ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗДАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНА КӨТЕРІЛДІ
Жамбыл облысында ұстаздар қауымының кәсіби дамуы мен көшбасшылық әлеуетін арттыру мақсатында ерекше форматтағы іс-шара – «МҰҒАЛІМ TALKS» атты TED-алаңы ұйымдастырылды. Бұл жобаны «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы мен Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы бірлесе қолға алып, негізгі демеушілері ретінде партия филиалының әйелдер қанаты мен облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы атсалысты.
TED-алаңы облыс мұғалімдері мен мектеп басшыларының кәсіби және басқарушылық қабілеттерін дамытуды, шығармашылық тұрғыдан өз-өзін іске асыруға жол ашуды, сондай-ақ жаңашыл педагогикалық тәжірибелерді насихаттап, тиімді идеяларды таратуға негізделген. Әлемдік жаһандану жағдайындағы қазақстандық білім беру көшбасшыларының зияткерлік әлеуетін ашу, олардың көзқарасы мен ұстанымын көпшілікке жеткізу алаңның басты бағытына айналды.
TED-алаңына аудандар мен Тараз қаласынан барлығы 17 педагог қатысты. Олардың қатарында 2 мектеп директоры мен15 мұғалім болды. Қатысушылар (250-350 сөз) эссе жазу, іс-тәжірибе негізінде бейнежазба дайындау және ашық ойталқыға қатысу секілді 3 бағыт бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Эссе мен бейнежазбалар үшін «Білім берудегі тиімді көшбасшы: ол кім?», «МҰҒАЛІМ TALKS – менің жаңашыл педагогикалық тәжірибем» және тағы басқа өзекті және шабыттандыратын мазмұндағы тақырыптар таңдалды.
TED-алаңында мұғалімдер мен мектеп директорлары өздерінің жеке кәсіби тәжірибелерімен, өмірдегі қызықты оқиғаларымен, құндылықтарға негізделген білім беру кеңістігін құру жолындағы ізденістерімен бөлісті. Талқылауға ұсынылған тақырыптар қатарында:
• «Ауыл мұғалімінің бір күні»
• «SMART мектеп»
• «Әлемді біліммен әдемі етеміз»
• «Soft skills дағдылары»
• «Табысты мектеп, табысты мұғалім, табысты бала» сияқты бірқатар заманауи және шабыт беретін бағыттар болды.
Қатысушылардың жұмыстары қазылар алқасы тарапынан арнайы талаптар мен бағалау белгілері негізінде сарапталып, үздіктер Бас жүлде, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ Алғыс хаттармен марапатталды.
Атап айтсақ, Тараз қаласы, №39 мектеп-гимназиясының директоры, жоғары кәсібилігімен және терең ізденісімен көзге түскен Гүлнар Раптаева ІІІ дәрежелі диплом және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық, Антон Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, көшбасшылық қабілеті мен шығармашылығы арқылы ерекшеленген Салтанат Кусёва ІІ орын және 70 мың теңге қаржылай сыйақыға және облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі, заманауи педагогиканы меңгеріп, инновациялық тәсілдерді табысты қолдана білген Рауан Жаңабай I дәрежелі диплом және 150 мың теңге қаржыға қол жеткізді.
Ал Бас жүлде мен 200 мың теңге сыйақыны шығармашылық ізденісі мен жоғары дайындығы үшін Қордай ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әлішер Аяпберген еншіледі.
«МҰҒАЛІМ TALKS» TED-алаңы – ұстаздар үшін өз әлеуетін көрсетуге, кәсіби дамуға және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретін ашық алаң. Мұндай жобалар білім беру саласының дамуына тың серпін беріп, ұстаз мәртебесін көтеруге қызмет етуде.
«БШ» — ақпарат.