Ещё один сайт на WordPress

БІЛІМ МЕН СПОРТ ҰШТАСҚАН БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

0

Жуырда Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» ІХ облыстық спартакиадасы өтті.

Президент Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы», Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл, Білім және ғылым салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған додаға 10 ауданның, Тараз қаласы мектептерінің, облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелері ұстаздарынан құралған командалар, сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық университетінің профессор-оқытушылар құрамынан жасақталған ғалымдар командалары қатысып, бұқаралық спорттың 9 түрі бойынша сынға түсті.
Салтанатты іс-шара ІХ спартакиада жалауының көтерілуімен ашылды. Осыдан кейін білім қызметкерлерінің шеруі басталды. Спартакиадаға қатысқан командалардың бұған дейінгі ойындарда жеткен жетістігі мен үздік команда ойыншылары жұртшылыққа таныстырылды.
Келесі кезекте Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, білім және кәсіподақ саласының ардагері, «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» спартакиадасының негізін қалаушы Гүлсін Орынбаева мен білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бұл іс-шараның маңызына тоқталып, командаларға ойында сәттілік тіледі.
Жалпы барлық спорт түрлерін қоса есептегенде облысымыздағы білім және ғылым саласының 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі спартакиадада армрестлинг, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, үстел теннисі, кіші футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд және асық ату түрлері бойынша бақ сынап, бәсекеге түсіп, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе №67 жайлы мектепте волейболдан өткен ойын тартысты өтті. Мұнда ширек финал ойындарынан бастап ақтық ойындарға дейін командалар арасында бәсекелестік пен жеңіске деген ұмтылыс жоғары болды. Жанкүйерлердің демеуі Тараз қаласы мен Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов және Шу ауданы ойыншыларына үлкен сүйеу болды. Осы мектеп базасында өткен тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық ойындары да тартысты өтті.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің технологиялық кешенінің ашық спорт алаңында ерлер арасында кіші футболдан жарыс өтсе, ал №61 орта, №67 жайлы және №24 мектеп-гимназиясында ерлер мен қыздар арасындағы ойындар бәсекеге толы болды. Үстел теннисінен белгіленген жарыстар №67 және №64 мектептерде ұйымдастырылса, бильярд «Тараз Профсоюз Турист» ЖШС-нің базасында, ал жеңіл атлетика, армрестлинг, гір тасын көтеру «Ұлан» стадионында өтті. Бұл ойындарда көзге түскен, тамаша ойын көрсеткен білім қызметкерлері аз болған жоқ.
Тоғызқұмалақтан әйелдер арасында сарысулық Әсем Мұсаахметова мен ерлерден шулық Нұрбол Әлдибайдың бағы жанды. Ал үстел теннисінен әйелдер арасында қордайлық Сәуле Иманалы, ерлерден Асхат Асанов өзгелерден мықты болғандығын атап өткен жөн. Асық атудан ерлер арасында меркілік Қуандық Раев пен Рашид Рыскелдиев үздік шықты. Гір тасын көтеруден 90 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде тараздық Абдрасул Машенов, 90 килограмнан жоғарыда Біріккен комитет өкілі Ерік Мамадияров жақсы нәтижелер көрсетіп, чемпион атанды. Қол күресінен 90 килограмға дейінгі салмақта таластық Мамед Мамедовқа тең келер ешкім болмаса, 90 килограмнан жоғары салмақта байзақтық Ілияс Жансақалов қарсылас шақ келтірмеді.
Ал кіші футболдан өткен финалдық ойын да тартысты болды. Ақтық ойында Байзақ пен Шу командасының арасындағы тартысты ойын көптің есінде ұзақ сақталары анық. Өйткені екі команда да жан салып, аянып қалмады. Нәтижесінде байзақтық ұстаздар жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, байзақтық ұстаздар 90 килограмнан жоғары салмақта гір тасын көтеруден, әйелдер арасында бес асықтан топ жарса, волейболдан ерлер, жеңіл атлетикадан әйелдер 2 орын иеленді. Ал үстел теннисінен ерлер арасында және әйелдер арасында тоғызқұмалақтан 3 орынды місе тұтып, ІХ спартакиаданың жеңімпазы атанып, 1 000 000 теңге жүлде қорын қанжығасына байлады. Ал жуалылық желаяқ ұстаздар 100 метрге жүгіру мен әйелдер арасында бильярдтан 1 орынды қанжығалап, эстафетадан ІІ орынды жеңіп, жалпы командалық есепте ІІ орынды (750 000 теңге) иеленді. Волейболдан финалдық ойында Шудың ерлер құрамасы байзақтық ұстаздар құрамасын жеңіп, өз командасының үздік үштіктер қатарынан табылуына үлестерін қосты (500 000 теңге).
Спорт сайыстарының қорытындысы бойынша «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. «Үздік спорттық киім» номинациясын екінші спартакиада қатарынан жеңіп алған қордайлық құрама команда да сыйлықсыз қалмады. Ұйымдастыру комитеті үздік төрешілік жасаған Марианна Досжанова, Абылайхан Сейдехан, Амангелді Жүсіповты атап өтіп, волейболдан үздік ойыншы деп танылған байзақтық Мөлдір Сейтханова, мойынқұмдық Фарида Сүлейменова, Дулати университетінің оқытушысы Асылбек Умаров пен жуалылық Мамыт Мухановты да Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыс етті.
Алпысты алқымдаса да спорттан қол үзбей келе жатқан шулық Татьяна Колесникова, Т.Рысқұлов ауданынан Есқали Тойлыбай мен Біріккен комитет өкілі Майра Бимұратова «Ардагер спортшы» номинациясымен марапатталды. Кіші футболдан «Үздік қақпашы» атанған байзақтық Еламан Төлегенов, «Үздік қорғаушы» атанған жуалылық Еламан Қалдыбаев пен «Үздік шабуылдаушы» шулық Самат Бұралқиев арнайы сыйлыққа ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.