Ещё один сайт на WordPress

ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ӨНЕРДІ ҮЙЛЕСТІРГЕН «БОЗТОРҒАЙ» АНСАМБЛІ

0

Қазіргі заман – білім мен инновация ғасыры. Мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуі ең алдымен оның интеллектуалды әлеуетіне байланысты. Осы тұрғыда жас дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсету – еліміздің болашағына жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Бүгінде елімізде жас дарындардың басын бір арнаға тоғыстырған өнер ұжымдарды жетерлік. Солардың ішінде «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблінің шоқтығы биік. Аталған өнер ұжымының құрылғанына биыл 50 жыл толып отыр.

1974 жылдың 9-қыркүйегінде «Пионерлер сарайының» көркемдік бөлімінен ән-би ансамблі құрылып, құрамына сол кездегі дарынды оқушылар алынған болатын. Ансамбльге сол жылдары С.Сащенко, В.Суржик, Г.Оразалинова, Ш.Ахметжанов, Б.Жетписов, Ю.Квасов, Н.Зеленина, Л.Голоденко, Я.Гааб, Э.Коробко секілді білікті мамандар жетекшілік етті. «Жамбыл дарыны» облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығы жанынан құрылған өнер ұжымы бүгінде табанды еңбегімен талайға танылуда.
– Қазіргі таңда ансамбль құрамында хореография, вокалдық топ студиялары, домбыра, шертер, жетіген, қыл қобыз, прима қобыз, баян және хор үйірмелері секілді бірнеше ұжым бар. Ансамблдің уығы болып отырған жас өнерпаздар орталығымыздан білім алып қана қоймай, білгір де шебер мамандардың көмегімен әлем халықтарының музыкасы және мәдениетімен танысып, өз репертуарларын гүлдендіре түсуде.
Осы ретте өнер ұжымының заман талабына сай өсіп-өнуіне мол үлес қосып жүрген көркемдік жетекші – Д. Жами, қазақтың ұлттық билерінің жаңа лебін алып келген – Қ.Канапина, Д.Елдекенова, А.Жүнісбаева, А. Хожанов, Г. Қасымбек, Э.Эюбова; домбыра сырын толық меңгерген Л.Аманкулова, Л.Саттерова, А.Ахметова, С.Шажалиева, Г.Сабалиева, сырлы саз, әсем әнмен бала жанын байытып, халқына шашу шашып жүрген – Қ.Сейтхан, Б.Несипбаева сынды ұстаздар қызмет етіп, балғындарды білім нәрімен сусындатып жатқанына айрықша атап өткен абзал.
Жарты ғасырдың ішінде Дилнара Елдекенова, Аян Ташмағанбетов, Марат Думан, «Әдем-ай» дуэті, Дмитрий Гражданкин, Арайлым Әбдікаримова, Ақбота Наржанова, Александра Туралиева, Дана Көпбосын, Сания Тасқан және тағы басқа дарынды шәкірттеріміз биік белестерді бағындырып, қазақ сахнасында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Ұжымның материалдық-техникалық базасы да жылдан жылға нығаюда, — деді «Жамбыл дарыны» облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының директоры Балдай Ертуганова.
Бүгінде ансамбль құрылғалы бері қала және облыс көлеміндегі барлық көпшілік мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Айталық, ұжым мүшелері «Жас жұлдыз», «Жасұланның жұлдызы», «Мен де жұлдыз боламын», «Crative FEST», «Әуелей ұш – Ару ән», «Шуақты қызғалдақтар», «Русская мозайка», «Атадан қалған мұрамыз», «Жас сарбаз» секілді облыстық, республикалық, халықаралық өнер бәйгелерінде топ жарып, мерейлері үстем болған сәттері аз емес.
Қорыта айтқанда, «Бозторғай» тек балалар өнер ұжымы емес, ұлттық рухты, отансүйгіштікті, ұлт болмысын бойға дарытатын мәдени мектеп. Осындай өнер ұжымдары арқылы халқымыздың тілі, салты, әні мен биі ғасырдан ғасырға жалғаса беретіні сөзсіз.

Қ.АМАНКЕЛДІ,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.