WordPress

САН МЕН САПА ҰШТАССА ҒАНА САНАЛЫ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСАДЫ

0

Осы оқу жылы аяқталар тұста Назарбаев зияткерлік мектебінен шыққан шу баршаға белгілі. Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі «бақылау жұмысына телефон алып кіріп, мұғалімді балағаттады» деген 11-сынып оқушысын мектептен шығарып жіберді. 17 жастағы бала тоқсандық бақылау жұмысы кезінде аудиториядағы кезекші мұғалімге телефонмен ұсталып қалып, балағат сөз айтқан. Оқиға 21 мамырда болған. Осыдан кейін оқу орнының әкімшілігі жиналыс ашып, 23 мамыр күні баланы мектептен шығару туралы шешім шығарған. 26 мамыр күні оқушы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. Кейін ол оқушының мемлекеттік мектептердің біріне ауысатыны белгілі болды.

Міне, осы жағдай «Назарбаев мектептерін тарату керек пе?» деген сауалдың төңірегіндегі пікірталастарды қайта үдете түскендей. Айталық, жуырда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Ерболат Сатыбалдин Назарбаев Университеті мен Ұлытау облысына бөлінетін бюджет көлемін салыстырып, өңірлік даму мен инфрақұрылым мәселесін көтерді.
«Мысалы, 7000 студенті бар Назарбаев Университеті қазынадан 59 млрд. теңге алады, ал 240 мың халқы бар Ұлытау облысы 59 миллиард теңге алады. Мен балалардың жалпы білім алғанына, жоғары білімге ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ бізде аспаннан айды алып бер деп сұрап отырған жоқпыз ғой. Бүгінгі күнде керегі қарапайым ғана нәрселер – таза су, таза ауа, жақсы жолдар, қолжетімді медицина, қолжетімді жоғарғы білім. Жастардың тұрақталуы үшін өңірге керекті мәдени, әлеуметтік нысандар салу керек. Осы мәселелерге қаражат қалай бөлінеді? Жаңа өзіңіз айтқандай, бұл енді балтамен шабу емей немене? Адамдардың құқығы Конституцияның алдында бірдей емес пе?», — деді депутат Ерболат Сатыбалдин өз сауалында.
Назарбаев зияткерлік мектептері мен университетінің бюджеті бүгінде депутаттардың жіті назарында десек, артық емес. Бұған байланысты халық қалаулысы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде мынадай жазба жариялады:
«Комитет отырысында бюджеттің орындалуы бойынша Үкімет есебі аясында Назарбаев Университетінің ақпараты тыңдалды. Өз басым Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептерін толығымен қолдаймын. Бұл ұйымдардың еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Сондықтан университетке қатысты мәселелер бойынша бірқатар сұрақтар оқу орнының басшылығына қойылды.
Мәселе неде? НУ үш мектебін – білім беру (GSE), мемлекеттік саясат (GSPP) және бизнес (GSB) мектептерін біріктіруді қарастырып жатыр екен. Бұл ұсыныс депутаттар арасында үлкен пікірталас туғызды.
Бюджеттік қысым бар екені түсінікті. Назарбаев Университетіне бюджеттен бөлінетін қаражат едәуір қысқарған, гранттардың құны да төмендеген. Осыған байланысты университет шығындарды азайтудың жолдарын іздеуде. Бұл орынды. Бірақ басты мәселе мынада:
үнемдеу білім сапасына, академиялық еркіндікке және университеттің халықаралық беделіне кері әсер етпеуі тиіс.
Сондықтан бұл бастамаға біз алаңдаушылықпен қараймыз. Себебі:
1. Бүгінде GSE әлемнің үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына кіреді.
Ал GSPP мен GSB – 600–800 аралығында. Егер олар біріктірілсе, жалпы рейтинг төмендеуі мүмкін. Бұл – университеттің беделінің әлсіреуі, демек студенттер, серіктестер мен инвесторлар үшін тартымдылықтың төмендеуі.
2. GSE – білім беру саласындағы сирек кездесетін академиялық бренд.
Ол сапалы зерттеулерімен және оқытумен танымал. Біріктіру оның бірегей академия-
лық бейнесін жоғалтуы мүмкін.
3. Академиялық мәдениеттер әртүрлі.
Бизнес, саясат және білім беру мектептерінің ғылыми тәсілдері мен жұмыс стилі бір-біріне ұқсамайды. Мұндай жағдайда фокус жоғалып, ішкі қақтығыстар артып, академиялық орта әлсіреуі мүмкін.
4. Халықаралық аккредитациядан айырылу қаупі бар.
Әр мектеп өз саласы бойынша жеке халықаралық аккредитациядан өтеді (мысалы, AACSB және т.б.). Біріктірілген құрылым бұл стандарттарға сай болмауы мүмкін.
Пәнаралық жұмыс маңызды, әрине. Бірақ оны міндетті түрде біріктіру арқылы емес, бірлескен бағдарламалар мен жобалар арқылы да дамытуға болады.
5. GSE-ні бастапқыдан дамытқан оқытушылар академиялық еркіндік пен ортаның жоғалуына байланысты жұмыстан кетуі мүмкін.
Бұл жағдайда олардың артынан студенттер, зерттеушілер және халықаралық гранттар да кетуі ықтимал.
6. Халықаралық гранттардың көпшілігі нақты бір бағыттарға бағытталады.
Профиль неғұрлым кең әрі анықталмаған болса, соғұрлым қаржылық қолдауға ие болу мүмкіндігі азаяды.
7. Біріктіру үнеммен тең емес.
Кадрлардың кетуі, әкімшілік жүктеменің артуы, мәдени айырмашылықтар – бәрі күтілген тиімділікті жоққа шығарады. Теорияда үнем болуы мүмкін, бірақ іс жүзінде бұл үнемділік «жоғалып кетуі» ықтимал.
Назарбаев Университеті — еліміздегі сапалы білім берудің символы.
Сондықтан дәл қазір университетке жеңіл шешім емес, стратегиялық, теңгерімді және терең талданған қадамдар қажет. Бұл – тек қаржылық қиындықтарға жауап емес, болашақтың бағдары.
Университет басшылығы осы мәселелердің бәрін ескереді және ел болашағына жауапты шешім қабылдайды деп сенемін. Университетке мемлекет тарапынан қолдау да азаймауы керек, — деді Асхат Қанатұлы өз жазбасында.
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей Назарбаев мектептері мен университетінің алдағы тағдыры қандай болатыны туралы мәселе бүгінгі қоғамның күн тәртібінде алғашқы болып тұр. Бұған қатысты «QAZBILIM GROUP» компаниясы басқарма төрағасы, PhD химик Аятжан Ахметжанұлының да өз айтары бар.
– Назарбаев деген есіммен, саясаттағы ескі Қазақстанмен алысқан екі жылдан бері әлсін әлі Назарбаев мектептері мен университетін жабу керек деген үндердің жаңғыра беруі қорқытады. Тіпті аталмыш мектептер мен университетті жабу керек деп пост жазып отыратындардың ішінде ұстаздар мен зиялы қауым өкілдерінің болуы тіптен алаңдатады.
Иә, 30 жыл бойы қалыптасқан шіріктескен жүйемен күресіңіздер, ол дұрыс.
Назарбаев әулетімен күресіп, Қайрат Сатыбалды ғана емес, тұтас Назарбаев әулетінің жымқырған қаржысын қайтартыңыздар, дұрыс.
Бұл екеуін қос қолдап қолдаймын. Бірақ, Назарбаев деген есім үшін Назарбаев мектептері мен Назарбаев университетімен күреспеңдерші. Мойындасақ та, мойындамай ішіміз күйсе де нақты бір шындық, ол еліміздегі ең үздік мектептер желісі ол – Назарбаев зияткерлік мектептері. Ең үздік университет ол – Назарбаев университеті.
Біз өзге мектептерді осы мектептің деңгейіне көтеруіміз керек. Өзге университеттерді осы университеттің деңгейіне жеткізуіміз керек.
Елімізде үш ауысымды қаншама мектеп бар, мектеп жетіспеушілігі қаншама ауыр. Білім сапасы сын көтермейтін қаншама мыңдаған мектеп бар. Дәл осындай жағдайда ең мықты мектептер желісі Назарбаев зияткерлік мектебін жабу керек деп отыр-
ған ұстаздың оқушыға беретін өнегесі ойлантады.
Елімізде диплом сататын қаншама университет бар. Тіпті, олар қазір мемлекеттік грант алатын болды. Бірақ, оқытпай диплом береді. Ал, біз олармен емес, елдегі ең мықты университетпен күресеміз. Оны жабу керек деп бастама көтереміз.
Елдің ертеңі ол сапалы білім, дамыған ғылым, білімді ұрпақ, жасампаз тұлға. Онда біз бұл мектеп пен университеттерді одан сайын дамытып, санын арттыра беруіміз керек.
Аталмыш мектеп пен университет туралы:
1. Қаржылық жүйесін реттеп, қаржыландыру бағытындағы күмәнді схемаларды жою керек. Бөлінген қаржының дұрыс жұмсалу механизімін қадағалау керек.
2. Тәрбие жүйесін қайта қарап, елдің, ұлттың менталитетіне жат идеология-
лық бағыттардан ада ету керек. Тәрбиесін ұлттық бағытқа бұру керек.
Бұл екі өзгеріс пен тексеріс білім сапасы мен аталмыш оқу ордаларының дамуына кедергі келтірмеуі, бөгет болмауы қажет.
Назарбаев зияткерлік мектептері мен университеті өзін дәлелдеген, халықаралық деңгейдегі үздік білім беру ордалары. Еліміздің өзге білім беру ұйымдарының олардан үйренері көп. Олардың тәжірибесін тарату қажет кеңінен.
Өз басым білім саласының менеджері, сарапшысы ретінде, зерттеушісі ретінде олардан талай озық дүние үйрендім.
«QAZBILIM» ұлттық лицейлерін болашақта сол мектептердің деңгейіне жеткізу – мендегі бір арман, ең үлкен бағытым, — деді ұлағатты ұстаз.
Әрине, бүгінде елімізде балалардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі үшін барлық жағдай жасалып, заманауи оқу ордалары бой көтеруде. Дегенмен, олардың саны сапасы мен бөлініп жатқан қыруар қаржысына сай ма? Бұл мәселе бізді ғана емес Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевті де алаңдатады екен.
– Орта білім беру шығындары алты жыл ішінде 3,5 есе өсті. Бірақ 10 жылдық кезеңде орта білім беру сапасында айтарлықтай өзгерістер жоқ, бұған халықаралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелері дәлел бола алады. 2022 жылмен салыстыр-
ғанда 2023 жылы 4-сынып оқушыларының тест нәтижелері 19%-ға, 9-сынып оқушыларының нәтижелері 22 пайызға төмендеген. Себебі неде? Білімге бөлінген қаражат қайда жұмсалды?
«Білім туралы» заңда білім беру сапасын ұлттық бағалау тетігін жасау керектігі жазылған. Бірақ 16 жыл ішінде білім беру сапасын бағалаудың бірыңғай кешенді институционалдық жүйесі жоқ. Білім беру сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесі қашан құрылады? Неге созылып кетті? Білім беру саласындағы саясатта сабақтастық жоқ. Бұрынғы бағдарлама аяқталмай жатып жаңа мемлекеттік бағдарламалар басталып жатыр.
– 6 жылда 9 рет өзгертілген үлгілік оқу жоспарына (ҮОЖ) сараптама және апробация жүргізілмеген;
– ҮОЖ/ҮОБ апробациядан өткізу үшін пилоттық мектептерді іріктеу тәртібі регламенттелмеген, іріктеу өлшемшарттары, сондай-ақ апробациядан өткізу мерзімдері жоқ;
Сараптамадан өтпеген оқу жоспарын мектепке енгізу сорақылық! Қауіпті қадам! Неге министрлік осындай олқылықты жіберді? Кім жауапты? Қашан жөнделеді бұл сұмдық жағдай? Қазақстандағы 800 жекеменшік мектепте 300 мың оқушы оқиды. Қазір жеке мектептер мемлекеттік тапсырыстан айрылады деген ақпарат тарады. Салдарынан олар жабылуы мүмкін. Жүздеген мың бала қайда кетеді? Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгеріске дайын емес. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд. теңгеге жуық қаражат жетіспейді.
Жекеменшік мектептердің тағдыры не болады? Министрлік мұны қалай шешпек? 25 мыңға жуық оқушыны оқытатын 66 мектептің (31 мемлекеттік, 35 жеке меншік) бірнеше жыл бойы лицензиялары болмаған. Лицензиясы жоқ мектептер қалай жұмыс істеген? Бұл заңсыздыққа кім жауапты, кім, қандай жауапкершілікке тартылды?, – деді Нартай Аралбайұлы өз депутаттық сауалында.
«Білім – теңіз, мектеп – кеме» дейді халық даналығы. Ал сан мен сапа бір арнада тоғысып, өзара ұштасса «Білім» атты телегей теңізде емін-еркін құлаш сермеп жүзеріміз айдан анық. Сондықтан Назарбаев зияткерлік мектептері болсын, өзге де білім ордалары болсын алдыңғы орынға тек сапалы мен саналы тәрбиені қойса өркениет көшінде ештеңеден қол үзіп қалмасымыз белгілі.

Қ.ШАХАБАЙ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.