ЖҰМАСИЛ НҰРСҰЛТАН – ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДАҒЫ ҮЗДІК СТУДЕНТ
Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің 2-курс студенті Жұмасил Нұрсұлтан – білім мен белсенділікті ұштастыра білген заманауи жастардың жарқын үлгісі. Ол «01140600 – Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алып, «4S01140605 – Шетел тілі мұғалімі» біліктілігін игеруде.
Жұмасил Нұрсұлтан – тек үздік студент қана емес, сонымен қатар шығармашылық пен спорт саласында да белсенді. Оның жетістіктері – көп жылғы еңбектің, тәртіп пен талпыныстың нәтижесі.
— IV Халықаралық «Пушкин оқулары» әдеби байқауында «Атыңда не мән бар…» атты шығармасымен І дәрежелі диплом;
— Пушкиннің 225 жылдығына арналған облыстық мәнерлеп оқу байқауында – ІІІ дәрежелі орын;
— Колледжішілік волейбол жарыстарында екі мәрте І орын;
— «STUDENT QUIZ» облыстық зияткерлік сайысында І орын;
— Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған шахмат жарысында І орын;
— «Саппен жүріп ән айту» колледжішілік байқауында А323 тобымен бірге марапат;
— Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған облыстық конференцияда мазмұнды баяндамасы үшін І дәрежелі диплом иегері.
— 2025 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, Жамбыл өңірінің абыройын асқақтатты.
Қазіргі таңда Жұмасил Нұрсұлтан – колледж Президенті. Нұрсұлтан жан-жақты дарын иесі. Шабыты келгенде жүрек тербеген ойларын өлеңге айналдырып, сырлы сөзбен көркем дүниелер тудыра біледі. (Баламнын туындысы)
Кейде сені…
Кейде сені сағынамын кенеттен
Сені сүйем әрбір сәтте демек мен
Көзді жұмсам бейнең келіп алдыма
Сарқылмайды мендік сезім неліктен?
Кейде сені көптік көзден қызғанам,
Қарап тұрып мендік жүрек сыздаған.
Іштей тынып,кейде өзімді сезінем,
Темірдейін суып тұрып,қызбаған…
Кейде тіпті керек етем(ін) өзіңді
Түпсіз терең, тұңғиықтай көзіңді
Қайта қайта тыңдай берер мендағы
Ғашық болған дауысың мен сөзіңді.
Кейде сені атқан таңға балаймын
Сені күнде,барлық сәтте қалаймын.
Сені маған тәңірдің өзі берген
Маңдайыма біткен бағым санаймын.
Оның шығармашылығы мұнымен тоқтап қалмайды деп ойлаймын, өйткені бұл жол өзін-өзі танудың, ішкі жан дүниесін жеткізудің бір жолы. Ол – білім мен тәрбие саласындағы үлкен үміт күттіретін жас маман, нағыз көшбасшы.
Жетекшісі:
Тойынбекова Мариям Султанахметовна,
Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің “Педагогика және психология”
пәндерінің оқытушысы.
Тараз қаласы.