Ещё один сайт на WordPress

ТӘРБИЕ ӘЛСІРЕГЕН ЖЕРДЕ ТӘРТІПСІЗДІК ӨРШИДІ

0

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ЖІТІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫ МА?

Жуырда Байзақ ауданында облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелерімен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері, медицина саласының мамандары және бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес Байзақ ауданында 2025 жылдың алғашқы төрт айында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жасөспірімдер арасындағы түрлі мәселелердің алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ басқосуда жайсыз отбасынан шыққан және полиция есебінде тұрған балаларға ерекше назар аудару қажеттігі айтылып, осындай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалармен мақсатты түрде профилактикалық жұмыс жүргізу, мектеп психологтарының кәсіби қызметін күшейту мәселелері де көтерілді. Бұған қоса ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, олардың балаларымен қарым-қатынасы мен бақылауына баса назар аударылды.
Жиын барысында Байзақ ауданында бір жылға жетпейтін уақыт ішінде мектеп оқушылары арасында бірнеше ауыр оқиғалар орын алғаны сөз болды. Айталық, кәмелетке толмағандардың арасында өткен оқу жылының аяғында екі оқиға орын алса, тамыз айында 3 құқық бұзушылық, сондай-ақ, қазан мен желтоқсан айларында да оқушылармен орын алған деректер тіркелген. Бұл дабыл қағарлық жағдайлар екені сөзсіз.
Әрине, біз әңгімеміздің әлқиссасын көшпелі отырыстан бастауымыз тегін емес. Өйткені, соңғы жылдар ішінде Байзақ ауданының білім ошақтарын былық жайлап алғаны туралы ақпарат жиілеп кеткені шындық. Олай дейтініміз, ауданда небір жаға ұстататын жағдайлар тіркеліп жатыр. Бұған мектеп басшылығын ғана кінәлау – «жығылғанға жұдырық сілтегенмен» бірдей. Ал мәселенің түп төркінін мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық жүйенің ақсап тұрғанынан көру – «тұманға тас лақтырғанмен» тең.
Өткен жылы Байзақ ауданында болған мына бір жағдай бір отбасының, болмаса бір ауылдың ғана емес, барша жамбылдықтың қабырғасын қайыстырды. Бұл қайғылы оқиға туралы өткен жылдың 25 қазан күні белгілі болды. Ресми мәлімет бойынша, осы күні Түймекент ауылының 15 жасар тұрғыны көше басындағы мұнарадан асылған күйі табылған. Марқұмның мәйітін інісі көше бойында кетіп бара жатып көрген. Ал келесі күні дәл осы көшеде тұратын 16 жасар оқушы өз үйінің қорасында өлі күйі анықталған.
Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, өздеріне қол салған екі жасөспірім ауылдағы Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебінде бір сыныпта білім алған. Алайда алғаш ажал құшқан жасөспірім Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне оқуға түсіп, оқуын облыс орталығында жалғастырыпты. Бірақ достар бір-бірімен байланысын үзбей, күнделікті көрісіп жүрген.
Аталған оқиғаға байланысты Түймекент елді мекенінде орналасқан мектептердің ата-аналарына аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында психологиялық алдын алу және кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметті ұйымдастыру жұмыстары зерделенді.
Бір ауданда араға жыл салмай жатып оқыс оқиғалардың жүйелі түрде тіркелуі аталған бағыттағы жұмыстардың жүйесіздігін анық аңғартып отыр. Оған аудандағы Құмжота ауылының 14 жасар тұрғыны қатарластарының қолынан қаза табуы да нақты көз жеткізді.
Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылдың 30 сәуірінде ауылдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары дәретханада 8 сынып оқушыларын жинап, өз нұсқауларын орындауды талап еткен. Айтқандарына көндіру үшін оларды кеуде тұсынан жұдырықпен ұрып шыққан. Сол кезде бір оқушы кеудесінің сол жақ бөлігінен алған соққының салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Аталған жағдайға өз кінәсі жоқ екенін «дәлелдеу» мақсатында мектеп әкімшілігі «баланың жүрегі ауырады», «өздігінен талып қалды» деген себептер айтқан. Оның адам қолынан қаза тапқаны тек сыныптастарының «соққы алған соң құлады» деп куәлік еткенінен кейін ғана белгілі болған. Ал күдікті қара жамылған отбасы полицияға арыз жазғаннан кейін ғана ұсталған.
Қаза тапқан жеткіншектің ата-анасының сөзінше, ұлы 8 сыныпқа өтіп, таңғы ауысымда оқи бастағанда мектепке барғысы келмей, түрлі сылтау айтатынды шығарған. Кейіннен жоғарғы сынып оқушылары үйінде жұмыс істететінін, қарсылық көрсетсе, ұрып-соғатынын айтқан. Бұл туралы мектеп әкімшілігіне ескертілгенімен, нақты шара қолданылмаған.
Ал жуырда Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аталған іс бойынша айыпталған кәмелетке толмаған 3 оқушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот екі жасөспірімді 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға, ал үшіншісінің бас бостандығын бір жылға шектеуге шешім шығарды. Бұдан бөлек, түрмеге баратын екі оқушының заңды өкілдерінен жалпы 11 млн теңгенің моральдық өтемақысы өндірілді. Алайда марқұм баланың жақындары үкімді жеңіл санап, аппеляцияға бермек.
Осы ретте «неге жасөспірімдердің жағдайы назардан тыс қалды?» деген орынды сауал туындайды. Мұның себебі психолог мамандардың жетіспеушілігінде ме, әлде олардың тәжірибесінің аздығы ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, қазір өңірдегі әр мектепте психологтер жұмыс істеп, оқушылар ғана емес, ата-аналарға да қолдау көрсетеді екен. Бұған қоса «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Даналық мектептері» де ашылған. Сонымен қатар былтыр қыркүйек айында ғана жұмысын бастаған басқармаға қарасты «Облыстық психологиялық қолдау орталығының» басшысы Ришат Райфтың айтуы бойынша, қазірге дейін мекеме тарапынан жалпы саны 134 адамға 38 психологиялық түзету (коррекция) жаттығуы ұйымдастырылып, 96 психологиялық кеңес берілген. Сондай-ақ аудандардағы 200-ге жуық оқу ордасының педагог-психологтерінің жұмыстары зерделеніп, әдістемелік көмекке қол жеткізген.
Әрине, бұл сандардың барлығы көңіл көншітеді. Осы орайда Тараз қалалық білім бөлімі ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Рысбаева мәселенің мәнісін психологтерге жүгінуді әбестік санайтын ата-аналардың көптігімен байланыстырады.
– Кез келген баланың алдында ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары болуы қажет. Егер ата-анадан сол жауапкершілікті алып тастап, барлығын тек мектеп пен басқаларға ысырып қойсақ оның зардабы ауыр болады. Неге екенін қайдам, осыны сезінбейтін жандар әлі де баршылық. Әлбетте, жасөспірімге ұстаздары, ортасы, білім алатын мектебі де белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Дегенмен, баланың қасында көбірек болатын ата-анасы. Мәселен, сіздің бау-бақшаңыз бар дейік. Оны күтіп-баптауға, арамшөбін жұлуға, уақытымен түптеуге және суаруға уақыт бөлесіз. Кейбір ата-аналар бала өсіруге тура бау-бақша сияқты қарамайды. Соған қарамастан мол өнім жинағысы келеді. Ал, балаға да бақша секілді көңіл мен арнайы уақыт бөлу керектігін естен шығарады. Таңнан кешке дейін ата-ананың жұмыс істеп, ақша табуын «бала өсіру» деп түсіну қате. Біз де қазір осындай тәрбие жағы өте ақсап тұр. Соның салдарынан мектеп жасындағы балғындар ғаламтордағы түрлі ойындарға шырмалып, әлімжеттікке ұшырап, тіпті суицидке де барып жатады. Мұның бәрі балалардың психологиясымен дұрыс жүргізілмеуінде болып отыр. Ондай жұмысты жүргізейін десе ата-аналар балаларын психологтерге жетектеп апарғысы келмейді. Себебі, біреулері мұндайды ұят көрсе, енді бірі «оған тек есінен адасқандар қаралады» деп түсінеді. Арасында «қай ата-бабамыз психологке барып еді?» дейтіндер де бар. Рас, «психология» ұғымы қазаққа әлімсақтан бері таныс деп айта алмаймын. Бірақ, қазір заман өзгерді, демек біз де соған қарай бейімделуіміз керек. Қазіргі таңда түрлі жаға ұстатар жайттарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Балаларды содан қорғау үшін психологтің көмегі аса маңызды. Бірақ, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің психологке жеке жүгінуі үшін міндетті түрде ата-анасының келісімі керек. Содан соң мамандар амалсыздан балалармен тек топтық жұмыс жүргізуге мәжбүр. Ал бір мектептегі 300-350 балаға бір ғана психологтен келетінін ескерсек, топтық жұмыстың еш пайдасы болмайтыны белгілі. Шынына келгенде, әрбір ата-ана баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оның жан-дүниесіне тереңірек үңіле білсе бізге ешқандай психологтің де қажеті болмас еді, — деді Ғалия Орынбайқызы.
Тәжірибелі психолог Гүлмира Ғабитқызының да ойы осыған саяды.
– Балалар түгілі, ересектердің өзі психологтың алдына барып, ішіндегісін жайып салуға дайын бола бермейді, жүрексінеді. Өйткені, оған ақтарылып, эмоция мен проблеманы ашып айтуға дағдыланбаған. Сондықтан ішкі жай-күйін реттеу үшін маманға бармастан өзі шешкенді жөн көреді. Әдетте балалар «сабаққа барғым келмейді» деп қиғылық шығарады. Бұлай десе, демек, себебі бар деген сөз. Мұндайда бей-жай қарамай, балаларға проблемасын айтуға үйреткен абзал. Иә, кімге болсын ішіндегісін айту оңай емес. Балаларға да қиын. Осындай жағдайда психологтің көмегіне жүгінуге болады. Тағы бір себебі, көпшілігі психологке баруды психикалық түрде ауру адамның баратын жері деп түсінеді. Болмаса, өзінің әлсіздігі мен дәрменсіздігін мойындағандай сезінеді.
Әйтсе де, ата-ананың да, психолог маманның да өзіндік рөлі, атқаратын қызметі бар. Бірі екіншісінің орнын баспайды. Ата-ана мейірімге қандырып, әлпештеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, махаббатқа бөлеп өсіруге міндетті. Ал психолог болса, өмірдегі түрлі қиындықты, кризис жағдайларды өздігімен не маман көмегімен шешуге бағыт береді. Ата-ана баласын қатты жақсы көруі мүмкін, бірақ балалар мен жасөспірімдер психологиясынан онша хабардар емес делік. Одан қала берді жасөспірімдерге мәселеге басқа қырынан қарайтын да адам қажет болады. Сондықтан баласын психологке апарған ата-ана жаман деген сөз емес. Бұл олардың ата-ана ретіндегі рөлін құнсыздандырмайды. Бар болғаны білікті, білетін маманға мәселенің шешімін табу үшін жүгіну, — деді сала маманы.
Біз жоғарыда арнайы тоқталған оқиғалардың өзі-ақ өңірдегі тәрбие жұмысының ақсап, түптеп келгенде жүйесін түбегейлі өзгертуді қажет ететінін анық көрсетіп отыр. Бұл ретте бар мәселе облыстық білім басқармасына тағайындалғанына көп болмаған Нұрбек Оршыбековтің аталған бағыттағы жұмысты қалай жүргізетініне, білім саласындағы өзгерістерді неден бастайтынына тікелей байланысты.
Тағы бір айта кетерлігі, Байзақта өткен жиын қорытындысы бойынша өңірде орын алған бірнеше резонансты оқиғаларға байланысты және бақылауды әлсіреткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысын жұмыстан босату туралы комиссияның ұсынысын қарау жөнінде шешім қабылданыпты. Басшының ауысуымен барлық мәселе шешіліп кетсе, қанеки?! Бастысы, жоғарыда айтылғандай қаралы хабарлар қайталанбаса игі. Әйтпесе, «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деп, өтері өткен соң опық жеп, бармақ шайнап қаларымыз анық.

Қ.ҚАПТАҒАЙ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.